фото: https://grozny.tv/
«Омикрон» - 32 мутациядан тұратын вирус
Елімізде коронавирустың жаңа түрі «омикрон» тарап жатыр. Эпидемиологиялық жағдайдың күрт нашарлауына байланысты республикамызда карантиндік шектеулер күшейтілді. Мәселен, елордада оқушылар мен студенттер осы айдың соңына дейін қашықтан оқыту форматына ауыстырылды.
«Омикрон» балалар үшін аса қауіпті
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың жылдам тарайтын «омикрон» штаммы әсіресе вакцина алмағандар үшін қауіпті екенін жеткізді. Сондай-ақ ДДСҰ өкілдері жаңа штаммның таралу жылдамдығы тез әрі жұғу қаупі жоғары екенін мәлімдеді. Тағы бір айта кетерлігі, бұл вирус екпе алғандарға аса қауіпті емес екен. Алайда арқаны кенге салуға болмайды дейді мамандар. Өйткені бұл вирус жағдайды қас-қағым сәтте ушықтырып жіберуі мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өкілдерінің айтуынша, вакцина алмағандарда ем алу кезеңі ауыр өтетін көрінеді. Себебі олардың ағзасында жұқпалы індетке қарсы иммунитет жоқ.
Ресейлік иммунолог Владимир Болибок «омикрон» штаммы бір түшкіргенде бір мезетте 100-ге жуық адамға жұғуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ дәрігер бұл вирус әсіресе балалар үшін аса қауіпті дейді.
Коронавирустың жаңа түрі «омикрон» алғаш рет Оңтүстік Африка Республикасынан өткен жылдың қарашасында алынған сынамадан анықталған. Кейін сол елдің үкіметі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына вирустың жаңа түрі жайында мәлімдеді. Осылайша ДДС ұйымының өкілдері бұл жұқпалы дерттің алғаш рет тіркелгенін әлемге жария етті.
«Омикрон» штаммының негізгі белгілері қандай? Мамандардың айтуынша, алдымен тамақ ауырып басталса, кейін дене қызуы көтеріледі, әлсіреу, сондай-ақ бұлшық еттер мен буындардың ауырсынуы пайда болады. Соңғы мәліметтерге сүйенетін болсақ, жаңа штаммның басты симптомы – бас ауырсынуы, нақтырақ айтқанда маңдай бөлімі мен самай бөлімінің ауырсынуы көбірек болады екен. Сондықтан дәрігерлер сақтық шараларын сақтауға шақырады.
- 32 мутациядан тұратын бұл вирустың түрінен күллі Еуропа сескеніп жатыр. Өйткені бұл вирустың адамға таралу жиілігі яғни жұқпалылығы өте жоғары. Тіпті бұған дейінгі вирустарға қарағанда аса қауіпті. Айта кету керек, бұл вирус сау адамдардың денсаулығына аз қауіп төндіргенімен белгілі бір топтағы адамдарға жұқса, соңы өлімге алып келуі мүмкін, - дейді биолог ғалым.
Қазіргі таңда балалардың арасында да вирусқа шалдығу оқиғалары кездесіп жатыр дейді мамандар. Жеткіншектерде кездесетін симптомдарға әлсіздік, дене қызуының көтерілуі, тез шаршау, тәбетінің болмауы, асқазан-ішек жолдарының бұзылысы, денеде бөртпелердің пайда болуы жатады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через