Интернет арқылы тамаққа тапсырыс бергенде нені ескеру керек

Интернет арқылы тамаққа тапсырыс бергенде нені ескеру керек
фото: sputnik.kz

Астана қаласы бойынша санитарлық-эпидемиологиялық департамент басшысының орынбасары Айгүл Шағалтаева интернет арқылы тамаққа тапсырыс беретін адамдарға кеңес берді.

Халық арасында тамақтан улану оқиғалары аз емес. Ішек инфекциялары да туындауы мүмкін. Ондай жағдайға тап болмас үшін интернет арқылы тапсырыс бергенде сайттан ақпаратты оқып алған жөн. Онда фирманың атауы ғана емес, орналасқан жері және жұмыс режимі де көрсетілуі керек. Тамақ өнімдерінің тізімі жарияланады.

"Чекті электрондық поштаға немесе телефонға алғаныңызды нақтылау үшін төлемді жеке тұлғаларға аудармаңыз. Тағамның атауы, жарамдылық мерзімі және қаптамадағы құрамы көрсетілгеніне назар аударыңыз. Сондай-ақ өнімнің салмағы (көлемі) мен оның тағамдық құндылығына назар аударған жөн. Өнімде дайындалған күні мен сағаты, жарамдылық мерзімі және сақтау шарттары көрсетілуге тиіс", - дейді Шағалтаева.

Тамақты алғаннан кейін қаптаманың тұтастығын, сондай-ақ өнімнің бүлінгенін, я бүлінбегенін тексеріп алу қажет.

"Азық-түлік өнімдерін жарамдылық мерзімін ескере отырып сақтаңыз. "Күмәнді сайттар арқылы кездейсоқ адамдардан үйде дайындалған өнімдерді, кремді-кондитерлік өнімдерді сатып алмаңыз", - деп атап көрсетті санитар.

Азық-түлікті дұрыс дайындамау немесе тамақты дұрыс сақтамаудан 200-ден астам ауру болады. Тамақтан уланудың екі себебі бар. Олар - санитарлық нормаларды сақтамау және құрамында патогендер мен улы заттар бар тағамдарды тұтыну.

Улану белгілері болса, алдымен асқазанды шаю керек және дереу дәрігерге медициналық көмекке жүгінген жөн.

Қазақпарат