«Ауылдан көшсең көш керуен,
Қалада өрле,өс мейлі.
Ауылдан адам көшкенмен,
Адамнан ауыл көшпейді» деп Сыр сүлейі, Шайыр Шынберген атанған ақын Шынберген Сүлейменов жақында редакциямызға келді. Ақын, композитор, айтыскер, әртіс, атбегі, асаба сынды бойындағы тоғыз түрлі ұлы өнер жиынтығын бір бойына қалай тоғыстырып жүргенін білгіміз келіп арнайы сұхбаттастық.
Алты алашқа танымал Шынберген Сүлейменов шығармашылықпен көптен бері айналысып келеді. Ең алғаш айтыс сахнасына 17 жасынан шығып, биік белестерді бағындырған. Қазіргі қазақ сахнасында шырқалып жүрген көптеген әндердің авторы. Ол 1975 жылы 28 шілдеде Қызылорда обылысы Арал ауданы Кызылжар ауылында дүниеге келген.
Сіз бойыңызға сан алуан ілім жиған қазына адамсыз. Кереметтей ән жазасыз. Оған қоса орындаушысыз, ақындығыңыз бір төбе. Асабалығыңыз бар. Әртістігіңізді қоса айтсам болады. Осы бойыңыздағы қасиет-қарымыңыздың бәрін кәдеге асырып жүрсіз бе?
Бұл енді Алланың берген өнері. Адам дүниеге келгеннен кейін өзіне мінез-құлық береді, оны ұштастыра білу өзіне байланысты ғой деп ойлаймын. Бала күннен ән сала бастадым. Домбыра үйренуге қатты құлқым болғандықтан үйдің қасында бәріміз көке деп кеткен әкемнің құрдасы Жұмабай деген кісіге қыстың он күндік демалысында анам домбыраның құлағына орамал байлап, сол кісіден домбыра үйреттірген еді. Содан бастап ән, терме айтуды үйрендім.Сөйтіп жүріп мектеп жасында жүргенде айтысқа қатыса бастадым.Ауылдың айтыстарына қатысып жүріп, ең алғаш аудандық айтысқа Аралдың ғана емес, Алаштың ақыны деуге болады:
Ойымнан туған жерім бір кеткен жоқ,
Ақ туын адалдықтың кірлеткем жоқ.
Аралдың табанынан су кеткенмен,
Халқының жүрегінен жыр кеткен жоқ, - деп бір шумақ өлеңі ұран болып қалған марқұм Бекұзақ Тәңірбергенов ағам жетектеп апарған еді. Ауданнан Бас жүлде алып, облысқа жолдама алдым, кейін республика дәрежесіне дейін көтерілдім.
Бір күні бойымнан ыңылдап ән шығатындай сезіндім. Алғашқы әнім «Кездесерміз біз әлі» деп аталады. Оны эстрада әншісі Жаңабай Өтегенов орындады. Адамға күш беретіндей «талабыңа нұр жаусын» дегендей мақтау керек екен. Халықтың қолдауының арқасында көптеген әндер шығардым. Бұл күнде Төреғали Төреәлі, Роза және Әбдіжаппар Әлқожа, Ернар Айдар, Заттыбек Көпбосынов, Еркін Нұржанов, Таңат Мамырханов, «Тұран» триосы, тағы да басқа әншілер орындап жүр.
Бірде Заттыбек Көпбосынов хабарласты.«Қазақстанның барлық әншілері сенің әніңді орындап жүр, маған ән қайда?» деп.«Келсең саған да ән табылады» дегенім сол-ақ екен, самолетпен Ақтөбеге сол күні ұшып келді. Шәй-тамағын ішіп алған соң, «ешқайда қыдырмаймын тек әндеріңді тыңдап үйренемін» деп отырып алды. Содан төрт әнімді үйреніп алды.
Ән шығарар кезде күй талғайсыз ба?
Тыныштықты қалаймын. Есігімді тарс жауып алып бірнеше сағат отыратыным бар. Санасын тұрмыс билеген адамнан жақсы туынды шықпайды. Кез-келген шығармашылық адамның миы тың болуы керек.
Қалай ойлайсыз бойыңыздағы сан қырлы өнеріңіз Алланың берген сыйы ма, әлде қажырлы еңбектің арқасы ма?
Бір пайыз талант, тоқсан тоғыз пайыз еңбек. Әкемнің шешесі Нұртуған шайырмен рулас туыс еді. Әкеме өнер қона қоймаған, ал анам жап-жақсы ән салады. Әкемнің қарындастары өнерлі. Еңбектенуіме анамның көп септігі тиді. Жүрген жерінен жаңадан шыққан ән, термені жазып алып келіп маған үйрететін. Екі ағам үшеуіміз дайындалып жүреміз. Бір аптадан кейін сахнада отырғандай үшеуімізді отырғызып қойып не үйрендік өзі тыңдап қадағалайды. Әуелі бір Алла, екінші еңбек, үшінші анамның талабының арқасында халықтың алдына шықтық қой деп ойлаймын.
Халықтың алдына шығып өнер көрсетіп жүргеніңізге біраз жыл болды. Халықтың құрмет-қошеметінен бөлек, атаққа ие болдыңыз ба?
«Семіздікті қой көтереді» деген сөз бар қазақта. Мен өз басым атақ-абыройды алып алғаннан кейін адам менсінбей кету,я болмаса дұрыс сөйлеспей қалу дегенді жаным жек көреді. Қарапайымдылық адамның шекпені дейді ғой.Мүмкіндігінше қарапайым болуға тырысамын. Менің атағым – қарапайым Шынберген. Бір жерге барып ақынмын, әншімін болмаса сазгермін деп отырмаймын. Халықтың қошеметіне бөленгенім сол абыройым жетеді.
Әңгіме барысында айтып өткеніңіздей алғашқы ұстазыңыз ән үйреткен анаңыз болса, домбыра тартуды Жұмабай көкеңізден үйрендіңіз. Кәсіби тұрғыда кімнен дәріс алдыңыз? Музыкалық біліміңіз бар ма?
Мектеп қабырғасынан шығып, Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түсуге келгенмін.Сол кездері консерваториядағы «Халық әні» кафедрасының «жыраулар класына» дәріс беретін Набат Ойнарова апамды тауып алып, ақылдаспаймын ба. Апайым маған Қызылордаға атақты Сыр сүлейі, жыршы Алмас Алматовқа барып, жыр-термелерді жалғастыруыма кеңес берді.Басым салбырап аялдамаға келсем Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетіне сырттай бөлімге оқуға түсуге құжат қабылдап жатыр екен. Іздегенім алдымнан табылды. Емтихан тапсырып едім журналистика факультетіне түстім. Ол кездері қиын уақыт еді ғой. Той басқарам, сабаққа дұрыс бармаймын, соңғы курста бір сабақтан емтиханнан өткізбей оқудан шығарып жіберді. Адам өзі жеңіл нәрсеге қарай жүгіре береді ғой, тойым бар ғой деп жүре беріппін. Кейін алдым ғой дипломды.
Ұстазыма келетін болсам ауылдық мәдениет үйіндегі ағаларым Амандық Жүгінісов,туған жездем Бүркіт Омаровты ұстазым санаймын.Бүркіт аға біздің колхозды елу жыл басқарған, Еңбек Ері Берекет Омаровтың баласы. Кезінде Берекет Омаров республикалық айтыстарда терме айтқан кісі. Ал ең негізгі рухани ұстазым ол әрине Бекұзақ Тәңірбергенов болды.
Сіздің әншілік, сазгерлігіңізден бөлек асабалық өнеріңіз де бар. Қалай ойлайсыз асабалық өнер ма, әлде кәсіп па?
Өнермен ұштасқан кәсіп. Өнерің болмаса асаба да болмайсың.Ойдан өлең шығарып жіберу, не болмаса ұтқыр сөз тауып кету сияқты бойында бір қасиет болмаса, жаттап алып той басқару ол асаба емес. Тойларға барған кезде тойда отырып, сол үй иесінің кім екенін біліп, ата-анасы, ата-бабасы кім болған, қандай жақсы қасиеттері бар зерттеп аламын. Тойдың үстінде танымасам да танитындай домбырамен арнау айтатынмын. Кейіннен мені асабалықтан көрі арнау айтуға көп шақыратын болды. Арнау айтып шыққанда халықтың суырыпсалма ақындық өнеріне деген құрметін сеземін. Орындарынан өре тұрып, аямай қол шапалақтайды. Арнау, жыр айтқанды өз басым жақсы көрем.
2016 жылға дейін Шынбергенмен, 2016 жылғы жол-апатынан кейінгі Шынбергеннің шығармашылығында болсын, өміріңізде өзгеріс болды ма? Алла сыйлаған екінші өміріңіз көзқарасыңызды өзгертті ме?
Жамбыл облысының, Тұрар Рысқұлов ауданының маңында жол апатына ұшырап, басыма, көзіме қатты зақым келді. Ұзақ уақыт емделдім.Ең бірінші Алла Тағала екінші өмір сыйлағанына сансыз шүкіршілік жасаймын. Ылғи қасымда анам болды. Алдыңғы өміріме қарағанда бүгінгі өміріме деген көзқарасым басқаша өрілді. Талантым екі есе ұшталды. Өндіріп ән жаза бастадым. Менің әнімді әншілер орындаған сайын мерейім үстем болып, шабатыма шабыт қосылды. Ұлым Бағлан екеуміз ән жаздырып, бірге орындап жүрміз. Басқа ақындардың да өлеңдеріне ән жаза бастадым. Алдында Төлеген Айбергенов, Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған әндерім бар ғой.
Халықтың әл-ауқаты қазір шүкір, жақсарған, не көп той көп бұл күнде. Сол қазақтың той-томалақтарында неге халықтық өнерімізді тыңдайтындай, тыңдататындай өтпейді. Әлде тойдың жүйесін өзгертсек тойымыз өтімсіз болып қала ма? Сол жайдайға қашан келеміз?
Әкім болған кісілерге үлкен кісілер айтатын еді, «халықты алдыңа салып алып қой сияқты айдама, халық өзі ереді» деп. Сол сияқты асабаларда халыққа бірден бас салмауы керек , тойға келген халықтың арасынан өнерлі жандарды шығарып, тойдың үстінде айттыру керек. Сөйтіп, халықты бірте- бірте үйретіп алу керек. Дегенмен, жиылған халықтың ішінен ұлттық классикалық әндерді орындап беруімізді сұрайтындар кездеседі.
Тойда сіз әзіл-қалжың көп айтасыз. Халық арасында тарап кеткені өте көп. Солардың бірлі-жарымын айта отырсаңыз.
Бір тойда қасыма қолында таяғы бар « әже» деуге келмейді, «апа» дейін десем жастарша киініп, шашын артқа қарай қайырып, жылтырақты аямай сеуіп қатырып алыпты.Микафонымды алып «айналайын Шынберген Сүлейменов деген сен бе» деді. Танығанына қуанып «ия, апа мен ғой» деп жатырмын. «Сенің жазған әндеріңді талай әншілер орындап жүр. Айтысыңды көріп тұрамын. Теледидардан көргенде мінің жоқ еді, тірідей көргенде түрің жоқ екен» демесі бар ма,«бойың кішкентай» дегені ғой.Жұрт ду ете қалды. Жәймен микрафонды алдым да «апай танып жатқан пейіліңізге рахмет! Басын дұрыс бастап аяғын бүлдірдіңіз- ау дедім. Мен де сізге қарап ойланып тұрмын. Шашыңыз артқа қарай жабысып қалыпты,осы тойға мотоциклмен келгенсіз ба?» деп едім, «әй, шырағым өзімнен болды» деп кетіп барады. Әрине, әзіл-қалжың айтып, күліп тұрған жақсы ғой. Адамға жазығы жоқ, ата-бабасына, руына тиіспейтін, бойындағы мінін айтпайтын әдемі қалжындарға не жетсін .
Облыстық айтыстан бас жүлде алып, республикалық айтысқа келсем қыз бен жігіт айтысына шығатын болдым. Сахна сыртынан тыңдап тұрсам халық қалжыңды жақсы көтеріп отыр екен. Әділқазылар да қалжың болған айтысқа бағаны жақсы беріп жатыр. Жүгіріп келіп қарсылас қызыма «ағалы-қарындас болып айтысқанды қояйық, құрдас болып айтысайық» дедім.Хабарлағанда ортаға шықтық. Әдемі қалжыңмен бастап, айтысып отыр едік, ортасына келгенде ана қыз Шынберген аға деп қалды. Сол кезде:
Елін сені сыйлаумен Сара депті,
Жарып шығар ақын ең дара көпті.
Бас жағында құрдас болып отыр еді,
Ортасына келгенде аға депті.
Бұрын бір шал суға батып бара жатып,
Сасқанынан кемпіріне мама депті, - деп қайырып едім, жұрт ду етіп орнынан тұрып кетті. Бірауыз қалжынның құдыретімен үшінші орынға ие болдым.
Киім адамның көркі, ажары дейді ғой.Өзімнің бойым да онша бойшаң болмаған соң шапан көп кие бермеймін. Менде үш костюм болды. Ақ, қызыл, сосын жылтыр көк костюм. Бір концертімде үш костюмді үш рет ауыстырып шықтым.Бір жеңгеміз айтады дейді «Әй, Шынберген-ай рахмет! Костюмін үш ауыстырғанмен шалбарын бір ауыстырмады- ау» деп. Адамның киімінде емес пейілінде ғой. Аламан айтысқа қатысатын болып Ақтауда мықты шапан тігетін кісіге жеңіне құндыз тері салғызып шапан тіктірдім. Ескірсе де тастамаймын. Баяғыда бір бай ескі шапанын алты қанат ақордасының төріне іліп қойған екен. Келген кісілердің көзіне түскен соң сұрайды ғой.«Мынау шапаның үйіңнің сәнін құртып тұр ғой» деп. Сонда ол кісі: «мен бұл күнде қанша шалқып өмір сүрейін, жоқ кезімде киген шапанымды көріп тәубеме келіп отырамын» депті. Сондықтан бар болса шалқи бер, алайда өткеніңді ұмытпа.
Біз қазақ халқы «Тегіміз түркі, түлігіміз жылқы» деп өскен елміз. Атбегілік, бұл үлкен өнер, қазақтың қанына сіңген қасиет. Өйткені қазақтан басқа аттың жағдайын білетін халық жоқ десек те болады. Алайда, соңғы кезде жылқы көрмей өсіп келе жатқан ұрпақ бар, осының орнын толтыру үшін не істеуге болады?
Бала кезде біздің үйде жылқы малы болмады. Өзімнен кейінгі інім Нұрлыбек атқа қатты құмартып өсті. Анашым өзінің сауып жүрген сиырын жылқыға ауыстырған кездер болды. Менен үлкен қыз тұрмысқа шыққан кезде, артынан төсек-орнын бердік. Құдалар жорға ат тарту етті. Інім сол жорғаны күтіп-баптап қарады. Кейін бәйгеге қосты. Кейін менің де атқа деген қызығушылығым оянды. Ақтөбеге көшіп барғаннан кейін атұстайтын Аман, Асылбек, Қаныбек деген жігіттермен кездестім. Бір күні маған Бекбол есімді ағам «Егер шынымен жылқыға деген қызығушылығы болса, күзге дейін ақшаңды жина. Польшаға барып аукцион арқылы ат аламыз» деді. Айтқан уәдесінде тұрып жігіттермен Домодедово аэропорты арқылы Польшаға ұшып барып, аукционға қатыстым. Қаз-қатар тұрған аттардың арасынан біреуі маған қарап тұрды. Жанына барып, бірден ұнаттым. Ақыры сол атты алып келдім. Аты – Шатыра. Ол жақта аттың тарихы түгелімен жазылып тұрады. Ең алғаш бәйгеге өатысқанда 17-ші номермен бірінші келіп, Шатыра автокөлік ұтып алды. Одан кейін де бірнеше бәйгеде топ жарды. Кейін бір ағаларымыз «бұл асыл тұқымды аттарды көбейтіндер» деді. Қазір шүкір бірнеше бас бәйге аттарым бар. Бір-екі жылда соның ішінен тай да шығады, аламан да шығады. Өзімізден болуы керек. Сосын баланы ауылдан үйрету керек. Атқа мінген бала мен атқа отырмаған баланың мінезі екі түрлі болып тұрады. Атқа мінген бала айқайлап,қиқулап жүреді.
Бірде ат бәйгені жүргізіп тұрып, осы бізде бәйгеге қатысты неге ән жоқ деген ойға келдім. Ұсыныс айтып көрдім, ешкім қозғала қоймады. Содан сөзін жазып «Бәйге» әнін шығардым. Бүгінде Төреғали Төрәлі орындап жүр. Қазақстанда ғана емес алыс-жақын шетелдерде өткізіп жүрген бәйгеде менің осы әнім орындалып жүр. Естігенде марқайып қаламын.
Неге өкініп, не нәрсеге шүкіршілік жасайсыз?
Әкем мен апамның дүниеден ерте өткені болмаса,қалғанына шүкір деймін. Ең алдымен жаратушы Алла Тағала бойыма осынша өнер бергеніне шүкіршілік жасаймын. Осылай аман жүргеніме тәубе деймін. Қазақ болып туғаныма қуанамын. Қай жерде де «жақсы сөз - жарым ырыс» деп жатады. Қашанда жақсы тілек айтып, көркем сөз сөйлесең ол алдыңа келеді. Сондықтан адам баласы бір-біріне ізгілік, мейіріммен жақсы тілек айтып жүруді күнделікті шартыңның бірі ретінде қойып қоюы керек сияқты.
Шәке сұхбатыңызға көп рахмет! Ұлы өнерді дәріптеп жүрген сіздей азаматқа тек қана сәттілік, амандық тілейміз.
Гүлназ Шалабайқызы, журналист
berik