Өмір бойына грант тағайындалатын әдеби байқауға онлайн дауыс беру басталды

Өмір бойына грант тағайындалатын әдеби байқауға онлайн дауыс беру басталды

Өмір бойына грант тағайындалатын MECENAT.KZ әдеби байқауына онлайн дауыс беру басталды.

Бүгін Mecenat.kz әдеби байқауының маңызды кезеңі басталды, яғни бір ай бойы оқырмандар Қазақстан туралы үздік романды дауыс беру арқылы өздері таңдайды. Дауыс беруде қандай да бір құйтырқы әрекеттерді болдырмау үшін ұйымдастырушылар «екінші кезеңде тек қазақстандық ұялы телефон нөмірі арқылы дауыс беру керек» деген талап қосты. Сондай-ақ, дауыс беруші оқылған роман туралы өз пікірін қалдыру талабы қосылып отыр. Пікір көлемі 300-500 символдан аспау керек. Бұл пікірлер модератордың тексеруінен өтеді. Мағынасыз немесе ар-намысқа тиетіндей болса, дауыс ретінде есептелмейді. Осылайша ұйымдастырушылар бірінші кезеңде бірнеше рет жолы кесілген жалған дауыс жинау сияқты келеңсіздіктің алдын алмақ.

Айта кетейік, жеңімпаз өмір бойы ай сайын 500 доллар сыйақы алып отырады. Мұндай форматтағы сыйақы әлемнің еш жерінде жоқ.

Жобаның меценаты – белгілі қазақстандық қаржыгер және филантроп Тимур Турлов. Жобаның авторы және жүзеге асырған – Ерлан Асқарбеков.

2022 жылдың қыркүйек айында басталып, мамырдың біріне дейін созылған екінші кезеңде 58 жазба келіп түскен еді. Оның ішінде Қытай Халық республикасында тұратын автордың қазақ тілінде жазылған романы бар.

«Биыл байқауға ұсынылған туындылардың сапасы біршама жақсарған, техникалық талаптарға қатысты сәйкессіздіктер айтарлықтай азайған. Қатысушы авторлар ішінде әйелдер саны 37 пайыздан 27 пайызға дейін төмендеген. Ал бірінші кезеңде қатысып, биыл тағы да бақ сынаған авторлар саны – үшеу. Жалпы, қатысушылардың жартысы – тұңғыш роман жазғандар. Келіп түскен шығармалардың тең жартысы қазақ тілінде.

Кәсіби филологтерден жасақталған оқырман қазылар әр шығарманы толық оқып шығып, 5 балдық жүйемен баға берді. Екі ридердің бағасын қосқанда 8-ден жоғары балл жинаған шығармалар саны – 13. Бұл – бірінші іріктеу кезеңі.

Екінші іріктеу кезеңінде танымал жазушылар Әлішер Рахат пен Илья Одегов «супер ридер» ретінде қатысып, қазақ тіліндегі 8 роман, орыс тіліндегі 5 романды оқып, сараптап шықты. Осылайша қазақ тіліндегі үш роман, орыс тіліндегі үш роман іріктеп алынды.

Ридерлер мен суперридерлердің іріктеу жұмысына ешкім араласқан жоқ, ұйымдастырушылар толықтай анонимділік сақтап, қағазға шығарылған туындыларды оқуға дайындап берді», - деп жазылған ұйымдастырушылардың ресми мәліметінде.

Сонымен, мына шығармалар оқырманның онлайн дауыс беруіне ұсынылды:

1) «Өлгендер қайтып келеді», авторы Тұрысбек Сәукетаев

2) «Үзілме, Үміт», авторы Гүлсара Дәулетқызы Райымқұлова

3) «Тау асқандар», авторы Ғани Түрікменбайұлы Жақсыбаев

4) «И два бокала на столе», авторы Жангүл Амангелдіқызы Байдәулетова

5) «В ожидании Кайроса», авторы Кемен Құдайбергенқызы Байжарасова

6) «ПетроКок», авторы Мұрат Ислямұлы Увалиев.

Дауыс беру https://www.mecenatkz.com/vote.php парақшасында жүргізіледі.

Байланыс телефоны: pr@mecenat.kz, +7 775 854 00 68

Дереккөз ҚазАқпарат. Фото top-fon.com