фото: pixabay.com
17 сәуірде Елордадағы «Астана» триатлон саябағында қала тұрғындары арасында «Олимпиадаға 100 күн» атты бұқаралық жүгіру шарасы өтеді.
Астана қалалық спорт басқармасы мәлім еткендей, айтулы шараға 5 шақырым қашықтықты бағындыра алатын барлық қала тұрғындары мен қонақтары шақырылады.
Жас шектеуі жоқ.
Ұйымдастырушылардың айтуынша айтулы бұқаралық жүгіру шарасы олимпиадалық қозғалысты насихаттау әрі олимпиадашаларымыз бен лицензия алуға үміткерлерімізді қолдау мақсатында өтпек.
Сондай-ақ, олар бұқаралық жүгіру шарасы спорттық жарыс емес екенін айрықша айтып өтті.
«XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының басталуына ағымдағы жылдың 17 сәуірінде 100 күн қалады. Соған орай Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қала тұрғындары қатыса алатын бұқаралық шарасын өткіземіз. Айтулы шара бұл жарыс еместігін айта кеткім келеді. Бұл бұқаралық жүгіру. Оған барлық тұрғындар қатыса алады»,-дейді Астана қаласы әкімдігінің спорт шараларын өткізу дирекциясының басшысы Бахтияр Масанов.
Тіркелу кезінде қатысушыларға лотерея билеттері таратылып бағалы сыйлықтар ойнатылады.
Оның ішінде: велосипед, шлем, бөтелкелер.
Қатысушыларды тіркеу сол күні сағат 08.30-дан бастап өтеді.
Мәреге жеткендерге финишер медалі беріледі.
Сондай-ақ, сахна жанында қол күрес (армрестлинг), арқан тартыс пен гір спортынан жарыстар өтеді.
Айта кетейік Олимп ойындары 2024 жылғы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы — Парижде өтеді.
Қазіргі уақытта Париж Олимпиадасына қазақстандық қыз-жігіттер 31 жолдама жеңіп алды.
Дереккөз kaz.inform.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через