фото: pixabay.com
Франция төрінде алауы тұтанатын XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына тура 100 күн қалды. Төрткіл дүние көз тіккен төртжылдық дода осы жылдың 26 шілдесі мен 11 тамызы аралығында өтеді.
Осыған орай бүгін елордадағы «Астана» триатлон саябағында «Олимпиада ойындарына 100 күн» атты 5 шақырым қашықтықта қала тұрғындары арасында бұқаралық жүгіру шарасы өтпек.
Айтулы шараға 5 шақырым қашықтықты бағындыра алатын барлық қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады. Жас шектеуі жоқ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша айтулы бұқаралық жүгіру шарасы Олимпиадалық қозғалысты насихаттау әрі олимпиадашаларымыз бен олимпиадалық лицензияларды алуға үміткерлерімізді қолдау мақсатында өтпек.
«Маңызды оқиғаға дейін, XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына ағымдағы жылдың 17 сәуірінде 100 күн қалады. Соған орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары қатыса алатын бұқаралық шарасын өткіземіз. Айтулы шара бұл жарыс еместігін айта кеткім келеді. Бұл бұқаралық жүгіру. Оған барлық тұрғындар қатыса алады»- дейді Астана қаласы әкімдігінің Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов.
Тіркелу кезінде қатысушыларға лотерея билеттері таратылып бағалы сыйлықтар ойнатылады.
Сондай-ақ, бүгін осы шара аясында қол күрес (армрестлинг), арқан тартыс пен гір спортынан жарыстар өтеді.
Естеріңізге сала кетейік, қазіргі таңда Қазақстан спортшылары Париж олимпиадасына 32 жолдама жеңіп алды.
Нақтырақ айтсақ, осыған дейін Қазақстан құрамасы бокстан (ерлер) – 6, нысана көздеу – 5, садақ ату – 4, семсерлесу – 4, тас жолдағы велоспорт – 3, қазіргі бессайыс – 2, таэквондо – 2, бокс (әйелдер) – 1, грек-рим күресі – 1, еркін күрес – 1, спорттық гимнастикадан – 1, батуттағы гимнастика – 1, жеңіл атлетикадан 1 жолдама жеңіп алды.
Жалпы Париждегі Олимпиада ойындарында 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Дереккөз kaz.inform.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через