Әлемдік бренд Louis Vuitton қазақстандық студенттің киіз үй түрінде сөмке жасау ұсынысына қызығушылық танытты.
Қазақстандық магистрант Айнұр Полатова ұлттық ойындарды насихаттап, «Talapai» бірегей жобасын сәтті жүзеге асыруда. Биыл Парижде қазақ нақышы бар сөмкенің ерекше дизайнын таныстыруды жоспарлап отыр.
Ол 2022 жылы «Talapai» стартап идесын құрып, ЕҰУ бизнес-инкубаторындағы байқауда ақшалай сыйлық ұтып алды. Айнұрдың жобасы ерекше ұлттық дизайнмен жасалған. «Бес тас», «Құмар», «Ағаш үй» бестемшесі, «Тұмар» бестемшесі, «Тоғызқұмалақ» ойындары қазақтың ою өрнегі бар функционалды қоржын түрінде ұсынылған.
Үш ай бұрын басталған «Talapai» жобасы қазірдің өзінде өте танымал. ЕҰУ магистрантының айтуынша, ұлттық ойынды сатып алуға өтініштер тек қазақстандықтардан ғана емес, Түркия, АҚШ, Нидерланды тәрізді шет мемлекеттерден де келіп түскен.
«Қазір шетелдік үстел ойындары өте көп. Мен біздің ұлттық ойындарымызды неге заманауи үлгіде дәріптемеске деп ойладым. Осылайша «Talapai» идеясы пайда болды. Әр ойын сөмке тәрізді ағаштан жасалған қорапта ұсынылған. Оны барлық жерде алып жүру ыңғайлы және өте жеңіл. Ең бастысы – ағаш сөмке функционалды, оны ашып, ойын ойнауға болады», - деп бөлісті қыз.
Осы жылдың сәуір айында Айнұр Louis Vuitton өкілдерімен кездесуді жоспарлап отыр. Оның киіз үй тәрізді сөмке жасау туралы ұсынысын әлемдегі әйгілі брендтердің бірі қолдап, дизайнды талқылауға Парижге шақырды.
Айнұр Полатова кәсіби дизайн бойынша оқымаған. Биыл Германияда, Гете атындағы Франкфурт университетінде ЕҰУ академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша білімін шыңдайды.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через