Теміртауда оқушы сабақтан үйіне ерте қайту үшін мектепте жарылғыш зат орнатылды деп хабарлаған.
14 желтоқсан күні сағат 13.00 шамасында Қарағанды облысы Теміртау қалалық Төтенше жағдайлар басқармасына белгісіз бала хабарласып, №20 мектепті жарамын деп мәлімдеген. Қарағанды облыстық Полиция департаментінің жедел кезекшісі оқиға орнына саперлер мен барлық жедел қызметтерді жіберді.
Мектептен мұғалімдер мен оқушылар, барлығы 500 адам эвакуциялады. Сондай-ақ мектептің айналасын полиция қызметкерлері қоршауға алды.
Білім беру мекемесіне жүргізілген тексеру жұмыстары барысында оның ішінен ешқандай жарылғыш зат анықталған жоқ. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Теміртау қалалық Полиция басқармасы экстремизмге қарсы күрес бөлімі қызмектерлері жүргізген кешенді іс-шаралар барысында сол мектепте оқитын 12 жастағы оқушы анықталды. Ол үйіне ерте кету үшін мектепте жарылғыш зат бар деп хабарлағанын түсіндірді.
Қазақстанда терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бес мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi (бүгiнде – 14,5 миллион теңге) айыппұл салуға немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ шектеуге немесе бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұл қылмыс үшін 14 жасқа толған адамдар қылмыстық жауапкершілікке тартылады, сондықтан мұны мектеп оқушылары да есте ұстауы керек.
Сонымен қатар сот шешімі негізінде мұндай хабарламадан келтірілген шығындар мен барлық шығын өтелуі тиіс. Егер мұндай әрекеттерді кәмелетке толмағандар жасаса, онда келтірілген зиянды өтеу олардың ата-аналарына немесе заңды өкілдеріне жүктеледі.
Дереккөз polisia.kz. Фото: kazpravda.kz.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через