Мобильді аударымдарды тексеруге не түрткі болды: қаржы министрі жауап берді

Мобильді аударымдарды тексеруге не түрткі болды: қаржы министрі жауап берді
фото: https://tirshilik-tynysy.kz

       Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ел азаматтарының мобильді аударымдарын тексеру туралы қаулының қабылдануына не түрткі болғанын айтты. 

       "Жалпы мобильді төлемдер деген ұғым бар және мобильді аударымдар деген ұғым бар. Мобильді төлемдер кезінде кез келген кәсіпкерлік операцияларды жүргізетін болса, онда оған QR қолданылады немесе кассалық аппараттар қолданылады. Тиісінше, түбіртек беріледі. Мобильді аударымдар кезінде ондай QR кодтар қолданылмаса немесе кассалық аппараттар болмаса, әрине, мұндай операциялар заң аясынан тыс қалып отырады, салдарынан заңсыз болып саналады", – деді Ерұлан Жамаубаев. 

       Жамаубаевтың айтуынша, жалпыға бірдей декларациялау заңы аясындағы мобильді аударымдарды тексерудің негізгі мақсаты – осы мобильді аударымдарды заң аясына шығару. Яғни кәсіпкерлер заң аясында салық төлеп жатқанын қадағалау үшін кез келген кәсіпкерлік операцияларға жататын мобильді аударымдарды бақылау туралы шешім шығарылған. 

       "Мобильді аударымдарды тексеру бюджетке қаражат түсіп жатыр ма, жоқ па, соған байланысты ма деген (сұрақтар қойылуы мүмкін – ред.), оған байланысты емес. Себебі қазірдің өзінде мобильді аударымдарды тексеру жұмысы жүріп жатыр. Алдыңғы шепте – мемлекеттік қызметкерлер мен квазимемлекеттік қызметкерлердің аударымдары бойынша бақылау жүргізіп жатырмыз", – деп мәлімдеді Қаржы министрі. 

       Алайда оның сөзіне сенсек, ешбір мемлекеттік қызметкерге немесе жалпылай декларациядан өткен тұлғаға салықтық тексеру жүргізілген жоқ. Себебі олар мобильді аударымдарды заң аясында жүргізіп жатыр. 

       Жамаубаев кәсіпкерлік іске қатысы бар аударымдар бойынша салық төленуі керектігін айтты. Осылайша қазақстандықтар салық төлеу аясында заңды түрде жұмыс істеуіне жағдай жасалып жатыр. 

       Сондай-ақ журналист министрден кәсіпкерлер табысын жасыру үшін жаппай көлеңкелі бизнеске өтуі мүмкін бе деген сұрақ қойды. Журналистің сөзінше, сарапшылар жаңа бастама экономиканың ашықтығына әсер етпейді деген пікірде. 

       "Жалпы кәсіпкерлердің басым бөлігі заң аясында адал жұмыс істеп жатыр. Сондықтан біз оларды көлеңкелі бизнеске келеді деп ойламаймыз. Керісінше, біздің мақсатымыз - көлеңкелі экономикадан адал бизнеске шақыру, содан әрі қарай жағдай жасау. 

       Атап айтсақ, бізде шағын және орта бизнеспен айналысады. Толық мүмкіндік бар. Бұл салық режимінің бірнеше түрі бар. Оған салықтық жүктеме бір пайыздың аралығында. Яғни өзіңіз көріп отырсыз, өте төмен деңгейде. Сондықтан біз керісінше, мынау көлеңкеде қалып отырған немесе кәсіпкерлік ісінде мобильді аударымдарды қолданып отырған азаматтарды осы заң аясында жұмыс істеуге шақырып отырмыз", – деп жауап берді министр. Сонымен қатар Ерұлан Жамаубаев кез келген режимді қабылдап, сонымен жұмыс істеуге шақырды. "Бұл үшін біз цифрландыру құралдарын қолданып отырмыз. E-salyq business деген мобильді қосымша бар. Соны жүктеп, смартфон арқылы өзінің тиісті салық режимін қабылдап, заң аясында жұмыс істеуге толық мүмкіндік бар", – деді Жамаубаев. 

Nur.kz