фото: https://bugin.kz
Отбасындағы мәселелер мен оны шешу жолдары
Отбасындағы жанжал – жанұя мүшелерінің белгілі бір жағдайда қарама-қарсы пікірде болып, өзара түсініспеуі. Отбасындағы әр адамның мінез-құлығының, қызығушылығының түрлі болуынан, мүдделерінің сәйкес келмеуінен проблемалар туындайды. Бұл мәселелер дер кезінде шешілмесе, жағдай одан әрі ушыға түседі.
Отбасындағы келіспеушіліктер әр түрлі болуы мүмкін. Әсіресе, ерлі-зайыптылар арасындағы және балалар мен ата-аналар жанжалы жиі кездеседі.
Ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілік
Ерлі-зайыптылар арасындағы даулы мәселелер, көбінесе, қажет дүниелердің жетіспеуінен басталады. Сондай-ақ:
- жұбайлардың бір-бірінің көзқарасын сыйламауы;
- көңіл бөлмеу, қамқорлық сезінбеу;
- үй шаруашылығына қатысты келіспеушіліктер;
- бірге бос уақыт өткізе алмау, хоббилерінің әртүрлілігі;
- туыстарына деген қарым-қатынас;
- өз талаптарын еркін айта алмау;
- сенімсіздік пен қызғаныш – ерлі-зайыптылар арасында түсініспеушілік пайда болуына себептер.
Психологтардың пікірінше, отбасындағы жанжалдар тұрмыстық мәселелерге қарағанда эмоционалды-психологиялық себептерден жиірек туындайды.
Жалпы типология бойынша барлық отбасындағы түсініспеушіліктер конструктивті және деструктивті, шынайы және жалған, айқын және жасырын болып бөлінеді. Сонымен қатар ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасына бірнеше факторлар да әсер етеді. Оны төрт дағдарыс кезеңге бөліп қарастырады:
Бірінші кезең отбасылық өмірдің бірінші жылымен байланысты: ерлі-зайыптылар бір-біріне бейімделу кезінде өзара түсінісе алмауы мүмкін.
Екінші кезең баланың пайда болуымен байланысты: тәрбие процесінде көзқарас пен пікірдің сан алуандығы да жанжалға негіз болады.
Үшінші кезең отбасылық жұптың бір-біріне үйренісіп, монотонды өмір сүруі барысымен байланысты болып келеді.
Ал төртінші кезең, көбінесе, 20-25 жылдық неке өмірден кейін пайда болады. Бұған қартаю және балалардың жан-жаққа кетуі, соның әсерінен ерлі-зайыптылардың өзін жалғыз сезінуі басты себеп деуге болады.
Ата-ана мен бала арасындағы жанжалдар
Отбасындағы жиі кездесетін түсініспеушілікке ата-ана мен бала арасындағы ұрыс-керіс жатады. Бұған ерлі-зайыптылар арасындағы өзара келісімнің болмауы тікелей әсер етеді. Сондай-ақ:
- балаларға қойылатын талаптардың жоғарылауы, тыйым салу және жиі жазалау;
- көңіл бөлмеу;
- олардың қызығушылығын білмеу;
- баланың шекарасынан аттау, т.б. себептер баланың ата-анаға деген ренішін туындатады. Әсіресе, жасөпірімдердің құбылмалы мінез-құлқына, әрекетіне ата-ана түсіністік танытқаны жөн. Сонымен қатар балалар да ата-анасының түрлі мәселелесін түсінбей, соңы дау-дамайға ұласып жатады.
Отбасындағы жанжалдарды шешу жолдары
Кез келген жанжалда бір ғана тарап кінәлі болмайды. Сол үшін мәселені шешуде екі жақ та жауапкершілікті өз мойнына алуға тиіс. Сонда ғана дау-дамай кезінде бір-бірін кінәламай, ой-пікірін, мінез-құлқын қабылдап, өзара түсініседі.
Сондай-ақ отбасы тәрбиесінде ата-аналар өздерінің педагогикалық мәдениетін арттыруы керек. Соның нәтижесінде олар балаларының психологиялық ерекшелігін, жасына байланысты психоэмоционалды күйін ескеруді үйренеді.
bugin.кз
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через