Әлемнің көп елінде коронавирустан болатын өлім-жітім көрсеткіші азайып келеді. Осыған байланысты кейбірі КВИ-ге қарсы шектеулерді жеңілдетсе, ал кей елдер коронавирусқа қарсы паспорттардан бас тарта бастады. Дегенмен ДДҰ басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус COVID-19-ды жеңдік деп айту әлі ерте екенін атап өтті. Оның пайымынша, COVID-19-ды жеңудің жалғыз жолы - барлық мемлекеттің азаматтарын вакцинамен қамту. Қазіргі уақытта әлем тұрғындарының 56%-ы толығымен вакциналанған, бірақ жан басына шаққандағы кірісі төмен елдерде бұл көрсеткіш тек 9%-ды құрайды. Әлем және Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуал туралы білгіңіз келсе:
Францияда 14 наурыздан бастап маска тағу туралы талап алынып тасталады. Франция премьер-министрі Жан Кастекстің айтуынша, бұдан былай Францияда медициналық масканы тек қоғамдық көлікте тағу қажет болады. Басқа жағдайларда оларды тағу міндетті емес.
Бұған дейін француз үкіметінің ресми өкілі Габриель Аттал Францияның коронавирустың ең ауыр кезеңін басынан өткергенін атап өткен еді. Қазіргі таңда елде жұқтырғандар саны едәуір төмендеген.
Италияда биылғы 31 наурызда төтенше жағдай режимі аяқталады. Осыған орай Swg зерттеу агенттігі жүргізген сауалнама нәтижелесі бойынша, қатысқандардың 58%-ы барлық антикоронавирустық шектеулер алынып тасталғанын қалайды. Ал азаматтардың 34%-ы індетті толық жеңу үшін шектеулерді 2022 жылдың жазына дейін сақтау керек деп санайды.
3 наурыздағы жағдай бойынша, Италияда коронавирустық пневмония диагнозы бар 155 399 адам қайтыс болды, соңғы тәулікте бұл көрсеткіш 185-ке (бір күн бұрын – 214 кейс) өскен. Қайтыс болғандар мен сауығып кеткендерді есепке алғанда, індеттің бүкіл кезеңінде коронавирус жұқтырғандардың жалпы саны 12 910 506 адамды құрайды, бұл ел халқының 21%-дан астамы. Ал елде 49,4 миллион адам (ел азаматтарының 82,1 пайызынан астамы) коронавирусқа қарсы екі екпе салдырған.
Финляндияның Ұлттық денсаулық және әлеуметтік даму институты 12 мен 17 жас аралығындағы «тәуекел» тобына кіретін жасөспірімдерге коронавирус инфекциясына қарсы үшінші вакцинаны алуы керек деген ұсыныс жасады. Бірінші инъекциядан кейін кемінде алты ай өткен болса, бустерлік дозаны салуға рұқсат етіледі. Сонымен қатар аталған институт билікті 12-17 жас аралығындағы барлық балаға медициналық емес себептермен, яғни саяхат кезінде қажет болса, COVID-19-ға қарсы бустерлік вакцинаны салуға ұсыныс айтты.
Жапония үкіметі 13 наурызда аяқталатын коронавирусқа қарсы шектеулерді ұзартпақшы. Жапонияның COVID-19-дың таралуына қарсы шаралары қысқартылған жұмыс уақыты мен алкогольді сатуға қатысты шектеулерді қамтиды.
Оңтүстік Корея билігі елде коронавирус инфекцияның таралуына байланысты бірқатар шектеу шарасын қайта енгізу туралы шешім қабылдады.
Үкімет қоғамдық тамақтану орындары мен басқа да ойын-сауық нысандарының жұмыс уақытын шектейді, оларға сағат 23:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Шектеулер 20 наурызға дейін күшінде болады деп болжанып отыр. Бұл ретте билік шағын бизнеске қауіп төндірмеу үшін шағын дүкендердің әдеттегідей жұмыс істеуіне рұқсат берді.
4 наурызда Оңтүстік Кореяда бір тәулікте алғаш рет 260 мыңнан астам адам коронавирус жұқтырғаны анықталған. Жалпы алғанда, пандемия басталғаннан бері елде КВИ инфекциясын 3,6 миллионнан астам адам жұқтырды.
Арменияда 3 наурыздан бастап маска тағу талабы алынып тасталды. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, ғимарат ішінде маскасын тағуы міндетті емес. Тек медицина қызметкерлері ғана тауғы тиіс. Сонымен қатар ведомство әлі де маска тағыа, оны әр үш-төрт сағат сайын ауыстыруға кеңес береді.
Министрлік бетперде тағу режимін өзгерту туралы шешім елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты қабылданғанын атап өтті. Жағдай ушығып кетсе, бұл шараны қайтадан енгізуге болады.
Қырғызстанда коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі штаб 4 наурыздан бастап елдегі мектептерде медициналық маска киюден бас тарту туралы шешім қабылдады. Бұл елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануымен байланысты болып отыр. Жаңа ереже мектеп оқушыларына да, білім беру ұйымдарының барлық қызметкеріне қатысты. Қолды жиі жуу және дезинфекциялау сияқты санитарлық нормаларды сақтау міндетті талап болып қала береді.
Сонымен қатар штаб Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдерге мемлекеттік шекарадағы санитарлық бақылау бекеттеріндегі жұмысының одан әрі қажет не қажет еместігін қарастыруды, сонымен қоса шекарадан өткізу пункттері аумағында ПТР-сынақ жүргізетін жеке зертханаларды жабуды тапсырды. Еске салайық, соңғы тәулікте Қырғызстанда коронавирус жұқтырған 20 адам ғана анықталған. Өткен тәулікте COVID-19 жұқтырған науқастар арасында қайтыс болғандар тіркелмеген.
Қазақстанда 4 наурыздағы мәлімет бойынша, еліміздің барлық өңірі жасыл аймақта. Бірақ елімізде әлі коронавирусқа қарсы шектеу шараларын жеңілдету жөнінде айтылған жоқ. Айта кетейік, соңғы тәулікте коронавирустың инфекция белгілері бар пневмонияға шалдыққан 33 адам тіркелсе, 1 адам қайтыс болған. Ал 35 адам емделіп шықты. Елде жалпы 88247 адам КВИ жұқтырып, 5344 адам қайтыс болды. 81786 адам жазылып шықты.
Жалпы пандемия басталғалы бері бүкіл әлемде 442 млн-нан астам адам COVID-19-ды жұқтырса, аурудан 5,98 млн адам қайтыс болды.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через