фото: https://turkystan.kz
Нобель сыйлығының иегерімен бірге қатерлі ісікті зерттеген қазақ
Қытайда өсіп-өнген қазақ дәрігерлерінің ішінде тың жаңалық ашып, әлем жұртшылығын таң-тамаша етіп жүргендер жетерлік. Тіпті, емін табу қиынға соғатын кеселдің жолын кесер амал-айласын ойлап тауып, ғылыми ізденіс үстінде жүргендер де бар. Соның бірі – Саяхат Берікқажы. Өзі туып-өскен Шыңжаң өлкесінде қазақтардың қылтамақпен жиі ауыру себебін зерттеу үшін дәрігер мамандығын таңдаған ол қатерлі ісікті емдеудің ерекше жолын ойлап тауып, 2018 жылы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған әйгілі америкалық ғалым Джеймс Эллисонның жетекшілігінде жұмыс істеген. Қазір Канаданың Торонто қаласындағы орталықта жұмыс істейді.
Бүгінде шетелде обыр ауруын ауыздықтауға күш салып жүрген қазақ дәрігерлерінің бірі. Емін табу қиын бұл дерттің дендеп кетпеуіне үлес қосуына өзі өсіп-өнген орта себеп болған екен.
Қытайдың Шыңжаң өлкесіне қарасты Толы ауданында дүниеге келген. Үрімжі қаласындағы Шыңжаң медицина университетінде білім алады. Қытайдың Алтай, Іле, Тарбағатай сияқты үш үлкен аймағында қазақтар көп қоныстанған. Сол жерде тұратын қазақтар өңеш обыры, біздің тілмен айтқанда қылтамақпен жиі ауырады. Қазақ арасында бұл кеселдің кең таралғанын зерттеп жүрген қытайлық профессордың арнайы кафедрасында білім алуды ұйғарады.
2018 жылы физиология мен медицина саласы бойынша Нобель сыйлығын алған әйгілі америкалық ғалым, ғылыми жетекшісі Джеймс Эллисонмен бірге зерттеу жұмысына қатысады.
– Шыңжаңда 56 ұлт өкілі тұрады. Жүргізілген зерттеуге сенсек, сол 55 ұлттың ішіндегі мың адамның бірі ғана обырмен ауырса, ал мың қазақтың ішінен 31 адам осы ауруға шалдығады екен.
Мұның себебі көп. Біріншісі, бұл – тұқым қуалайтын ісік. Қазақ халқы шайды ып-ыстық кезінде ішкенді құп көреміз. Суып қалған сорпаны да тамақ құрлы көрмейміз. Бізге барлығы ыстық күйінде берілуі керек. Ал ыстық судың салдарынан өңештің бетіндегі перде қабықтары зақымдалып, ақырында қатерлі ісік туындайды. Біле білсеңіз, адам ағзасында обыр жасушалары өмір сүреді. Адамның иммун жүйесі мықты болса, ол жасушалар өспей, белсенділік танытпайды. Ал бірақ әр төрт сағат сайын ыстық су іше берсең, жоғарыда мен айтқан өңештің бетіндегі перде бірте-бірте жыртылып, ар жағында өсіп тұрған ет ісіп, жара пайда болады. Ал үстіне үнемі ыстық су құйыла берген соң ол жараның жазылуына да «мұрша» жоқ, сөйтеді де обыр жасушалары өсе бастайды. Екінші себеп – біз ата-әжелеріміз үйреткендей етті қақтап, тұздап сақтағанды, жас еттен гөрі сүр еттен тамақ әзірлегенді жөн санаймыз. Құртты да әбден кептіреміз. Өзіңіз білетін боларсыз, сүрленген ет пен кептірілген құрт біраз уақыттан соң көгере бастайды. Тіпті, етке құрт түседі. Ал көгерген, құрт түскен жерде химиялық улы зат пайда болады. Сол улы зат адам ағзасына түскен соң обыр жасушаларын қоздырады. Бірақ біз құрт не ірімшіктің көгерген тұсын көрсек те, алаңсыз жей береміз. Өзім мал шаруашылығымен айналысатын өлкеде өскен соң етті қалай сақтайтынын жақсы білемін. Ондай жерде ет сақтайтын тоңазытқыш қайдан болсын. Оның үстіне, жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында, мал семірмеген кезде анамыз ұнның ішіне сақталған сүр етті алып, бізге асып береді. Ал сүр ет асқазан мен бауырға кері әсер етеді. Сол себепті көпшілік сүр еттің пайдасынан гөрі зияны көп екенін білсе екен деймін.
Әлия Төлеужанқызының сұхбатынан үзінді
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через