Климат жылып барады

Климат жылып барады

       Жер-ананың климаты жыл өткен сайын жылып, Арктикалық мұздықтарының тым жылдам еріп жатқаны байқалады. Жер шарының үстінен және ғарыштан бақылайтын НАСА соңғы сегіз жыл бойы температураның өскенін тіркеген. Бұл туралы Вашингтондағы халықаралық баспасөз орталығында НАСА-ның климат бойынша ғылыми қызметкері мәлімдеді. Сонымен күн райы жылы болса қуанатын адамзат баласына тағы қандай қауіп төніп тұр? Америкадағы меншікті тілші Нұрбек Бекен тарқатып айтты.

       – НАСА-ның климаттағы өзгерестерді бақылайтын қызметі жер шарында сегіз жыл қатарынан температура көтерілгенін, ал 2021 ең ыстық жыл болғанын айтады. АҚШ ғарыш агенттігінің жерді жан-жақты, үздіксіз зерттейтін жиырмадан астам спутнигі бар. Өсімдіктер әлемінің өзгеруі, жауын-шашынның жиілігі, мұздақтардың еруі сияқты көптеген құбылыстарды қалт жібермей, зерделеп отырады.

       Landsat деп аталатын жер серігінің 50 жылдан бері жіберген мәліметі бойынша жер бетінің қаншалықты өзгергенін салыстырып көруге болады. 1972 жылдан бері қалалар көбейіп, керісінше ормандар сиреп барады. Бұл әрине климаттың өзгеруіне әкеп соғады. НАСА осындай мәліметтерді жұртшылыққа ашық таратып, ғалымдарға береді. Өйткені жер ананы қалай сақтаймыз деген ауқымды мәселеге адамзат баласы жауапты. Сонымен қатар күн райының өзгеруінен болатын табиғи апаттарды да болжап, алдын-ала хабарлап отырады екен. Мысалы, аптап ыстықтан шығатын өрт ошағын бақылып, жергілікті құтқару қызметімен бірлесе әрекет етуге тырысады.

       Кэтрин Кэлвин, НАСА климат бойынша аға кеңесші:

       – Біз халықаралық ғарыш агенттіктерімен серіктестік орнатқан елдермен жер бетінде дәл қазір не болып жатқаны туралы мәліметтермен алмаса аламыз. Мәселен, орман өрті қайдан шықты, қай жаққа қарай өршіп барады, ауқымы қандай болуы мүмкін екенін көреміз. Табиғи апаттан ауаға тараған түтіннің мөлшері қандай, атмосфераның ластануы сияқты деректерді барынша дер кезінде беруге тырысамыз.

       Жердегі климат, мұхиттар мен теңіздердің өзгеруі, судың температурасы сияқты зерттеулерден бөлек, НАСА ғарыштан төнетін түрлі қауіп-қатердің де алдын алады.

       Мысалы, DART миссиясы, үлкен астероидтардың бағытын өзгертуге тырысады. Өткен жылы күзде ұшырылған ғарыш апараты қыркүйектің 26-сы күні астероидке соғылады. Жақындап қалған астероид жерге ешқандай қауіп төндірмейді, бірақ қаншалықты планетаны қорғай алады, бағытын өзгерте ме деген маңызды сұрақтарға жауап беріледі. НАСА қызметкерлері осы сәтті асыға күтіп жүргендерін айтты.

       Ақпарат дереккөзі