Кене тек шағуымен ғана емес, орталық жүйке жүйесіне ауыр зақым келтіретін кене энцефалитін тасымалдаушы ретінде де қауіпті. Бұл туралы Алматы қалалық №11 емхананың хирург-травматологы Жорабек Сұлтанов айтты.
«Кене энцефалитті ғана емес, сонымен қатар, 30-ға дейін ауру түрлерін, оның ішінде оба, туляремия, боррелиоз, бруцеллез, сүзек ауруларын жұқтыруы мүмкін. Кененің шағу уақыты ұзаққа созылмаса да, кене энцефалитінің жұғу қаупі жоққа шығарылмайды», - деді Жорабек Сұлтанов.
Кене көктем, жаз мезгілдерінде қауіпті, тамыз айында инфекция қаупі күрт төмендейді, ал қыркүйек, қазан айларында жойылады.
«Кене таңертең және кешке белсенді болады, ол көлеңкелі ылғалды жерлерді жақсы көреді. Кене төменнен жоғары қарай жорғалайтынын ұмытпаңыз. Оның ағаш немесе биік бұтадан шабуыл жасайды деген қате түсінік. Ол өзінің «олжасын» орманның төменгі деңгейіндегі өсімдіктер арасында күтеді, әдетте биіктігі 1 м-ден аспайды. Биік шөптің ішінде кене күн сәулесінен жақсы қорғанады және шабуыл шағу мүмкіндігі жоғары», - деді дәрігер.
Спикер кене шаққанда не істеу керек екенін де айтты.
«Егер сізді кене шаққанын байқасаңыз, алғашқы 4 күнде шұғыл көмек алу үшін дереу жақын жердегі травмпунктке баруыңыз керек. Себебі, кене шаққан соң әр күн сайын иммуноглобулиннің тиімділігі төмендейді. Травмпунктте кене алынып, шаққан жері емделеді, кене энцефалитіне қарсы иммуноглобулин енгізіледі», - деді Алматы қалалық №11 емхананың хирург-травматологы Жорабек Сұлтанов.
Еске салайық, Алматыда 29 наурыз – 28 сәуір арасында орманды алқаптарда, қала саябақтары мен гүл бақтарда кенеге қарсы дезинсекциялық өңдеу жұмыстарының бірінші кезеңі өтіп жатыр.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото tvoy-bor.ru, Twitter
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через