фото: sputnik.kz
Баланы қырқынан шыққан соң иткөйлекке тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлаған.
Иткөйлек – жаңа туған нәресте қырқынан шыққанша киетін ғұрыптық көйлек. Оны баланың нәзік денесіне батпасын деп арнайылап шыт, сиса, бәтес, бөз секілді жұмсақ матадан тігісін сыртына қарата тігеді.
Иткөйлекті баланы пәле-жаладан қорғасын деп ырымдап кигізген. Сәби жақсы өссін, ғұмыр жасы ұзақ болсын деп иткөйлекті кең етіп тіккен.
Кейде иткөйлекті көпті көрген, көп жасаған адамның киімінің қалдығынан да тігеді. Қазақтың музыкалық көне аспаптарын шебер меңгерген сазгер, фольклор зерттеушісі Еділ Құсайынов күйші Динаның жыртысынан иткөйлек киген екен. 1955 жылы Дина Нұрпейісова қайтыс болғанда жыртыс мата таратқанда, Еділ Құсайыновтың анасына қызыл түсті бұл тиген. Сол жыртыстан анасы иткөйлек тоқып, баласына кигізген.
Баланы қырқынан шыққан соң иткөйлекке тәттілерді түйіп, иттің мойнына байлайды. Балалар итті қуып жетіп, иткөйлекке түйілген тәттіні бөліп алады да, киімді иесіне қайтарады. Бұл ғұрып "ит қуу" деп аталған. Сәбидің пәле-жаласын қырық жаны бар ит өзімен бірге алып кетеді деп сенген. Балаға иттің жүйрік, алғыр қасиеттері дариды, сәби күшікше бауырын тез көтеріп, жаны берік, "итжанды", яғни төзімді болады деп ырымдаған.
"Баламыз көп болсын" деген ниетпен алғашқы сәбиге кигізген иткөйлекті келесі балаға деп сақтап қойған. Иткөйлекті баланың ырысы мен қуаты басқаларға кетіп қалады деп өзгелерге бермеген. Алайда баласы жоқ әйелдер бала сүйсек деп ырымдап алған. Ондайда баланың анасы иткөйлектің бір шетінен кесіп алып қалған. Кейде иткөйлекті "оттай қаулап жасай берсін" деп отқа өртеген.
ҚазАқпарат
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через