Алматыда эпидемиялық маусым басталғалы қаланың медициналық ұйымдарына кенеге қатысты 182 адам жүгінді. Оның 100-і бала. Барлығына дер кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетілді.
«Шұғыл медициналық көмек барлығына дер кезінде көрсетілді, кенеге қарсы иммуноглобулин салынды. Былтыр кене боррелиозының 9 жағдайы тіркелсе, биыл бірде-бір ауру тіркелген жоқ», - дейді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әсел Қалықова.
Кенелер кене энцефалиті және кене боррелиозы сияқты жұқпалы аурулардың тасымалдаушысы. Кенелердің белесенді маусымы наурыз-қазан айларына келеді, ал ең жоғары көрсеткіш мамыр мен маусымда тіркеледі.
«Кене боррелиозы (Лайм ауруы) – боррелии тектес спирохеталардан туындайтын трансмиссивті, табиғи ошақты ауру. Кене боррелиозының инфекциясы зақымданған кене шаққанда пайда болады. Кене сілекейіндегі боррелии теріге еніп, бірнеше сағат ішінде көбейеді, содан кейін терінің басқа аймақтарына және ішкі ағзаларға (жүрек, ми, буындар және т.б.) таралады. Боррелии ұзақ уақыт (жылдар) адам ағзасында сақталуы мүмкін, бұл аурудың созылмалы және қайталанатын ағымын тудырады. Инкубациялық кезең 2 күннен 30 күнге дейін, орташа алғанда - 2 аптаға дейін созылуы мүмкін»,- деді ол.
Аурудың белгісі – кене шағу орнында терінің қызаруы. Қызыл дақтың шеттері біртіндеп ұлғаяды, оның диаметрі 1-10 см, кейде 30 см-ге дейін немесе одан да үлкен болады.
«Кене боррелиозын емдеу тек ауруханада жүргізілуі керек. Емделмеген жағдайда ауру асқынып, кейбір жағдайларда жүйке жүйесі мен буындардың зақымдануынан мүгедектікке ұрындырады»,-деді Әсел Қалықова.
Дереккөз ҚазАқпарат. Фото 7-su.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через