Орталық Азияда құрғақшылықтың беті қайтпай тұр

Орталық Азияда құрғақшылықтың беті қайтпай тұр

Орталық Азия елдерінде күн қатты ысып, ауа температурасы көптеген жылдың рекордын жаңартты. Биыл өңірде жаңбыр жаумаған, су деңгейі де төмендеп кеткен. Қуаңшылық кесірінен экономикалық проблема туындады. Өңірдегі құрғақшылық зардабы шаруалар мен малшыларға ғана емес, қарапайым адамдарға да тиіп жатыр. Халық орашолақ әрекеттерге жауаптыларды, проблеманың шешілмеуіне кінәлілерді іздеп әлек.

Қатты қуаңшылық ең алдымен шаруалар мен малшыларға ауыр тиеді.

Қазақстанның көп бөлігінде мал жайылымға шыға алмай, жем-шөп күрт қымбаттады. Бірер ай бұрын "малшылар жылқыларына картон қағазын беріп жатыр" деген ақпарат та шыққаны есіңізде болар.

Қырғызстанда алғаш болып Шу ауылының шаруалары дабыл қақты. Олардың еккен егіні өсіп шыққанымен, су жетіспей, қурай бастаған. Өзбекстанның Наманған облысындағы Давлатабад және Турақорған аудандарының фермерлері суға таласып жатыр. Сондай жанжалдардың бірінде басы жараланған бір фермер қаза тапты.  Шаруалар мен малшылар су тапшылығын бәрінен бұрын сезінеді. Бірақ Тәжікстанда қуаңшылықтың не екенін қала халқы енді білгендей.

Азаттықтың Тәжік қызметі – Озоди Тәжікстандағы ең үлкен қалалардың бірі Кулябта тұратындар су проблемасына тап болғанын хабарлады. Олар пластик бөтелкелермен қоғамдық каналдардан су алып, пәтеріне тастауға мәжбүр.

Күндердің күнінде қуаңшылық аяқталағанымен, су проблемасы бәрібір жойылмайды. Климаттың өзгеруінен күн ысып, мұндай қиындық болашақта да болады.

1990 жылдары Орталық Азияда 8 миллион адам болса, бүгінде 75 миллион адам бар. Қазіргі өсім сақталса, 2030 жылы 80 миллионға жетуі мүмкін.

Орталық Азия елдерінің шенеуніктері су тапшылығын шешу үшін құдық қазуға уәде берді. Маңғыстауда мұнай ұңғымаларын бұрғылауды тоқтатып, сол құрылғыларды су қазуға пайдалануды сұрап жатқандар бар. Бұл ұсыныс Орталық Азиядағы ең маңызды байлықтың не екенін еске салып тұрғандай.

Дерек көзі: Азаттық Радиосы кз. сайтынан  қысқартылып алынды