фото: pexels.com
Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық боксшылар 2024 жылғы Париж Олимпиадасына бес жолдамаға ие болды. Енді ел құрамасы қоржынында ерлерде алты, әйелдерде бір жолдама бар. Алда тағы бір лицензиялық жарыс күтіп тұр. Айтулы аламанда еліміздің атынан қанша былғары қолғап шебері бақ сынай алады? Kazinform осы тақырып бойынша мүмкіндігімізді сараптап, ой-таразысына салып көрген еді.
Жеті жолдама қолда тұр
Жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылдың 26 шілдесінде басталып, 11 тамыз күні мәресіне жетеді. Олимпиада бағдарламасына 32 спорт түрі енгізілген. Дүбірлі додада ерлер 51, 57, 63,5, 71, 80, 92, 92 келіден жоғары салмақта жүлдені сарапқа салады. Ал әйелдер арасында 50, 54, 57, 60, 66, 75 келіде жекпе-жек өтеді.
Әзірге ерлер құрамасы 63,5 келі салмақта ғана жолдамаға қол жеткізе алған жоқ. Италия төрінде бұл салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы жарыс жолынан шығып қалды. Қалған салмақта ел намысын қорғаған Cәкен Бибосынов (51 келі), Махмуд Сабырхан (57 келі) Нұрбек Оралбай (80 келі), Асланбек Шымбергенов (71 келі), Айбек Оралбай (92 келі) жартылай финалға дейін жетіп, жолдаманы еншіледі.
Фото: Қазақстан бокс федерациясыФото: olympic.kzФото: оlympic.kzФото: оlympic.kzФото: olympic.kz
Ал әйелдерде Алуа Балқыбекова (50 келі), Жайна Шекербекова (54 келі), Римма Волосенко (60 келі), Мұхаммедсабыр Базарбайұлы (63,5 келі), Наталья Богданова (66 келі), Валентина Хальзова (75 келі) жарыс жолынан шығып қалды.
Фото: Спортты дамыту дирекциясыФото: Туризм және спорт министрлігі
Сондай-ақ, 2023 жылы Қытайда өткен Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев (92 келіден жоғары) пен әйелдерде Карина Ибрагимова (57 келі) Францияға баратын спортшылар тізіміне еніп үлгерді.
«Бокстан Италиядағы Олимпиадаға іріктеу турнирінде ел құрамасы сәтті өнер көрсетіп, Париждегі дүбірлі додаға жолдама жеңіп алды. Ел жанкүйерлері қашан да боксшылардан үздік нәтиже күтеді. Боксшылар бұл жолы жанкүйерлердің сенімін ақтап, ұлттық құрама қоржынын маңызды лицензиялармен толықтырды. Енді Олимпиадаға дайындықты күшейтіп, Париж төрінде топ жаруларыңызға тілектеспін», - деді ҚР туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Енді тағы лицензиялық турнир 2023 жылдың 23 мамыры мен 3 маусымы аралығында Таиланд астанасы Бангкок қаласында болады. Бұл турнирде қазақстандық боксшылар ерлерде бір, әйелдерде бес жолдамаға таласады.
Жүлдесіз қайтпаған жампоздар
Қазақстан тәуелсіз ел ретінде 1996 жылдан бері Жазғы Олимпиада ойындарына қатысып келеді. Қазірге дейін қазақстандық спортшылар барлығы 71 медальға қол жеткізіп үлгерді. Оның ішінде 15-і – алтын, 20-сы – күміс, 36-сы – қола. Айта кетсек, медальдің үштен бір бөлігін боксшылар алған. Қазақстандық былғары қолғап шеберлері 7 алтын, 7 күміс, 10 қола жүлдеге ие болды.
«Мен ұзақ жылдан бері Қазақстан боксына жанкүйерлік жасап келемін. Қай кезде де олар жанкүйер қауымын лайықты жеңісімен қуантып келеді. Олардың әрбірінің есімі жадымызда жатталып қалды. Сол жеңісті жол алдағы уақытта жалғасын табады деген сенімдемін», - дейді жанкүйер Ғалымжан Тұрсынбекұлы.
- 1996 жылы Атланта Олимпиадасында ел құрамасында бокстан Василий Жиров (81 келі) чемпиондық тұғырға көтерілсе, Болат Жұмаділов (51 келі) күміс жүлдегер атанды. Ал Болат Ниязымбетов (63,5 келі) пен Ермахан Ибрагимов (71 келі) қола жүлдеге қол созды.
- 2000 жылы Сидней Олимпиадасында қоржынға Бекзат Саттарханов (48 келі) және Ермахан Ибрагимов алтын салса, Болат Жұмаділов пен Мұхтар Ділдабеков (91 келіден жоғары) күміс медаль иегері атанды.
- 2004 жылы Бақтияр Артаев (69 келі) чемпион болса, Геннадий Головкин (75 келі) екінші орын алды.
- 2008 жылы ел құрамасынан Бақыт Сәрсекбаев (69 келі) алтыннан алқа тақса, Еркебұлан Шынәлиев (81 келі) үздік үштікті түйіндеді.
- 2012 жылы қазақстандық боксшылар қатарынан Серік Сәпиев (69 келі) чемпион, Әділбек Ниязымбетов (81 келі) күміс, Марина Вольнова (75 келі) және Иван Дычко (91 келіден жоғары) қола жүлдегер атанды.
- 2016 жылы Данияр Елеусінов (69 келі) жеңіс тұғырына көтерілсе, Василий Левит (91 келі) пен Әділбек Ниязымбетов (81 келі) күміс жүлде алды. Ал Иван Дычко (91 келіден жоғары) және Дариға Шәкімова (75 келі) үшінші орын тұғырынан көрінді.
- 2020 жылы (пандемияға байланысты 2021 жылы өтті) өз тарихында алғаш рет алтын және күміс медальға қол жеткізе алған жоқ. Ел құрамасынан Сәкен Бибосынов (52 келі) пен Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) қола жүлдені қанағат тұтты.
Фото: Kazinform
Кімдерге сенім артамыз?
Биыл қазақстандық спортшылар өз тарихында тәуелсіз ел ретінде сегізінші Жазғы Олимпиадада бақ сынауға мүмкіндік алып отыр. Барлығынан да жерлестеріміз жүлдесіз қайтқан жоқ. Бұл жанкүйерлерді қуантады. Әсіресе, боксшыларға артылатын үміт зор. Сондықтан олардың көкейінде «Боксшылар қанша жүлде алады?» деген сауал тұратыны сөзсіз.
Барлығын шаршы алаңдағы жекпе-жек шешеді. Әрине, оған боксшылардың дайындығы, шеберлігі, тәжірибесі керек. Біз қазақстандық барлық былғары қолғап шеберінің жүлделі орыннан көрінгенін қалаймыз. Десе де, Олимпиадаға әлемнің әр қиырынан баратын спортшылар жүлдегерлер қатарынан көрінуге күш салатыны белгілі. Ендеше, қазір жолдамаға ие болған қазақстандық алты боксшының арасынан кім чемпион атануы мүмкін? Қайсысы жүлдегерлер қатарынан көріне алады?
Фото: telzhankuderov парақшасынан алынды
«Бокстан ел құрамасы сапында Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев бұдан бұрынғы Олимпиадаға қатысып, жүлдегерлер қатарынан көріне білді. Қазір олардың жасы отыздан асты, тәжірибе толысты, шеберлігі артты. Ендігі кезекте олар мүмкіндігін мүлт жібермеуге тырысады деген ойдамын. Сондай-ақ, қазір жанкүйерлер Махмуд Сабырханның қабілеті-қарымын, жылдамдығын жақсы біледі. Кейінгі жылдарда Асланбектің де нәтижесі жақсарды. Айбек пен Нұрбек Оралбай сынды боксшылар да ешкімнің ығына жығыла қоймайды деген ойдамын. Мен олардың барлығынан жүлде күтемін. Барлығы да чемпион болуға лайықты», - дейді спорт журналисі Телжан Күдеров.
Енді үш-төрт айдың айналасында Париж Олимпиадасы жалауын көтереді. Айтулы аламанда қазақстандық спортшылардың жоғары табысқа жетуіне сенім артамыз. Олардың қатарында қазақстандық былғары қолғап шеберлері де бар. Әрине, әзірге жолдама санын толықтыра түсуге көңіл бөлгеніміз артық емес.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через