фото: Фото: Мұхит Құлмағанбетовтың жеке қорынан
Қарағандылық Мұхит Құлмағанбетов бір ай бұрын Гонконгтегі кванттық оптика зертханасының жетекшісі қызметіне тағайындалды. С.Асфендияров, Кардиф университеттерінде білімін жетілдірген офтальмолог маман 7 елден келген 7 маманмен бір топта әлемде жоқ құрылғыны жасақтап шығарған. Әрі ол 2018 жылы физика саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Донна Стриклендпен бірлесіп ғылыми жоба әзірлеуде. Алдағы уақытта Канада, Гонконг, Англияда жиған-тергенін елдегі жас мамандарға үйретіп, жеке клиника ашқысы келеді.
Мұхит дәрігерлер отбасында тәрбиеленген. Бала кезден нейрохирург болуды армандапты.
Әрбір сарбаз әскерде жүргенде, жоғары шенді армандайды ғой. Сол секілді менде өз саламда ең беделді мамандықты игеруге тырыстым дейді ол. Ақ халатты киіп алып, қолға түрлі құрал ұстап, адамның ең күрделі органына ота жасау – менің ғана емес, медуниверситетке түскен әрбір студенттің арманы. Әсіресе, көп талапкер кардиохирург немесе нейрохирург болғысы келеді. Бастапқыда бұл қиял қалпында жүреді, сосын оқи келе әрбірінің қабілеті ұштала түскен кезде, медицинаның мүлде басқа саласына ден қояды.
Менің таңдауымды өзгертуге себеп болған бірнеше жайт бар. 4-курс оқып жүргенде маған дәрігерлер глаукоманың даму қаупі бар деген диагноз қойды. Сол кезден бастап мидан гөрі көздің құрылысын зерттеуді қолға алдым.
Оған қоса, бізді студент кезде түрлі ауруханаға, түрлі бөлімге жіберетін. Сол кезде науқастардың «Жанарымды алғанша, жанымды алсаң етті» дегенін жиі еститінмін. Әсіресе, егде жастағылардың дәрігердің алдында «Немеремнің түр-әлпетін, күлгенін көргім келеді» деп жылап отырғанын сан мәрте көрдім. Көзі онша көрмейтін және зағип жандардың осылай көз жасын көл қылып отырғанын бақылаған сайын көру қабілетінің маңызын терең түсініп, бұл фәнидегі басты арман көз жанарынан айырылып қалмау екенін ұғындым. Сөйтіп, сол жанарды «түзетіп» жүретін маман болуды мақсат еттім. Оған қоса, өз көзімнің саулығын ойлап, зерттеу жасай бастадым. Соқыр болып қалмай тұрғанда әлемді аралағым келді. Бүгінде сол кезде діттегенімнің бәрі іске асты. Қазір мен – әлемді аралап жүрген офтальмологпын,-дейді ол.
– Студент кезінде Ұлыбританияға конференцияларға барғанда Кардифте жұмыс істейтін профессорлармен танысады. Олар Мұхитты өздеріне оқуға шақырады. Кардиф университетінің докторанты атанады. Ондағы профессорлар оқу бітірген соң сонда қалып, жұмыс істеуді ұсынады. Ұлыбританияның бірнеше университеті бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Одан бөлек Канада және Гонконгтен ұсыныс келеді. Ол Гонгонкті таңдайды.
Гонконгті таңдауымның басты артықшылығы – мұнда өз зертханамды жасақтауға және оның жетекшісі болуға мүмкіндік болды. Екіншіден, бұл елде жасап шығарған құрылғыңды коммерциялауға болады. Мемлекет, басқа демеушілер мұндай инновацияны қос қолдап қолдайды. Канададағы профессорлармен де тығыз жұмыс істеймін, бірақ негізгі базам Гонконгте орналасқан. Жарты жыл Канадада, жарты жыл Гонконгте жүремін. Осылайша, екі елдің арасында шапқылап жүргеніме 2 жылдан асты. Биыл қаңтарда дәрежем жоғарылап, аға ғылыми қызметкер атандым. Әрі зертхана жетекшісі қызметіне бекітілдім. Әдетте, мұндай лауазымға қол жеткізу үшін 5-6 жыл кететін. Бағыма қарай, мен бұл межені 2 жыл ішінде бағындырдым дейді жерлесіміз.
Мақала деректері "Түркістан" газетінен ықшамдап алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через