фото: pexels.com
Жастардың банктерге берешегі көбейген. Елдегі 21 жасқа толмаған жарты млн-ға жуық тұрғынның несиесі бар. Бұл туралы "Сапалы Қазақстан" порталы 24.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Бозбала мен бойжеткендер банктің бөліп төлеу қызметіне де көп жүгінеді. Бұл орайда тұрмыстық техникадан бастап донерге дейін қарызға алатын болған. Қай дүкенге кірсеңіз де дүниенің түр-түрі көздің жауын алып, жайнап тұр. Ақшаңыз болмаса сол сәтте алдыңыздан жарқ етіп банктің жарнамасы қылаң береді немесе банктің өкілі сол жерде отыруы әбден мүмкін. Қалтаңдағы теелфон да ызыңдап несие ұсынады. Мұндайда алды артын болжап үлгермеген жастар қайтсін?
Қаржы мамандары «Бөліп төлейсің» деген жарнамаға алданбаған жөн дейді. Себебі банк пен шағын несие беруші компаниялар өз пайдасын ұмытпайды. Яғни, тегін дүние жоқ. Оларға тауарды бастапқы құнына сату тиімсіз. Айналып келгенде бұйымның бағасы нарықтағыдан әлдеқайда қымбат болады. Тіпті кейде қаржы институтының өсімақысын да бірге есептейді.
Нұржан Биякаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы: - Көптеген сарапшылар бөліп төлеуді қаржы саласының дербес құралы дегенді айтады. Бірақ ол несиенің бір түрі боп қала береді. Бір ғана дәлелі бар. Егер «бөліп төлеу» несие болмаса банктың несиелік портфелінде рәсімделмес еді.
Саланы зерттеп жүрген сарапшылар қарызға ас-су ішудің де үрдіске айналып бара жатқанын байқаған. Мәселен күнделікті мұқтаж тағам деп айтуға келмейтін суши мен пицца, кәуәпқа тапсырыс беріп, ақысын үш ай бөліп төлейтіндерге мейрамхана, дәмхана әкімшілері таң қалмайтын болған.
Гүлилаш Ермеғанбетова, кәсіпкер: - Бөліп төлеу жүйесіне негізінен жастар жүгінеді. Тұтынушылардың 40 проценті сұрап келеді. Бізге де тиімді. Тауарымыз тұрып қалмай, дер кезінде өтіп жатады. Сондықтан банк арқылы қызмет көрсете береміз.
Фото pexels.com.
Қазір елдегі жеке тұлғалардың банктер мен өзге де қаржы институттарына берешегі 18 трлн теңгеге жуықтады. Мұның сыртында қарызын өтей алмай жүргендер де жетіп артылады. Ал олардың ішінде тұрақты табыс көзі жоқ жастар көп.
Нұржан Биякаев, банк мәселелері бойынша тәуелсіз сарапшы: - Қазір бізде берешек адамдардың жарты млн-нан астамы 21 жасқа толмаған жастар екені белгілі. Банктер мен шағын несие ұйымдары мұны біле тұра несиені рәсімдей береді. Студенттер мен оқушылар ересек шаққа қарызға белшеден батып қадам басады. Мұны мамандар тұрғындардың қаржы саласындағы білімнің таяздығы дейді.
Енді қайтпек керек? Қаржы министрлігі 3 жыл ішінде 550 мың оқушы мен студентке ақшаны сауатты жұмсауды үйретпек. Бұл мақсатта мектептер мен жоғары оқу орындарында 8 мыңнан астам тәлімгер сабақ береді.
Қоғам белсенділері енді жаңа заң жобасын күтіп жүр. Бұл құжатты қазір мәжіліс қарап жатыр. Егер қабылданса, несие рәсімдеу мерзімі және қарыз алушының жас шамасы да нақты бекітіледі. Яғни, 21 жасқа толмаған Қазақстан азаматының бірде-бір қаржы институты алдында берешегі болмауға тиіс. Бұл дегеніміз оларға ешқандай қаржы инситиуты несие бермеуі мүмкін.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через