фото: «Айқын» ақпарат
«Екі күннің бірінде жарық өшеді. Жарық өшсе жылусыз, сусыз қаламыз», – дейді жер үйде тұратындар. Қосшыдағы коттедж үйлердің көбісі көмір жақса, кейбірі электр қуатымен жылытатын жүйе орнатып алған. Яғни, көмір пешті үрлейтін сорғы да, су сорғысы да электр қуатымен жұмыс істейді. Сол себепті қосшылықтардың күнделікті тірлігі электр энергиясына тәуелді. «Қазір электр энергиясы бойынша қымбат тариф Қосшыда тіркеліп отыр. Көп қабатты үйлерде бір бөлмелі пәтердің өзінде электр энергиясына ай сайынғы төлем 10-11 мың теңгеге шығады. Коммуналдық төлем келген сайын тұрғындар бізге шағымын айтады», – дейді «Лесная поляна 20 үй» МИБ (Мүлік иелері бірлестігінің) төрағасы Еркебұлан Мыңжасаров. Қосшыда қалыптасып отырған жағдайды сұрап облыстық мәслихаттың депутаты Айдын Төребаевқа да қоңырау шалдық. «Біз облыстық мәслихаттың сессиясында бұл мәселені көтердік. Келесі жылға электр тарифін төмендетуді сұрап, Үкіметке жолдағалы отырмыз. Шынымен электр энергиясы құнының қымбаттығы қосшылықтар үшін үлкен шығынның бірі», – деп жауап берді Ақмола облыстық мәслихатының депутаты Айдын Төребаев.
Айта кетейік, 2021 жылы Қосшыға қала деген жаңа мәртебе берілгенімен, ауыл болып тұрған кезде жабысқан бергі проблемаларынан толық арыла алмай келеді. Жаңа қаланың ескі дертінің бірі – жылу. Желтоқсан айының басындағы қатты аяздан еліміздің әр өңірінде жылу құбырлары жарылып, қазандықтар істен шығып жатқанда Қосшыдағы көп қабатты тұрғын үйде тұратындар 1 тәулік бойы (3.12.2023) жылусыз отырған. «Былтыр Лесная поляна тұрғын алабында 36 үйге жылу қазандығының шамасы еркін жететін. Биыл жаңадан салынған үйлер пайдалануға беріліп, қазандық жылытып үлгермей жатыр. Соған қарамастан құрылыс компаниясы 52-үйді пайдалануға беріп жатыр. Өткендегі қатты аяз қайталанса жағдай қалай боларына ешкім кепілдік бермейді», – дейді МИБ төрағасы Еркебұлан Мыңжасаров. Оның айтуынша, Қосшыда құрылыс жүргізетін компаниялардың монополиясына жол берілмеуі тиіс. Осы мәселелерді тізіп тұрғындардың атынан облыс әкімі мен құзырлы мекемелерге хат жолданған. «Астана мен Қосшының ауа райы, климаттық жағдайы бір. Бірақ екі қаладағы жылыту көрсеткіші әртүрлі. Мәселен, -30 градус аязда Астанада ЖЭО-дан үйге тартылған жылу құбырындағы жылудың температурасы 140 градус болса, бізде бұл көрсеткіш 100 градус. Яғни, 30-40 градус кем алып жатырмыз. «Үйіміз салқын, балалар ауырып жатыр» деп шағымданатындар көп»,– дейді ол.
Қосшы қаласында жылудың жетіспеушілігін облыс әкімі Марат Ахметжанов та растаған. «Қалаға жаңа қазандық салу жобасын қарастырып жатырмыз. Ол сағатына 96 гигакалория жылу жіберетін болады, қазіргі қажеттілік 50 гигакалория екенін ескерсек, бұл болашақта сұранысты артығымен өтейтін болады»,– деді әкім 6 желтоқсанда Астанада өткен брифингте. Облыстық мәслихат депутаты Айдын Төребаев келесі жылға орталық қазандыққа реконструкция жасату үшін республикалық бюджеттен 9 млрд теңге қаражат сұралып отырғанын жеткізді.
БОЙЛЕРГЕ БАЙЛАНҒАН ҚАЛА
Қала тұрғындарының қалтасын қағып, қиындық тудырып отырған мәселенің бірі – ыстық су. Қосшы қаласында көп қабатты тұрғын үйдің саны 80-ге жуық, оның 52-і Лесная поляна тұрғын алабында орналасқан. Қаладағы барлық пәтер иесі суды ысыту үшін бойлер (су жылытқыш құрылғы) қолданады. Алайда судың сапасы төмен болғандықтан бойлер жиі бұзылып, істен шығып жатады. «Бойлердің ішіндегі қысымды реттеп тұратын датчик бар, егер ол істен шығатын болса қысым көбейе береді де көрші пәтердің жылу жүйесін жарып шығуы мүмкін. Былтыр 22 үйдің 3-кіреберісіндегі пәтердің бірінде сондай жағдай болған. 20 үйде де бойлері дұрыс істемей коридорға дейін су ағып, әбігерге түскен болатынбыз. Егер Қосшының су сапасына тәуелсіз тексеру жүргізілетін болса, көп нәрсені анықтап, жүйелі жұмыс жүрер еді. Өкінішке қарай, көзбояушылықтан аспай тұрмыз», – дейді МИБ төрағасы Е.Мыңжасаров.
Дегенмен суды өздері ысытып алатын жағдай тек қосшылықтар ғана тән емес, облыс орталығы Көкшетау қаласы мен оңтүстіктегі Қызылордаға да ортақ. Көкшетау «Аристондар қаласы» деген жанама атынан ЖЭО салынып біткен кезде құтылады. Облыс әкімінің сөзінше, алдағы үш жыл ішінде қалада жаңа ЖЭО-ның құрылысы аяқталмақ. «Бұл біріншіден, тұрғындарды жылумен қамтамасыз етеді. Екіншіден, жыл он екі ай ыстық су мәселесі шешіледі. Үшіншіден, тұрғындар су жылытқыштан құтылады. Бұл абонентке электр энергиясын айына 100 кВТ-тен 300 кВТ-ке дейін экономдауға мүмкіндік береді, яғни ай сайын бойлерге кететін 4 992 теңгеден 9 600 теңгеге дейін қаражатты үнемдейсіз», – деді М.Ахметжанов брифингте.
Аристон мен бойлерге тәуелділіктен Қызылорда қаласының да құтыла алмай келе жатқанына 30 жылдай болған. Жазы аптап ыстық Ақмешіттің тұрғындары осы күнге дейін ыстық суға толық қол жеткізе алмай келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазан айында өңірге жұмыс сапарында облыстағы әлеуметтік мәселелерді кешенді түрде қарастырып шешуді тапсырған. Облыс әкімдігі 2025 жылға дейін ыстық суға зәрулікті толығымен шешеміз деп отыр.
Ал Қосшыға қайта оралсақ, әзірге ыстық суы қашан шешілері туралы нақты уәде айтылмай тұр. Дегенмен Қосшының үні Көкшетау мен Қызылордаға қарағанда қаттырақ әрі жиірек шыға берері даусыз. Өйткені ол елордасы – Астананың іргесінде тұрған қала. Екіншіден, тұрғындары еліміздің әр өңірінен жиылған. Бас қаланы сағалап, жұмыс қарап, оқу іздеп келгендер әуелгіде Қосшыны қоныс етеді. Өзге өңірден Астанаға қыдырып келетіндер Қосшыдағы ағайынына соқпай кетпесі анық. Сол себепті Қосшыдағы игілікті істен де көзге сүйелдей көрінер кемшіліктен тұтас ел құлақтанып отыр деуге де болады.
КЕТКЕН КЕМШІЛІКТЕР ТҮЗЕТІЛУІ ТИІС
Қазір Қосшы қаласының бас жоспары әзірленіп жатыр. Оған сәйкес, 2038 жылға қарай халық саны 200 мың адамға жетпек. Бүгінгі ресми мәліметке сүйенсек, Қосшыда тіркеудегі адамның саны 52 мың болғанымен шын мәнінде 100 мыңнан аса адам тұрып жатыр. Қала әкімдігінің мәліметінде 2023 жылы қаңтар-қыркүйек аралығында Қосшыға 4 289 адам сырттан көшіп келгені көрсетіліпті. Осы тоғыз ай ішінде қалада 100 жұп шаңырақ көтеріп, 574 сәби дүниеге келген. Демек, демографиялық көрсеткіш те жама емес. Мұны облыс әкімі М.Ахметжанов та айтты. Алайда тұрғындардың көбі Астанаға барып тіркелгендіктен, қалаға қажетті қаржы нормативке байланысты толық қамтамасыз етілмей келеді. Мысалға, норматив бойынша 10 мың адамға бір жедел жәрдем көлігі қарастырылатын болғандықтан, Қосшыны толық қамтитын жедел жәрдем көлігін алудың өзі қиындық тудыруда. «Қосшыда тұратын адамдар неге өз қаласына тіркелмейді? Өйткені оларға сапалы медициналық қызмет керек, жақсы мектеп, тиімді қызмет көрсету орталықтары қажет. Осының барлығын тұрғылықты жерінде жасап берсек, Астанаға емес өз үйлеріне тіркелер еді», – деді әкім брифингтегі жауабында.
Бір атап өтерлігі, бүгінде қала бойынша мектеп жасындағы оқушының саны 10 мыңнан асқан. Бұл еліміздегі кейбір аудан тұрғындарының санынан артық көрсеткіш. Бұған дейін, Қосшыда мектептің жетіспеушілігінен оқушылар үш ауысымда оқып келген. Жаңа оқу жылында бұл мәселе шешіліп, қос мектеп қолданысқа берілді. Ендігі міндет екі ауысымдық оқу жүйесінен шығу. Келер жылы Қосшы қаласының аумағында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 3 білім ошағының құрылысы басталмақ. Оның екеуі Қосшының өзінде, біреуі қалаға қарайтын Тайтөбе ауылында бой көтермек. Одан бөлек, баспана мәселесін шешу үшін 2024 жылы жаңа шағынаудан салынбақ. «Құрылыс жүргізетін компанияға тұрғын үймен қатар мектеп, балабақша, саябақ салуды да міндеттеп отырмыз. Ол міндеттің орындалуын Қоғамдық кеңес мүшелері бақылайтын болады. Жылумен, сумен қамтамасыз етуді де мердігердің міндетіне артып, қатаң талап қойып отырмыз», – дейді облыстық мәслихат депутаты А.Төребаев.
Сондай-ақ алдағы жылы 300 орындық облыстық аурухана құрылысы мен жедел жәрдем бекетін салу жобасы қарастырылуда. Қысқасы, Қосшы қаласының даму жоспары Астана агломерациясы жобасына негізделмек. Жоспарда бәрі жақсы-ақ, қалай бітерін уақыт көрсетер.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через