Ғимараты жаңарған әуежай заманауи технологияларды қолдана отырып, халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. Әуежайға биыл туғанына 100 жыл толуына орай Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметованың есімі берілді.
Жаңадан салынған әуежай өңірдегі туризмнің дамуына, жолаушылар ағынын ұлғайтуға, жаңа халықаралық бағыттарды ашуға, әуе көліктері арқылы жүк айналымын арттыруға қуатты серпін бермек.
Ғимараттың салтанатты ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в компаниясының бас директоры Джанкарло Рую, «KazConstructionGroup» ЖШС бас директоры Мұратбек Мұхамбедиев қатысты.
Кез келген дерлік қаламен танысу оның бас әуе қақпасы – аэропорттан басталады. Осыған дейін жөндеу көрмеген қалалық әуежай қала тұрғындары мен қонақтарына біраз қолайсыздық келтіргені белгілі. Заманауи әуежай кешенінің іске қосылуы облыс тұрғындары үшін ғана емес, бүкіл еліміз үшін елеулі оқиға саналса, халықаралық әуежай терминалы – күрделі нысан болып табылады. Бұл насынды жергілікті құрылыс компаниялары салынғандығын ерекше мақтанышпен айтамын. Осыған орай, әуежай құрылысына қолдау білдірген барлық мердігерлерге, құрылысшыларға және жақсылықты сабырлылықпен күтіп, қиындықты бірге еңсерген барша жерлестеріме зор алғысымды білдіремін, – деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев алдағы уақытта әуежай шетелдік авиакомпаниялардың ұшуы үшін «Ашық аспан» режиміне қосылатынын, бұл шетелдік туристер ағынын тартуға ықпалын тигізетінін атап өтті.
Халықаралық әуежай терминалы ғимараты аумағы 10 000 шаршы метрге дейін ұлғайған. Нысанда жолаушылардың жүктері мен өзін-өзі тіркеуге арналған құрылғы қойылған. Бұл қызмет көрсету сапасын 600-ге арттырмақ. Сондай-ақ алдағы уақытта жаңа рейстер ашу көзделуде. Жаңа заманауи жүйе енгізілген әуежайдың аумағы толығымен абаттандырылып, жолаушылардың демалысы мен тынығуы үшін саябақ та салынған. Автотұрақ орындарының саны 120-ға жеткен.
Сонымен қатар жолаушылардың күту залында ана мен бала, мүгедектерге арналған арнайы бөлмелер жасақталған. Әуежай құрылысына пайдалынылған қажетті материалдардың 60%-ы қазақстандық өнім.
Айта кетейік, әуежай тәжірибелік пайдалану режимінде жұмыс істейтін болады. Тәжірибелік пайдалану кезеңінде барлық жаңа жабдықтар бір уақытта сыналмақ.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через