фото: pixabay.com
Қытымыр қыс кетіп, көңілді көктем келді. Бірақ көктемнің бір қиыны – ауада түрлі ауру тарап, ауруханаға ем іздеп баратындар қатары көбейеді. Осы ретте, пайдалы дәрумен ішіп, денсаулықты дайындап алудың маңызы зор. Kazinform тілшісі дәруменді қалай ішу керектігін білу үшін нутрициолог Зубайна Әлібековамен сұхбат құрып көрген еді.
- Дәруменді қалай дұрыс таңдау керек?
- Дәріханаларда кешенді дәрумендердің көптеген түрі сатылады. Бірақ халықтың көбі дәруменді қалай таңдау керектігін білмейді. Кейбіреулер бет албаты іше береді. Ал оның пайдасынан зияны басым болуы мүмкін. Сондықтан дәруменді әр адамға жеке дара таңдау керек. Ол басқаға көмегін тигізсе де дәл сізге келмеуі ықтимал.
- Сонда дәрумендердің зияны да бар болып тұр ғой?
- Иә. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіде сан алуан жарнама тарап жатады. Онда белгілі бір дәруменнің ағзаға берер пайдасы айтылып, денсаулығы жақсарып қалған адамдар мысалға келтіріледі. Соны көрген жандар, әсіресе қарттар қызығып, сатып алады. Алайда өзі мамандарға барып тексерілмегендіктен нақты қай жері ауыратыны, оған қандай ем керектігі туралы білмейді. Осының салдарынан «артық қыламын деп тыртық қылып» жатады. Сол үшін ең әуелі маманға қаралып, анализдер тапсыру керек. Ағзаңызға нақты қандай дәрумендер жетіспейтіні тек содан кейін белгілі болады. Қажетті дәрумендерді алып, ішіп бастаған соң, белгілі бір уақыт өткенде қайтадан анализдер тапсыру қажет. Нәтиже бар ма, жоқ па білу үшін. Егер денсаулығыңыз реттеліп қалса, ары қарай іше бермей тоқтатқан жөн.
Фото: Зубайна Әлібекованың жеке мұрағатынан
- Егер адамның бойында қандай да бір элемент жетіспесе, соны сезе тұра дәрумен ішпей жүре берсе, оның соңы неге әкеліп соғуы мүмкін?
- Әр дәрумен жетіспеушілігінің салдары әртүрлі. D дәрумені жетіспесе адам әлсіреп, өзін шаршаңқы сезінеді. Ашуланшақ болып, депрессияға түседі. Ағзада A дәрумені аз болса, көз ауруы пайда болады. В12 дәрумені жетіспесе есте сақтау қабілеті төмендеп, ас қорыту жүйесіне зиян келеді. Қарттарда болса альцгеймер ауруына ұшырауы ықтимал.
- Қандай жеміс-жидектерді көбірек жеп, ағзаны қалыпты ұстауға болады?
- Бұл ретте, ең маңыздысы – жаңа піскен жеміс-жидектерді жеу. Базарда бірнеше апта жатқан алма мен жаңа піскен алманың дәрумендері жер мен көктей. Сондықтан жемістерді пісу маусымына қарай жеп отыру керек. Ал ең пайдалылардың бірі – брокколи. Оның ішінде A, E, C, В дәрумендері бар. Тек жеміс-жидекте ғана емес, ет пен нанда да дәрумен болады.
- Көктем кезінде қандай дәрумендер ішуге кеңес бересіз?
- Қазір адамдарға көбінесе D дәрумені жетіспейді. Себебі біздің денемізге ұзақ уақыт бойы күн сәулесі түспейді. Жұмысқа таңертең күн шықпай тұрып барып, күн батқанда қайтып жатамыз. Екінші, А дәрумені қажет дер едім. Себебі ол иммундық жүйенің дұрыс жұмыс істеуіне қажет. Үшінші, В-тобындағы дәрумендерді ішу керек. Әйтпесе ағзаның зат алмасуы нашарлап, ас қорыту процесі бұзылады.
- Әңгімеңізге рақмет!
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через