фото: golos-naroda.kz
Былтыр 40-қа жуық отандық фильм түсіріліп, оларды 1 миллионнан астам көрермен тамашалаған. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 30 пайызға көп. Биыл тағы біршама ұлғаюы мүмкін. Қазақ тіліндегі фильмдерге сұраныстың артуына байланысты жеке студиялар отандық туындылар санын көбейтпекші. Ал кәсіпкерлер кинотеатрлар санын арттыруға ниетті.
Қазақ киносы десе, бірден «Менің атым қожа», «Біздің сүйікті дәрігер», «Қыз жібек» сынды алтын қорға енген туындылар еске түседі. Бірақ бүгінгі таңда көрерменнің талғамы өзгерген бе, нарықты «комедия жанры» жаулап алды.
Кино түсіретін жеке студиялар сұранысқа қарай жұмыс істейтіндіктерін алға тартады. Ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр отандық фильмдерді кинотеатрға келіп тамашалайтындар саны 2019 жылғымен салыстырғанда 30 пайызға артқан.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Былтыр еліміз бойынша 1 миллионнан астам адам отандық фильмдерді тамашалаған. Ал билеттерден кассаға 9 млрд астам қаражат жиналған. Биыл бұл көрсеткіш біршама артады дейді мамандар. Өйткені жылдың соңына дейін 60-тан астам туынды көрермен назарына ұсынылады.
Алмаз Малдыбаев, кинотеатрлар желісінің жетекшісі:
2021 жылы 20-дан астам кино шықты. 22 жылы 38-40 кино шықты. Қазір жылдың жартысына дейін 32 кино көрсеттік. Жылдың аяғына дейін 35 кино жарық көреді. Сонымен қазақ киносының түсірілімі жылына екі есе өсіп отырады. Негізі қазақ нарығының потенциалы 150 кино деп есептейміз. Сондықтан біз ол межеге жеткен жоқпыз.
Киносарапшылар отандық туындылардың сапасы әлі күнге ақсап тұрғанын айтады. Десе де ұлттық кино саласында алға жылжу байқалады дейді.
Айлма Айдар, киносарапшы:
Өзім де отбасыммен кино көруге барамыз. Зал толы болады. Ол тенденция ретінде сұраныс болмаса, фильмдеріміз өтпесе, коммерциялық фильмдер түсірілмейтіні аян. Енді жалпы қазақ киносында болып жатқан тенденцияларға қарайтын болсақ, «10» деген баға берер едім.
Қазақ киносы нарығындағы сұраныс жылына 150 фильм. Дегенмен оны түсіріп, көрерменге көрсетуге мүмкіндік жоқ дейді мамандар. Өйткені елде кинотеатрлар жетіспейді. Барлық қалалардағы кинотеатрларды санасақ, 500-ге жетпейді екен. Оның 150-і Алматыда. Сондықтан жеке кәсіпкерлер олардың санын көбейтпекші. Айта кету керек, жуық арада жеке кәсіпкерлер «Қазақ фильммен» меморандумға отырып, шет елдік туындыларды қазақ тіліне дубляждау және тарихи драма сынды жанрлардағы туындыларды түсіруді қолға алмақ.
Дереккөз qazaqstan.tv
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через