Алматының төтенше жағдайлар департаменті қала тұрғындарына аязға байланысты ескерту жариялады. Ауа температурасы минус 23-ке дейін төмендеген. Оқушылар онлайн оқуға көшкен. Синоптиктер алдағы төрт күнде температура минус 25-ке дейін суытатынын айтады. Осыған байланысты төтеншеліктер қала тұрғындарын далада бейсауат жүрмеуге шақырады.
Алматы төтенше жағдайлар департаменті қысқы кезеңде қауіпсіздік шарасын сақтауды сұрайды. Көшеде ұзақ серуендемеңіз. Қажетсіз, қаладан тыс жерге бармаңыз. Көшеге шыққанда жылы киініп жүріңіз. Сонымен қатар департамент тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарға тұрғындардың тіршілігін қамту объектілеріне бақылауды күшейтеді. Дамир Төлебаев, Алматы төтенше жағдайдың алдын алу басқармасының инженері
Жамбыл облысында аяз 33 градусқа дейін баруы мүмкін. Дегенмен Облыстың білім басқармасы оқушылардың бәрін жаппай онлайн оқуға көшіруге асықпайды. Тараздықтар сынап бағанасы 30-дан түссе де, жоғары сынып пен студенттер алаңсыз оқи беретінін айтады.
Мектеп алды даярлық сынып пен 1-8 сынып оқушылары аралығында, яғни 68801 оқушы онлайн оқуға жіберілді. Ал, 9-10-11 сынып оқушылары оқуды дәстүрлі форматта жалғастырады. Бұл аталған жағдай бұйрық екі күнге шығарылған – 12-13 қаңтарға. Айгүл Байназарова, Тараз білім бөлімінің сектор меңгерушісі
Ақтау да сабақтар жаппай онлайнға ауыстырылды. Термометр бар-жоғы -10-ды көрсеткенмен, желдің секундына 25 метр жылдамдықпен ұйытқуы өңменнен өтеді. Дегенмен жергілікті синоптиктер арктикалық циклон алдағы күндері аймақтан ойысады дейді.
Жел жылдамдығы артқан сайын күн суытады. Оған қоса ауада ылғал көп болса, температура күрт төмендеп кеткендей сезіледі. Дегенмен қазір температура жайлап көтеріледі. Минус 20 градус – қауіпті метеорологиялық құбылыс. Айгүл Төлеуғалиева, «Қазгидромет» РМК Маңғыстау филиалының директоры.
Синоптиктер сарышұнақ аяз алдағы төрт күн сақталады деп топшылайды. Сондықтан төтеншеліктер қолайсыз ауа райында лаж болса, ешқайда шықпауға шақырады.
Фото: egemen.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через