фото: pixabay.com
Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жетекші маманы Гүлнұр Умарова Наурыз мейрамын тойлау барысында есте ұстау қажет бірқатар ақыл-кеңесін бөлісті.
Наурыз мейрамында әдетте әр шаңырақта көл-көсір дастархан жайылып, түрлі тағамдар қойылады.
Тамақтану объектілерін бақылау және қадағалау бөлімі жетекші маманының айтуынша, осы кезеңде тамақтан улану қаупі жоғары.
«Мерекеге дайындалу барысында түрлі тағам әзірлеу үшін алдын ала азық-түлік сатып алынады. Дүкендерден, базарлардан немесе сауда орындарынан азық-түлік сатып алғанда, тауардың жарамдылық мерзіміне, оның сыртқы түріне, иісіне, сақтау шарттарына, тауар тұрған жерге, яғни нысанның санитарлық жағдайына назар аударыңыз. Рұқсат етілмеген сауда орындарынан, кездейсоқ адамдардан тауар сатып алуға болмайды. Бұл ең алдымен сүт өнімдерінің барлық түрлеріне, жұмыртқа, құс еті, әртүрлі ет түрлері, кесілген көкөніс тағамдары, кондитерлік өнімдер, әсіресе торттар мен ақуыз кремі бар торттарға қатысты. Құс етінен дайындалған, жұмыртқа қосылған тағамдар, майонез және қаймақ қосылған салаттар қауіпті болуы мүмкін», — дейді Гүлнұр Умарова.
Мейрамға орай берілген демалысты тамақтан уланып, ауруханада өткізбес үшін қарапайым ережелерді ұстанған жөн.
«Үйде мерекелік тағамдарды дайындаған кезде, ең алдымен, қолдың, жабдықтың, ас үй жабдықтарының, үй-жайдың тазалығын қадағалаңыз. Шикі тағамдар мен дайын тағамдарды бөлек сақтаңыз, оларды өңдеу үшін бөлек пышақтар мен кесу тақталарын қолданыңыз. Жаңа піскен тағамды алдыңғы күннің қалдықтарымен араластырмаңыз. Егер кешегіден дайын тағам қалса, оны қолданар алдында термиялық өңдеуден өткізу керек. Етті, құсты, жұмыртқаны, теңіз өнімдерін және мерекелік тағамдарға арналған басқа ингредиенттерді қуыру, қайнату кезінде дұрыс температуралық режимді және пісіру үшін қажетті уақытты сақтау өте маңызды — бұл зиянды микробтарды „өлтіретін“ термиялық өңдеу. Тартылған ет, балық, балықтың кесек еттерінен жасалған тағамдар қауіпсіз болуы үшін пісіргенде тиісті температурлық режим сақталуы қажет», — дейді санитар дәрігер.
Маманның айтуынша, қайнатылған ет, құс еті, порцияға кесілген бірінші және екінші тағамдарға арналған өнімдер пайдаланылмас бұрын қайта термиялық өңдеуден өтуі тиіс. Дайын тартылған ет 2 сағат ішінде қолданылады.
«Салқын тағамдарды дайындау үшін пайдаланылатын көкөністер мен шөптер термиялық өңдеусіз сапалы жуылады, содан кейін ағынды сумен шайылады және кесер алдында кептіріледі. Салаттарды және туралған компоненттер майонез, қаймақ қосылмаған күйінде 4±2 градус температурада алты сағатқа дейін ғана сақталады. Тек үстелге қоярда ғана олар дәмделеді. Осы қарапайым алдын-алу шараларын қолдану арқылы денсаулығыңызды және жақындарыңыздың денсаулығын сақтай аласыз», — дейді Гүлнұр Умарова.
Материал kaz.inform.kz сайтынан алынды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через