Елорда дәріханаларынан есірткіге тәуелділікті тудыратын препараттардың көбісін рецептісіз алуға болады. Сонымен қатар дәрі-дәрмекті кішкентай балаға дейін еркін сатып алады екен. Аталған мәселені Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев көтерді.
«Балалар мен жасөспірімдерді нашақорлық пен құмар ойындардан аулақ ету біздің басқарманың басты жұмыс бағыттарының бірі. Аталған проблемамен күресу мақсатында алдын алу шаралары тұрақты түрде өтеді. Атап айтқанда, «Нұр-Сұлтан – есірткісіз қала» атты 2022-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында кәмелет жасына толмағандар арасында нашақорлыққа қарсы акциялар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар қала мектептері мен колледждерде ақпараттық бұрыштар ілінген», - деді Қасымхан Сенғазиев қалалық мәслихаттың отырысында жасаған баяндамасында.
Білім басқармасы басшысының айтуынша, аталған бағыттағы жұмысқа ата-аналар да тартылып жатыр.
«Есірткіні тарату мен қолдануға қатысты проблеманың барын айта кету керек. Күн сайын елорда дәріханаларында ескірткіге мас болуды тудыратын 1 мыңнан астам дәрі-дәрмек сатылады. Препараттардың көбісін рецепсіз алуға болады. Тіпті кішкентай бала да дәрі-дәрмекті еркін сатып ала алады. Осы орайда аталған мәселеге жіті көңіл бөлу керек. Аталған препараттарды қабылдау кезінде есірткіге 100 пайыз тәуелділік туындайды. Ал оның салдарын кәсіби көмексіз жою мүмкін емес», - дейді ол.
Сондай-ақ, спикер есірткі қолданатын жасөспірімдерді анықтау мақсатында тұрақты мониторингтің жүргізілетінін айтты.
«Бүгінде елордада есірткі психотроптық заттарын қолданған, кәмелет жасына толмаған 5 тұлға тіркелді. Оның ішінде біреуі 14 жаста, қалғаны 15 пен 17 жас аралығындағы жасөспірімдер. Айта кетейік, балалар мен ата-аналар «111» колл орталығы арқылы көмекке жүгіне алады», - деді Қ. Сенғазиев.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через