Иттер мен мысықтар вирус таратады

Иттер мен мысықтар вирус таратады
фото: https://sputnik.kz

Иттер мен мысықтар вирус таратады

Түркістан облысында ит қапқан 14 жастағы жасөспірім бір жылдан кейін қайтыс болды. Санитарлар алдын ала себебін атады.

Былтыр мамыр айында мектеп оқушысын ит аяғынан қауып алған. Сол кезде ата-анасы медициналық көмекке жүгінбеген.

Ал бір жылдан кейін аурудың белгілері көріне бастады. 7 сәуірде баланың дене қызуы көтерілді. Сүйегі және ит қапқан жері ауырып, әлсіздік пайда болған. Ал су ішкенде баланың тынысы тарыла бастаған. Бала мазасызданып, бір нәрседен үрейленетінді шығарды.

Ата-анасы баланы емханаға апарды. Дәрігерлер сүйектегі ауырсынуды емдеу қажеттігін айтты. Алайда жасөспірімнің жағдайы жақсарған жоқ, керісінше, нашарлай берген. Белі ауыры бастады. Ата-анасы не істерін білмей, жеке емханаларға да көрсетті. Тіпті, емшілерге де барды.

Зерттеу ұл баланың бүйрегі қабынып кеткенін көрсетті. Бірақ оған қарсы ем көмектесе алмады. Жасөспірімде демікпе басталды.

10 сәуірде оны жедел жәрдеммен аудандық ауруханаға алып кетті. Инфекциялық бөлімнің мамандары "құтырма" деген диагноз қойды. Сол күні отбасы мүшелерін де бақылауға алды. Бірақ дәрігерлер жасөспірімді құтқара алмады. 8-ші сынып оқушысы 11 сәуірде көз жұмды.

Айта кетері, құтырма – инфекциялық ауру. Оның инкубациялық кезеңі 12-100 күнді құрайды, бірақ кей кезде бір жылға дейін ұзарып кетеді. Вирус ауру жануардың сілекейі тиген заттар денедегі ашық жарақаттарға тисе, сондай-ақ, жануарлар қауып алған жағдайда жұғады. Үйде, көбінесе, иттер мен мысықтар вирус таратады.

Қауіпті ауру адамның миын зақымдайды. Одан жануар да, адам да өледі. Дәрігерлер ит немесе басқа бір жануар қауып алса, бір тәуліктің ішінде құтыруға қарсы екпе алуға кеңес беріп отыр.

Мәтіндегі ақпарат туралы