Өзге елдер сыбайлас жемқорлықпен қалай күреседі

Өзге елдер сыбайлас жемқорлықпен қалай күреседі
фото: pixabay.com

Сыбайлас жемқорлық жеке тұлғалардың заңсыз жолмен дәулет жинауы немесе қызмет бабын жеке басының пайдасы үшін пайдалану ғана емес, бұл ұлттық қауіпсіздікке төнген қауіп. Мұндай заңсыздыққа мемлекетке опасыздық, табиғатты пайдалану, жер пайдалану, өнеркәсіптік қауіпсіздік, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы құқық бұзушылықтар жатады.

 Әлемнің әр түрлі елінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің өзіндік жүйесі бар. Енді солардың кейбіреулерінің тәжірибесін қарастырайық.

 Сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі

Алдымен, әртүрлі елдерде сыбайлас жемқорлық деңгейі қалай «өлшенетінін» айтайық. Transparency International халықаралық ұйымы 1995 жылы CЖҚИ – сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін қолдануды ұсынды.

 Бұл сарапшылар мен кәсіпкерлер қатысқан сауалнама нәтижелері бойынша есептелетін жиынтық көрсеткіш. Оларға мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлық деңгейін бағалау ұсынылады.

Жиынтық ақпарат негізінде ел 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша рейтингке ие, мұнда 0 – сыбайлас жемқорлықты қабылдаудың ең жоғары деңгейі («оған үйрендім»), ал 100 – ең төменгі (сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік).

 Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің негізгі тәсілдері

Бұл салада бірегей әдістер ойлап табылған жоқ. Барлық ел негізінен үш тәсілді қолданады:

 Жауапкершілікті күшейту.

Алдын алумен айналысу: пара алу және пара беру фактілерін анықтау жүйесін құру, лауазымды тұлғалардың кірістері мен шығыстарын бақылау, мүдделер қақтығысын анықтау және болдырмау.

Сыбайлас жемқорлық жол беру мүмкін болмайтын заңнамалық жағдай жасау: мысалы, нормативтік құқықтық актілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізу, лауазымды тұлғаларға тұрақты ротациялау тәжірибесін жүргізу.

Басқа тәсіл бар – сыбайлас жемқорлықты мемлекеттік жүйенің бір бөлігі деп санамау. Бірақ, Венесуэла мен Филиппин тәжірибесі көрсеткендей, мұндай саясат халық толқуларына және үкімет басшыларының жиі ауысуына әкеледі.

 Сыбайлас жемқорлықпен әлі де күресіп жатқан елдер қандай тәсілдерді қолданатынын қарастырайық.

Фото pixabay.com. 

Қытай – 45 ұпай және 2021 жылғы CЖҚИ бойынша 67 орын.

Аспан асты елінде жемқорларға қатысты ең қатаң заң қабылданған - пара алу үшін өлім жазасы қарастырылған.

Қытайда сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін жазалардың ауқымы өте кең:

пара беру немесе алу – 5 жылға дейін;

көп сомадағы пара – мүлкі тәркіленіп, 10 жылдан өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін;

мемлекет мүлкін ұрлау – өлім жазасына дейін;

Егер қылмыскер сот алдында кінәсін мойындап, өкінсе, ол жазадан босатылуы мүмкін.

Қытай күресінің нәтижелері өте қарапайым. 2000 жылдан бері Қытайда 10 мыңға жуық шенеунік жемқорлық үшін өлім жазасына кесілді, тағы 120 мыңы 10-20 жылға бас бостандығынан айырылды. 2013-2018 жылдар аралығында Қытайда сыбайлас жемқорлық үшін сотталған 1,34 миллионға жуық шенеунік жазаланды.

90-жылдардың ортасына дейін Қытайдың мемлекеттік кәсіпорындары «мемлекет ішіндегі мемлекет» ретінде өмір сүрді. Өнімдерді нарықтық бағамен өткізіп, мемлекеттік бағаның айырмасын өздеріне қалдырды. Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілер мен экономика секторының кірістері арасындағы айырмашылық ондаған есе болатын жағдай қалыптасты. Сонымен қатар, шенеуніктердің әрқашан бизнес үшін «қызықты» өкілеттіктері болды. Мұндай жүйеде пара алудан бас тарту қиын.

Қытай қоғамына тән қасиет – гуанси. Бұл қандай да бір көмек көрсете алатын құрметті адамды «жұбату» үшін сыйлықтар, тартулар жасау. Гуанси шенеуніктер арасында ғана емес, қарапайым халық арасында да қалыптасқан.

  

Фото pixabay.com.

Сингапур – 85 ұпай және 4-орын

Бұл елдегі жемқорлық репрессиялық машинаның арқасында жеңілді деген миф бар. Сарапшылар науқанның сәтті өтуін ең алдымен заңнамалық өзгерістермен байланыстырады.

 Сонау ХХ ғасырдың 60-жылдарында жемқорлық мемлекеттің бір бөлігі болды. Көрсеткіштік мысал ретінде айтсақ, сол кезде патрульдік полиция жүк көлігі жүргізушілерінен күн сайын пара алатын. Төлеуден бас тартқандар шексіз айыппұлдар арқалады.

Сыбайлас жемқорлыққа мемлекеттік қызметшілер мен жеке сектор арасындағы табыстың үлкен айырмашылығы да себепкер болды.  Сонымен қатар, бұлыңғыр және күрделі заңдардың өзі заңсыз схемалар мен ақшаны жылыстатудың пайда болуына ықпал етті.

 60-жылдары Сингапурда сыбайлас жемқорлыққа қарсы кең ауқымды күрес басталды:

 Мемлекеттік қызметшілердің мәртебесі мен өкілеттіктері өзгертілді. Барлық шенеунік кірістерін ғана емес, шығыстарын да жариялайды, егер олар орындалмаса, тексеру жүргізіледі. Бұл жағдайда қызметкердің туыстары ғана емес, достары да тексерілді.

Шенеуніктерге сыйлық алуға тыйым салынды. Ресми құжаттардағы немесе жария мәлімдемелердегі қателер қатаң жазаланды.

Бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат белсенді түрде насихаттала бастады. Бұқаралық ақпарат құралдарының үгіт-насихат жұмыстары мен қылмыстық істерді жария түрде жариялауына байланысты жосықсыз шенеуніктер, сондай-ақ олардың туыстары Сингапурда жұмысқа орналасу мүмкіндігін іс жүзінде жоғалтты.

Елдің басты ерекшелігі – Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы (СЖТБ). Бұл құрылым орасан зор өкілеттіктерге ие және кез келген деңгейдегі қызметкерлерге қатысты тексеру жүргізе алады. Осы жылдар ішінде мемлекет басшысы мен оның отбасы мүшелерінің әрекеттері тергеу нысанына айналды.

 СЖТБ сот шешімінсіз күдіктілерді ұстауға, кез келген үй-жайға кіруге, банктік шоттарды және жеке мәліметтерді қосымша рұқсатсыз тексеруге құқылы.

 Айта кетейік, Сингапур тәжірибесін Қазақстанға толық қолдану қиындау секілді. Елдер көлемі жағынан тым әртүрлі. Қазақстанда  Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросы сияқты құрылым құру көптеген тәуекелдерді тудырады. Біріншіден, әрбір аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. СЖТБ -нің жергілікті өкілдіктері жергілікті элитамен бірігуі мүмкін және құрылымның мәні жоғалады. Екіншіден, СЖТБ филиалы тиімділігін жоғалтып, тағы бір ыңғайсыз бюрократиялық алпауытқа айналу қаупі бар.

 

Фото pixabay.com.

Дания – 88 ұпай және 2021 жылғы рейтингте 1 орын

Дания жыл сайын жемқорлық деңгейі ең төмен елдердің үштігіне кіреді. Сарапшылар бұл тұрақтылықты Дания заңнамасымен байланыстырады. Бұл елде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы 20-ға жуық заң әрекет етеді, олардың негізгісі – «Сыбайлас жемқорлық туралы» Заң.

 Дания тәжірибесінде не қызықты:

 Компаниялар мен мемлекеттік органдар бірлескен жобаларды жүзеге асыру кезінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік және сыбайлас жемқорлықтың кез келген көріністерімен күресу туралы бірлескен келісімдер жасайды. Мысал ретінде – «параны пайдаланбау туралы декларация» атты құжатты атап өтсек болады.

Лауазымды тұлғалардың қызметін депутаттар мен азаматтар бақылайды. Әрбір Парламент депутаты кез келген министр туралы ақпаратты сұрауға құқылы. Ал азаматтардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары туралы күдіктері туралы құқық қорғау органдарына, оның ішінде жасырын түрде хабарлауға құқығы бар.

Мемлекетке зиян келтіретін бастамаларды қолдауға жол бермеу үшін мемлекеттік қызметшілерге шетелдік компаниялардың акцияларын ұстауға тыйым салынады. Сондай-ақ Данияда шенеуніктердің табыстарын ашық жариялауға тиіс. Салық органдары оларды шығындармен салыстырады және салық төлеуден жалтару фактілері ретінде сәйкессіздіктерді тексереді.

Шенеуніктерге сыйлық ұсыну Дания заңы бойынша пара ретінде қарастырылады.

 

Нәтиже қандай?

Басқа елдердің тәжірибесі нені үйретеді? Сыбайлас жемқорлықпен күресте табысқа жету «жазалау + алдын алу + ашық заңдар мен рәсімдерді» жүйелі түрде қолдану арқылы ғана мүмкін болатынын көрсетеді. Жазбадағы әрбір өзгеріс өз «ізін» қалдыратын лицензиялар мен сертификаттардың сандық тізілімдері; электронды кезек және көптеген сертификаттың жойылуы өкілеттіктерді теріс пайдалану ықтималдығын азайтады.

 Сондай-ақ дамыған мемлекеттер демократиялық институттар мен күшті азаматтық қоғамға ерекше көңіл бөледі. Біріншіден, бұл елдерде  сыбайлас жемқорлық жанжалына күдікті шенеунікті қайта сайламайды; егер бұл орын алса, шенеуніктер әдетте өздері отставкаға кетеді. Екіншіден, келеңсіздіктерді кеңінен жариялап, тергеу жүргізетін тәуелсіз БАҚ бар. Көптеген шенеунік бұқаралық ақпарат құралдарының назарына ілігуден қорқады, себебі аяғын шалыс басса беделінен де, дәулетінен да айырылатындарын  түсінеді.  

1995 жылы Ұлы­британияда Нолан комиссиясы жемқорлықтың алдын алатын 7 қағиданы қабылдаған. Олар: Риясыздық. Сатылмастық. Әділдік. Есептілік. Ашықтық. Арды, абыройды сақтаушылық. Осы қағиданы сақтаған елдерде сыбайлас жемқорлықтың тамырына балта шабылатыны сөзсіз.