Лондонда қазақ тілі сыныбын ашқан Әсел

Лондонда  қазақ  тілі  сыныбын  ашқан  Әсел

Лондонда  қазақ  тілі  сыныбын  ашқан  Әсел

Таяуда Лондонда отандасымыз Әсел Молдағалиеваның мұрындық болуымен қазақ тілі сыныбы ашылды. Әдетте жұрт алыстағы Англияға ағылшын тілінде еркін сөйлеп, дүниенің ілім-білімін меңгеру үшін баратыны белгілі, ал қазір әр­түрлі себеппен Тұманды Альбионда тұрып жатқан қандастардың алаң-уайымы туған тілді ұмытып қалмау болса керек. Балалары ана тілінде ағылшынша акцентпен сөйлей бастағанын байқаған Әсел дереу қазақ тілі сыныбын ашуды ұйғарғанын айтады. Лондонда да қазақтар бір қауым ел емес пе, қазақ тілі сыныбы ашылатынын естіген бетте-ақ бәрі қуана-қуана баласын жетектеп апарса, енді бірі онда сабақ беруге келісіп, жаңа  басталған істің  әп-сәтте  қиюы  келісе  кетіпті.

– Бір сабақтың құны – 16 фунт стерлинг, теңгемен  шаққанда  шамамен 9 мың теңге. «Бір сабақ» деген жай естілуі мүмкін, бірақ біз бір сабақты мейлінше  қызықты етіп өткізуге тырысамыз. Сабақ  арасында  түрлі ойындар  ойнатамыз, сөздік  қорын  молайту үшін флеш карталар қолданамыз. Шағын әңгімелер оқимыз. Балалардың  қызығушылығын  ояту үшін  иллюстрациялық  материалдарды   көп  пайдаланамыз.

– Балалардың  қазақ  тілін  білу  деңгейлері  әртүрлі. Кейбірі  қазақ  тілін білсе де, ұялшақ әрі тұйық мінезіне бола сөйлей алмайды. Олардың белсенділігін  арттыру  үшін  жұмыс  істеп жатырмыз. Жалпы, біздің сыныпта 6-12  жас  аралығындағы  балалар  оқиды.  Бірақ  төртке  енді  толған балақайларды да оқытып жүрміз. Олармен сабақ жүргізген тіпті қызық. Оларды әр он бес минут сайын ойнатып, «Аю секілді қорбаңдайық. Енді  ара секілді ызыңдайық» деп сабаққа қызығушылығын оятуға тырысамыз. Алдағы уақытта жасөспірімдерді де оқытатын бір топ ашсақ деген ойымыз бар. Қазір тіпті жасы үлкендер де біздің сыныпта оқығысы келіп  жүр, әсіресе  ата-аналар «тілді ұмытпау үшін біз де оқысақ қайтеді» деп қолқа салуда. Сол себепті алдағы уақытта топтар санын көбейтуді жоспарлап  отырмыз.

 

Әлия  Тілеужанқызының  сұхбатынан  үзінді

Мәтіндегі ақпарат туралы