"Оразаңды бұзсаң, Iphone 13 беремін". Бүгінде әлеуметтік желіде тараған, осы тектес ессіз видео көпшіліктің ашуын тудырды. Тіпті, авторды жерден алып жерге салып жатқандар көп. Психолог маман, мұндай видео түсіретіндер басынан өткен қиындықтарды жеңу үшін, адамдарды алдап, сынау арқылы ләззат алады, дейді. Пранк түсірушілерге дін өкілдері де қарсы.
Рамазан айында ұстаған оразасын бұзып, су ішуді сұрап жүргендер мұнымен шектелмейді. Қаншама блогер осы сарында пранк түсіріп жүр. Бәрінің мақсаты бір: арзан күлкі, жөнсіз ойын. Тұрғындардың шыдамын сынау үшін де қымбат сыйлықтары дайын. Дәл осындай ессіз қалжыңды желі қолданушылары ұят деп бағалайды, деп хабарлады Астана телеарнасы. Психолог Ғалияш Мақашова пранк жасаушыларды "шынайы емес, қағаз адамдарға" балады. Олар алға қойған мақсатына жету үшін адамдардың ұстанымын таптап өтуге дайын. Тіпті, әзіл арқылы тұрғындарды депрессияға ұшыратады , дейді. Сондай-ақ олардың уәде етілген сыйлықты бермеуі де мүмкін екенін жеткізді.
Ғалияш МАҚАШОВА, ПСИХОЛОГ: Енді ең қызығы сол "қағаз адамдардың" өзіне сондай тәжірибе жасалатын болса, олар бірден күйреп кетеді. Неге сіз адамдарды сынауға дайын тұрасыз деп өзіңізге сұрақ қойыңыз. Тіпті, пранкты сылтау қылу арқылы сіз адамдарды сынап ол адамдарды сындырған кезде неге ләззат аласыз. Мүмкін, сізді де көп сындырған шығар өміріңізде. Дінмен, намазбен, оразамен әзілдесу үлкен күнә. Ол адамды күпірлікке әкеп соқтырады, дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі. Сөзінше, мұндай жосықсыз әзілдің соңы жақсылыққа апармайды.
Хасан АМАНҚҰЛ, ҚАЗАҚСТАН МҰСЫЛМАНДАРЫ ДІНИ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ӨКІЛІ: Күлгісі келеді қалжыңдағысы келеді, бірақ, бәрі орнымен болуы керек. Ал, қазіргі біздің қолданып жатқан немесе соны видео арқылы түсіріп таратып жатқан пранктардың көбісі, жалпы барлығы шариғатқа қайшы деп айтамыз. Оразаңды бұзсаң, Iphone 13 беремін": оразамен әзілдесу үлкен күнә.
Фотосурет www.youtube.com алынды
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через