фото: https://www.pexels.com/ru-ru/@markus-winkler
Былтыр Ресей азаматтарының банкке қайтармаған несие қарызы 3 триллионға жуықтаған.
Осылайша берешек алдыңғы жылмен салыстырғанда 22 пайызға көбейді. Бұл Ресейдің Сот приставтары жөніндегі федералдық қызметінің мәліметі.
Ал АҚШ азаматтарының несие карталары бойынша қарызы 1 триллионнан асады. Федералдық резерв банкі берешектің 16 пайызға өскенін айтады. Әлем елдеріндегі ақша-несие саясатында нендей жаңалық бар?
Несие АҚШ-та қаржылық қана емес, саяси құралға да айналды. Кредит Байденнің абыройын асырса, Трамптың бағын байлап жатыр.
Коронавирус кезінде көп дәріптелген криптовалюта біраз адамды жарға жықты.
Қош бол, кредит!
Несие – АҚШ-тағы президент сайлауының салмақты науқанына айналды. Саяси додаға қайта түсуге бел буған қазіргі президент Джо Байден 153 мың адамның оқу үшін алған қарызын кешірді. Несиенің жалпы сомасы – 1 миллиард 200 миллион доллар. Бұл Байденнің 4 жыл бұрын сайланар алдында берген уәдесі еді. Ол осы қарқынмен, яғни несиені кешірумен кезекті президент сайлауына бара жатыр
Ал Ақүйге қайтадан аңсары ауып жүрген Дональд Трампқа несие бәле боп жабысты.
Экс-президент банктерден ыңғайлы шартпен кредит алу үшін өзінің материалдық байлығының көлемін көбейтіп көрсеткен. Нью-Йорк соты осындай алаяқтыққа жол берді деп, оған 355 млн доллар айыппұл салды. Сондай-ақ Трамптың 2 ұлы 4 млн доллардан төлеуге міндеттелді. Олар "Трамп Организейшн" компаниясын 2017 жылы басқарған. Бұдан бөлек, Трамптың Нью-Йоркте тіркелген кез келген корпорацияда басшы болуына 3 жылға дейін тыйым салынды.
Криптовалюта тұзағы
Криптовалютаны қағазсыз қаржы деп мақтаймыз. Бірақ цифрлық ақша да алаяқсыз болмайды екен. Тіпті оны арам ниеттілер үшін қолайлы құрал деп айтуға болады.
Былтыр 2 миллиард 610 миллион доллардың криптовалютасы ұрланған. Мұны халықаралық PeckShield зерттеу компаниясы анықтады.
Қолды болған цифрлық ақшаның 674 миллионы ғана қайтарылған. Мамандар "хакерлер қалғымайды, алаяқтар обал-сауапты білмейді" дейді. Өткен жылы заңсыз операция жасап, түрлі қулық-сұмдыққа барған критокомпанияларға 5 миллиард 800 миллион доллар айыппұл салынған.
Криптовалюта кокаин сататын құралға да айналған. Бұл жүйені есірткі қылмыскерлері шебер меңгеріп алыпты.
Олар әлемдегі ең ірі криптобиржа - BINANCE арқылы АҚШ, Мексика, Австралия мен Еуропада ондаған миллион долларға есірткі сатқан. Бірақ "Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам". Алды Германия мен Британияда тұтылды. 4 миллиард долларға жуықтайтын биткойндар әшкере болған.
Ақпарат дереккөзі: www.24.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через