Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олар кімдер?

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар. Олар кімдер?

Біздің елде өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етушілер зейнетақы, медициналық сақтандыру қорларына қаржы аудара қоймайды. Жұмыссыз ретінде тіркелмей, мемлекет тарапынан ұсынылатын жұмыс орындарына бармайтындар – әдетте мемлекеттік саясатқа күмәнмен қарайтындар. Сондықтан, өзін өзі қамтығандар санын азайту үшін азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыруға бағытталған шараларға назар аударған жөн шығар.

Бұл санатқа көшедегі шекілдеуік сатқан адамнан бастап, өзен торуылдап жүрген балықшы да, аң аулап күн көрген орманшы да, ауылдағы "малым жанымның садағасы" деген тұрғын да кіреді. Ресми тұрғыда сипаттасақ, мұндай адамдардың қарасы аздай-ақ. Бірақ құрылыс алаңдарында жұмыс "көлеміне" жалданған, бейресми түрде аудан, қала аралап адам тасыған такси жүргізушілері де, "асарға" барып жүрген отағасы да, үйінде бауырсақ, шелпек, торт, тоқаш пісіріп әлеуметтік желіде сатып жүрген әпке-аналарымыз да, аяқ-киім мен көйлек тіккен шеберлер де, елді ұлан асыр тойға шақырып жүрген асаба да, тағысын тағылары "өзін-өзі жұмыспен қамтыған" халық. Олар өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ретінде ешқашан ресми тіркелмейді. Жұмыссыздардың көпшілігі "жұмыссызбын" деп Жұмыспен қамту орталығына бара бермейдң. Демек, жұмысы жоқ ретінде ресми тіркелмегендер өзін-өзі жұмыспен қамтығандар болып шыға келуі мүмкін.

Сонымен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар деп кімдерді айтуға болады?

Ол жайлы "Халықты жұмыспен қамту туралы" ҚР Заңында былай көрсетілген:

  • Табыс алу үшін тауарлар өндірумен (өткізумен);
  • Жұмыстар мен қызметтер көрсетумен дара айналысатындар;
  • Өндірістік кооператив мүшелері;
  • Отбасылық кәсіпорындардың (шаруашылықтардың) және жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланушы жұмыс берушілер еңбекақы төлемейтін жұмыскерлері.

Оларға нақты мысал келтірер болсақ.

  1. Мал бағып, егін мен бау-бақша егетіндер;
  2. Базар мен пойыз төңірегінде сауда-саттық жасағандар;
  3. Сауда нысандарында арнайы орындары жоқ жеке тұлғалар (арба итергендер);
  4. Фрилансерлер;
  5. Үй қызметкерлері (бала бағушы);
  6. Такси қызметін атқаратындар мен ірілі-ұсақты жекеменшік кәсіпкерлер де бұл қатарға кіреді.

Қысқасы қызметтері ресми құжатта көрсетіле қоймаған, салық төлемейтін, жарна аудармайтындар өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосылады. Екі қолына бір күрек тауып, нәпақасын күнделікті табысынан айырып отырғандар қатары, өкінішке қарай, өте көп. Бірақ олардың дені жағдайын айтып, ресми орындарға шағынуға құлықсыз. Өйткені сөзі өтпейтініне, өтініші аяқсыз қалатынына көзі жеткендей.

Бақытжан  Тұрдықұлов, такси қызметін атқарады:

Жеке көлігіммен  нан тауып жүргеніме 8 жылдан асты. 2015 жылы жұмыстан шығып қалдым. Жасым 50-ден асқандықтан мен барған мекемелердің ешқайсысы жұмыс тауып бере алмады. Соңында ойлана келіп, мынау көлігімді несие арқылы рәсімдеп, сатып алдым. Аптасына бір күн демеламын. Қалған уақытта күні бойы адам тасимын. Құдайға шүкір, несиемді де төлеп жатырмын, отбасымды да асырап отырмын. Табысқа кенелмесем де, ешкімге алақан жаймай күнелтіп жатқаныма қуантамын. Алайда маған ауыруға болмайды. Медициналық сақтандыру қорына ай сайын ақша аудармаймын. Егер сырқаттансам мемлекеттік емханалар тегін қарамайды. Ал ақылы клиникалардың бағасын өзіңіз білетін шығарсыз. Согндықтан кейде ауыра қалсам, халық емін қолданып, тезірек жазылып кетуге тырысамын.     

   

Зульфия Тохтахунова: тігінші:

Мен Алматыдағы, жұрт «Барахолка» атап кеткен базарда, мата сататын бутикте тігінші болып істеймін.  Үйіне ілуге перде сатып алғандар менің қызметіме жүгінеді. Перделер тігемін. Тапқан табысымның бір бөлігін бутиктің иесіне беремін. Себебі маған 3 шаршы метр жер бөліп береді. Жарық үшін, жалақысын төлемеймін. Тігін тігіп тапқан ақшаммен бөлісемін. Арызданып жатқаным жоқ, қазір нарық заманы. Әркім тырбаңдап өз күнін көріп жатыр.  Егер осында перде тікпесем, екі қызымды қалай асырайтын едім. Олардың бірі студент, екіншісі мектепте оқиды. Қыз балалар болған соң оларға аса алаңдамаймын. Өздері тамағын жасап, үйді тазалап отырады. Мен тек жұмысымды істеймін. Бірақ COVID-19 тараған кезде қиын болды. Жұмыс тоқтады, ақша жоқ, сол кезде қатты қиналдық. Үйде отырып тапсырыс алдым. Бірақ көп болмады. Айына бір тапсырыс шығып қалса, қуандық.      

Айдос Ескендір. Көлік жуушы:

Алматыға Кентау қаласынан келдім. Мұнда істеп жатқаныма 7 ай болды. Өзім тіс технигімін. Мамандығым бойынша жұмыс табылса, қуана ауысамын. Бір-екі жермен сөйлесіп едім, үміттендіріп қойды. Күтіп жүрмін. Енді күнделікті ақша табу үшін осында уақытша істеп жатырмын. Бір жыл бұрын үйленгенмін. Келіншегім қаладағы мектепте жұмыс істейді. Өзіміз пәтер жалдап тұрамыз. Менің табысым пәтер жалдауға жұмсалса, әйелімнің айлығына тамақ, басқа да керек-жарақ аламыз. Ауылда игерген кәсібіме сай жұмыс болмаған соң арман қуып Алматыға келген едік. Болашақта бәрі жақсы болады деп үміттенеміз.     

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мемлекет тарапынан жұмыссыздықтан қолдау алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша жұмыспен қамту органдарына жүгінуге құқылы. Егер сіз жұмыссыз болсаңыз "Жұмыспен қамту орталығына" барып тіркеліңіз. Әйтпесе, өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тізіміне ілігіп қалуыңыз мүмкін. Онда сізді қабілетіңізге қарай, белгілі бір мамандыққа оқытып, жұмысқа орналасуыңызға септігін тигізеді. Содан кейін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына қосыласыз. Толығырақ түсіндіре кетсек.

"Жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту" бағдарламасы үш бағыттан тұрады. Бірінші бағыт – техникалық, кәсіптік біліммен және қысқа мерзімдік оқумен қамтамасыз ету. Олардың барлығы шәкіртақымен, күнделікті бір реттік ыстық тамақпен және жолақымен қамтылған.

Екінші бағыт жаппай кәсіпкерлікті дамытуды көздейді. "Бастау бизнес" жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздері үйретіледі. Осыны оқығандар "шағын несиеге" қол жеткізіп, өз кәсібін аша алады. Якорлық кооперацияға басымдық беріліп отырғанын да айта кеткен жөн.

Үшінші бағыт халықты жұмыспен қамтиды. Бос жұмыс орындарына жұмысқа орналастырылады.

Жалпы бұл мәселе әлемнің өзге елдерінде қалай шешімін тапқан? Дамыған елдердегі "өзін өзі қамтығандармен" біздің елдегілерді салыстыру қиын

– Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз ететіндер саны еңбек күшінің 26 пайыз болса, дәл осындай көрсеткіш Италия мен Кореяда бар. Оларда да 25-26 пайыз. Ал АҚШ пен Канадада мұндай топқа кіретіндер – 10, Жапония, Финляндия мен Ұлыбританияда – 15 пайыз.

Алайда, дамыған елдердегі "өзін өзі қамтығандар" жәйімен посткеңестік елдердегі жағдайды салыстыруға келмейді. Оларда нақты шағын кәсіпкерлікпен тұрақты түрде айналысқандықтан бірыңғай жинақ төлемін аударып отырады.

Мысалы, Германияда жұмыс істемейтіндерге жәрдемақы тағайындалады. "Қанша жұмыс орнына барып өтініш жаздың? Қаншасы сенің өтінішіңді кері қайтарды?" деген деректерді тексеріп, қадағалап отырады. Қосымша табыс келген болса, ол табыстың қайдан келгенін анықтай алады. Ал, бізде ондай мүмкіндік әлі қалыптасқан жоқ қой,

Ресми дерекке сүйенсек, Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан экономикасының түрлі салаларында 8,8 миллион адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 6,7 миллион адам жалдамалы жұмыс істеген (экономикадағы жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,1 пайызы), өзін-өзі жұмыспен қамтығандар - 2,1 миллион адам (жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 23,9 пайызы).

"Жұмыссыздар саны 453,1 мың адам. Жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз - 4,9 пайыз. Жұмыссыз, жұмыс іздемеген немесе жұмыс істеуге дайын емес 63,1 мың адам", - деп хабарлады бюро.

15 пен 28 жас аралығындағы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,9 пайыз, жұмыс істемейтін және біліммен немесе оқумен айналыспайтын жастар үлесі 6,7 пайыз.

2022 жылдың сәуір айының соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыспен қамту органдарында 193 мың жұмыссыз тіркелген.

Анықтама: Халықаралық еңбек ұйымының әдіснамасы бойынша жұмыссыздар - бұл жұмысы жоқ, оны белсенді іздеген және оған кірісуге дайын адамдар.

Фото: kapital.kzmalim.kzyvision.kz