фото: https://kursiv.kz
Маркетплейсті білеміз бе?
Сатушы мен сатып алушының арасындағы алтын көпір
Онлайн-сауда дамыған сайын маркетплейс нарығы да кеңейіп келеді. Тұтынушы көбейген соң, сәйкесінше қатысушылар саны да күннен күнге артып жатыр. Бүкіл әлемде кең етек алған тенденциядан Қазақстан да құр қалып жатқан жоқ. Ендеше, маркетплейс деген не? Оның интернет-дүкеннен айырмашылығы бар ма? Қандай кемшіліктері мен артықшылықтары ма? Осы туралы талдап көрсек.
Маркетплейстің интернет-дүкеннен айырмашылығы
Алдымен «маркетплейс» түсінігіне тоқталайық. Бұл — сатушы мен сатып алушыны тоғыстыратын интернет-платформа. Осы жерде бір-бірін тауып, әрмен қарай алыс-беріс жасалады. Кәдімгі дүкенге барып, сөрелерді ақтарып зат алғандай әсер қалдырады. Айырмашылығы сол — сауданың онлайн іске асатынында. Бұл жерде де тұрмысқа қажеттінің бәрін сататын әмбебап түрі де, белгілі бір салалық түрі де болады. Маркетплейсті интернет-дүкенге ұқсатуыңыз қалыпты. Себебі расында ұқсастық бар. Дегенмен осы тұста бірнеше айырмашылықты тізіп шықсақ. Біріншіден, сатушылары мен тауарларының санында айырма бар. Әдетте, интернет-дүкенде санаулы ғана брендтің тауарлары сатылады. Ал маркетплейсте түрлі категориядағы, түрлі өндірушінің заттары орналастырылады. Былайша айтқанда, алғашқысын супермаркет десеңіз, маркетплейсті үлкен гипермаркет деп білсе болады.
Тағы бір айырмашылығы интернет-дүкендерде көбіне оффлайнда өкілдіктері болады. Ал маркетплейсте ол жоқ. Дегенмен тауарларды алуға арналған бөлімшелері бар. Ал енді аудиториясы мен таралуына келсек, қолданушы тарту үшін маркетплейс көбірек ресурс шығындайды. Сол себепті ауқымы да кеңірек. Әрі логистиканы жолға қойғандықтан, мұнда түкпір-түкпірге жеткізу де жеңілдеу.
Әлемдегі ахуал қандай?
Пандемия онлайн қызмет ұсынатын салаларды одан әрмен дамытты. Оның ішінде маркетплейс те бар. Тіпті коронавирус пандемиясына дейін уеб-сайты болмағандары да аяқ-асты жұмысын жолға қойып, нарыққа еніп кетті. Себебі дәл осы кездері онлайн-сауда қызып тұр. Ең қолайлы да, қауіпсіз де түрі болып отыр. Мысалы, 2020 жылы ірі маркетплейстердің қанша табыс тапқанына тоқталайық.
Amazon: 386 млрд доллар (+38%);
eBay: 10,3 млрд доллар (+19%);
ASOS: 4,5 млрд доллар (+20%);
Wildberries: 437 млрд рубль (+96%);
Ozon: 195 млрд рубль (+140%);
«Яндекс.Маркет»: 28,8 млрд рубль (+50%).
Маркетплейске тауар қою
Тауарлары үшін арнайы сайт ашып, оны дамытып, логистикасы мен сақтауын ретке келтіруге қиналғандар қызметін не тауарын осы маркетплейске орналастырса болады. Өйткені ірі сауда алаңында тұрақты трафик бар. Демек, тұтынушымен табысуға ықтимал жоғары. Тағы бір қызығы, танымал брендтер тауарларының көшірмесін жасайтын компаниялар осы жерде жап-жақсы табыс табады екен. Тұрақты әрі үлкен сұранысы бар тауарларды қойған жөн. Сондай-ақ, бағасын белгілеген кезде де бәсекелестермен шамалас бекіту керек. Себебі маркетплейске бас сұққан сатып алушыны кілтсөз ретінде белгілі бір өнімді жазады да, оған бұл жерде бар тауардың бәрі шығады. Сәйкесінше, ол көпшіліктің жағымды пікір қалдыруына, бағасына, неше күнде келетініне — бәріне мән береді. Әлбетте, сапаға да мән берген дұрыс. Себебі, айтқандай, клиенттер кейін пікір қалдырады. Жағымсызы көп болса, кәсібіңізге кері әсері тиеді. Жалпы алғанда бүгінде сұранысы жоғары тауарлар қатарында ойыншықтар, телефон, планшет, азық-түлік, автокөлікке арналған тауарлар, қолдан жасалған hand-made бұйымдар бар.
Сатушылармен арадағы серіктестіктің бірнеше түрі бар. Біз өте танымал үш модельге тоқталсақ. Біріншісінде маркетплейс дүкендегі сөренің рөлін атқарады. Яғни тауарды орналастырумен ғана айналысады. Ал жеткізу, клиент сервисі сынды дүниелерге сатып алушы тікелей жауап береді. Қазіргі таңда еліміздегі банктердің мобайл қолданбаларының дүкендері осы схемамен жұмыс істейді. Екіншісі — жеткізу қызметін ұсынатыны. Бұл жерде сатушы маркетплейстің қоймасына тауарын қойып қояды. Сөйтіп әрмен қарай жеткізуді маркетплейс қолға алады. Үшінші бір түрінде әрі қойма, әрі жеткізуші рөлінде маркетплейс болады. Былайша айтқанда, фулфилмент. Сатушы бар болғаны тауарды жеткізеді. Ал клиентке жеткізу, орау, қаптау сынды жұмыстың бәрін маркетплейс қатырады. Әдетте тапсырысы үзілмейтін сатушыларға осы үшінші модель көбірек келеді.
Артықшылықтары мен кемшіліктері
Бұрын-соңды интернет-дүкен ашып, жұмыс істеп көрсеңіз, өндіріс, сақтау, жеткізу жұмыстарынан бөлек онлайн-инфрақұрылым жасау керегін жақсы білесіз. Ал маркетплейс — сатушыға да, сатып алушыға да қолайлы алаң. Интернет-дүкен ашар болсаңыз, алдымен тартымды әрі интерфейсі түсінікті сайт жасау керек. Ол жерден клиенттер қандай тауар түрлері барын қарап, тапсырысты рәсімдейді. Негізі интернет-дүкендердің дайын шаблондарын ала салуға да болады. Бірақ баптауларын реттеу, контент толтыру сынды дүниелерден қашып құтыла алмайсыз. Яғни бәрібір шығын шығады. Сатушы болсаңыз, онлайн-касса қостырып, төлем жүйесін ретке келтіруіңіз керек. Сайт іске қосылғаннан кейін SEO-мен айналысу қажет. Яғни сайтты дамыту, іздеу жүйелерінен шығуына жағдай жасау. Егер осы жағын реттемесеңіз,сұранысқа ие болуыңыз қиындау. Себебі қазір бәрі Яндекс пен Google-дің іздеу жүйелерін пайдаланады.
Ал енді маркетплейсте мұнымен бас қатырмауға болады. Әсіресе, тәй-тәй деп енді қадам басып келе жатқандарға. Ендеше, артықшылықтарына келсек. Алаңды дамытам деп алаңдамайсыз. Себебі маркетплейсте бұл жасалып қойған. Мысалы Crosssale-дің 2020 жылы жасаған статистикасына сүйенсек, маркетплейске миллиондаған адам бас сұққан. Демек, тауарды өткізу оңайырақ. Бар болғаны қандай алаңға орналастыруды ойланасыз. Қай жерде өтімдірек, таргет аудитория сай — соны таңдауыңыз қажет. Онлайн-касса орнатып жүрмейсіз. Себебі барлық ақша аударымын делдал реттейді. Бұл жерге тауар орналастыратын болсаңыз, тауарды қайда сақтау жайлы алаңдамайсыз. Себебі мұны маркетплейс қарастырып қойған. Сондай-ақ, мұнда статистика қарап отыра аласыз. Яғни тапсырыс саны қанша, кім алмай қалды, кім кері қайтарды — бәрін сараптауға мүмкіндік бар. Соған қарап кей тауарды көбірек орналастырып, кейбірін өтімсіз болса мүлдем алып тастап не азырақ алу керегін біліп отырасыз.
Кемшіліктері де жоқ емес. Мұнда да ескеру керек біршама ньюанс бар. Алдымен, бұл жерге тіркелу күрделірек. Яғни маркетплейске тауар орналастыру үшін жеке кабинетке тіркеліп, әр платформаның сұрататын белгілі бір құжаттарын көрсету керек. Оферта-келісімшартын жасасасыз. Әр алаңның талабына сай тауардың суретін, сипаттамаларын қосуыңыз қажет. Әрине, тауарын өткізгісі келетін адам үшін бұл қиын болмауға тиіс. Десек те, біршама уақыт алатыны бар. Сондай-ақ, тауарды салған бойда платформадан көре алмайсыз. Себебі сіз жіберген барлық мағлұматты модератор шолып шығады. Содан кейін барып орналастырылады.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через