Қазіргі таңда ғаламтор желісінің дамуы мен электрондық, криптовалюталық төлем жүргізудің мүмкіндіктері себебінен интернет алаяқтық және ақпараттық коммуникациялық жүйе арқылы ұрлық секілді қылмыстар көбейген. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінде мәлімдеді.
«Осы орайда азаматтарды интернет қызмет түрлерін пайдалануда мұқият болуға шақырамыз. Күмән тудыратын сілтемелерді ашпауға, жеке мәліметтер (ЖСН, IBAN, CCV) берілмеуі керек. Егер сіздің төлем картаңызға белгісіз тұлғалардан ақша түссе және басқа шотқа аударуды өтінсе дереу өзіңіздің банкіңіздің Call орталығына немесе құқық қорғау органдарына хабарлаңыз. Егер сіз белгісіз тұлғаның сұрауын орындасаңыз алаяқтардың құрбаны болып қалуыңыз мүмкін», – деді қалалық полиция департаментінің криминалдық полиция басқармасының киберқылмыстарға қарсы күрес бөлімінің бастығы Игорь Пудовкин.
Бұл ретте Алматы полициясы интернет алаяқтардан сақтану жолдарын жариялады:
1. Ешқашан ешкімге өзіңіздің банк карточкаңыздың мәліметтерін, жеке басыңыздың мәліметтерін (жеке куәлік, сурет, төлем картаңыздың суретін, 3 сандық CCV кодын) жолдамаңыз.
2. Интернет арқылы сатып алынатын тауарлар үшін алдын ала төлем жібермеңіз.
3. Егер сіз жылжымайтын мүлік, көлік немесе тауар сатсаңыз төлемдерді қолма-қол алған дұрыс.
4. Егер тауардың, көліктің немесе жалға беру бойынша хабарландыруда алдын ала төлем жасау керек екені жазылса және байланыс тек WhatsApp желісі арқылы болса, электрондық төлем жүргізудің еш қажеті жоқ.
5. Түрлі мессенджерлер арқылы сізге сілтемелер келсе, ол алаяқтардың тұзағы болу әбден мүмкін.
6. Түрлі сайтта банктік карточкаңыздың мәліметтерін жарияламаңыз. Бұл сіздің жеке мағлұматтарыңызды алуға арналған арнайы фишинг сайты болуы ықтимал.
7. Ғаламтор желісі арқылы ұйымдастырылатын ұтыс ойынына қатыспауыңыз керек.
8. Үлкен пайда әкелетін түрлі жобаларға ақша салмаңыз. Сізге басқа шетел абоненттік нөмірі арқылы хабарласып, биржаға, криптовалютаға ақша салуыңызды сұрауы мүмкін.
9. Егер сізге банктің қауіпсіздік қызметінен хабарласса, банк қызметкерлері сіздің картаңыздың мәліметтерін немесе құпия сөз және кодты сұрамайды. Алаяқтар сондай-ақ түрлі телефон абоненттік нөмірін ауыстырып көрсететін домен арқылы хабарласулары мүмкін. Мұндай жағдайда телефон тұтқасын қоя салыңыз.
Фото 365info.kz, kazpravda.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через