Күн өткен сайын жоғары технологиялық өнімнің қаншалық құнды екеніне көз жетіп келеді. Ондайды өзіміз де өндіруді қалаймыз. Алайда оған берік ғылыми платформа қажет. Шетелде ірі корпорациялар ғылыми жобаларға ақша құйса, біздің ғалымдар әлі де бюджеттің қаражатынан үмітті. Үміті ақталып, Үкімет оларды жарылқап қалса да, алақанды толтырып бермейтіні тағы бар. Мұндай жағдайда отандық ғылымды өркендету мүмкін бе? Әлде дайын тауарды шетелден импорттауды жалғастыра береміз бе?
Өркениеті озық елдерде ғалымдардың бәсі қашанда жоғары. Соған сай олардың еңбектерін жеткілікті дәрежеде бағалап, өздеріне де құрмет көрсетіледі. Қайсы мемлекеттің де ғылымға деген көзқарасы оның бұл салаға салған қаржысының мөлшерімен өлшенеді. Осы есепке салсақ, ғылымға ЖІӨ-нің Израильде 4,6%-ын, Швецияда 4%-ын, Жапонияда 3,4%-ын, АҚШ-та 2,7%-ын, Германия да 2,5%-ын, Ресейде 1,25%-ын бөлсе, Қазақстанда – 0,16%. Қазақстан ғылым бойынша әлемдік рейтингте 61-орында. Яғни, өркениет көшіндегі елдерден 24 есе төмен. Халықаралық академиялық кеңестің дерегіне сүйенсек, мемлекеттің ғылымға бөлетін қаражаты 1,5 пайыз дан артық болған жағдайда ғана бұл сала дами алады екен.
Сондай-ақ біздің ғылыми қызметкерлердің айлық жалақысы да шетелдік әріптестерінен көп төмен. Осыдан болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республикада 42 мың адам ғылыммен шұғылданса, қазір олардың саны 8 мыңнан сәл асады. Бұл 1 млн тұрғынға шаққан есеп бойынша АҚШ-тан 6,4 есеге, Ресейден 4,3 есеге, Беларусьтен 2,7 есеге аз.
Ғылым экономикаға қызмет етуі тиіс
Осындай қиын қаржылық жағдайға қарамастан Қазақстанда аты әлемге әйгілі ғалымдар аз емес. Бірақ ел ішінде олардың ашқан жаңалықтарын өндіріске енгізу оңайға соғып тұрған жоқ. Үкімет қаулысында: «Қолданбалы зерттеулер бағдарламасы бойынша ұсынылған жобаның кем дегенде 1%-ы жекеменшік қаржыландыру болу керек» делінген. Осыдан келіп зерттеуді қаржыландыруға қатысқан кез келген тұлға ғалымның өнертабысына ортақтаса кетеді. Ал ғылыми ұйымдар зерттеудің одан да көп бөлігін өздері қаржыландырып, жұмыстың нәтижесін өздерінің құзырында қалдырайын десе, оған заң рұқсат бермейді.
Ол ол ма,бүгінде ғылыми-зерттеу ұйымдарының өмір сүруі де қиындап кетті. Бұрынырақта ғылыми мекемелер механикалық құрылғыларды, қажетті аппараттарды өз шеберханаларында жасап алатын. Одан бөлек, сырттан да коммерциялық тапсырыстар алып, қосымша қаржы тауып тұрған. Бұл ақша мұндай мекемелердің әлдебір керек-жарақтарының шығынын еркін өтеп келген еді. Қазір ондай мүмкіндік жоқ. Мемлекеттік мекемелерге қатысты жаңа заң ережесі бойынша енді ғылыми ұйымдардың жанама табыс табуына тыйым салынған. Тіпті, тапқанның өзінде ол қаражатты бюджетке аударуға міндетті. Сондықтан ғылыми институттардың қосалқы шаруашылықтармен қош айтысуына тура келді. Енді ғылыми жұмыстарына қажетті жабдықтарды сырттан әлденеше есе қымбат бағаға, әлденеше есе көп уақыт жоғалта отырып, сатып алуға мәжбүр болды. Сондай-ақ оқу орындарынан өзге ғылыми мекемелер маман дайындау құқығынан айырылды. Бұл да жас мамандарды даярлауға кесірін тигізіп тұр.
Бүгінде Қазақстанда 383 ғылыми-зерттеу мекемесі болса, олар әртүрлі министрлікке бағынады. Дені Білім және ғылым министрлігінің қарамағында, енді бірі Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашылығы министрлігіне бағынышты. Бұл – бұрыннан бар үрдіс. Бірақ қазір қай саладағы, қай министрлікке қарайтын ғылым арнасы болмасын, барлығының бағдарламасы Білім және ғылым министрлігі арқылы өтеді. Аталған министрлік мемлекеттік сараптаманы Ұлттық ғылыми кеңестің, Жоғарғы ғылыми-техникалық комиссияның талдауынан өткізіп барып салалық министрлікке ғылыми жобаны қаржыландыруға рұқсат береді. Ал ғылыми жұмыстарды сараптау осы ведомствоның жанынан құрылған институттарға басы бүтін берілгендіктен, ақша бөлу кезінде ол ең бірінші өз мүддесін көздейтіні түсінікті. Яғни, мемлекет тарапынан ғылымға бөлінген қаржы шын мәнінде озық танылған жобалардан бұрын БҒМ қарамағындағы өз мекемелеріне бұйыруы ықтимал.
Мәселен, «Агроөндіріс кешені түрлерінің дамуы және ауыл шаруашылығының қауіпсіздігі» бағыты бойынша алдыңғы жылы өткен конкурста қаражатты бөлуде өрескел қателіктерге жол берілгені анықталған. Ол туралы Мәжілісте мәселе көтерілгені де есімізде. Ұлттық ғылыми кеңес бірінші кезеңде 16-19 балл алған жұмыстарды өткізіп, 30-дан артық балл жинаған зерттеулерді өткізбеген. Жетекшісі ҰҒК мүшесі болған бір жоба 20 балл алса да, қаржыландыру тізіміне іліккен, керісінше кейбір 30-дан артық балы барлардың жұмысы өтпей қалған.
Мұндай әрекеттер қайталанбас үшін Ұлттық ғылыми кеңес пен Мемлекеттік ғылыми-сараптау Білім және ғылым министрлігінің құрамында емес, өз алдына бөлек тікелей Үкіметке қарайтын ұйым болғаны дұрыс. Ал енді «жұмыстарға міндетті түрде шетелдік ғалымдардың сараптамасы керек» деген қағида Қазақстан ғылымындағы жетістіктерді басқа елдердің пайдаланып кетуіне жол ашып отыр. Ондай талап басқа ешбір елде жоқ.
Бар мәселе қаржыға тіреліп тұр
«Ғылымды қаржыландыру мәселесі – бүгінде ең үлкен проблемалардың бірі. Әр ғылыми тақырыпқа Білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылатын талаптар бар. Сол талаптар қазір абсурдқа жақын. Яғни, ғылымның дамуына ешқандай да оң әсер етпейді. Себебі бүкіл зерттеу жұмыстарының нәтижесі тек «ғылыми мақалалардың жариялануы» принципімен анықталады. Бағалау «Бұған дейін қандай ғылыми мақалаларың қайда жарияланды?» деген сұрақ аясында ғана жүргізіледі. Мұның түбегейлі дұрыс емес екенін осы талаптар пайда болғалы бері айтып келе жатырмыз, бірақ құлақ асатын жан жоқ», – дейді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әбдірәсіл Жәрменов.
Оның айтуынша, осындай түрлі кедергінің салдарынан ғалымдар өзінің өнертабысын патенттей алмай, қиналып жүр. Былтыр мемлекеттік ғылыми сараптауға түскен 1 700 жобаның тек 200-не ғана толыққанды патент берілген. Ол бір жағынан патенттеудің қымбаттығына да байланысты. Ғылымға бөлінген ақшаның едәуір бөлігі ғылыми-зерттеуге жатпайтын басқа шығындар коммуналдық төлемдерге, электр энергиясына, қондырғыны пайдалануға, материалдарды сатып алуға, жұмысшылар айлығына төлеуге шығындалатындықтан, жобаны қаржыландыруға ақша жетпей жатады. Тіпті, патенті бар көптеген институт өз жобасын қолдауға мүмкіндік таба алмайды. Сондықтан қазақ ғалымы әлемге аса қажет жаңалық ашуы мүмкін, бірақ ол өндіріске алынбағандықтан және өнім ретінде нарыққа шығарылмағандықтан, ешкімге пайдасыз сызба күйінде жұмыс үстелінің тартпасында ұзақ жылдар шаң басып жатуы әбден кәдік.
Өркениетті елдерде интеллектуалдық меншікке өте құрметпен қарайды және оны өз мемлекеттерінің өнімі ретінде сыртқы нарыққа сатылымға шығаруға күш салады. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбритания өз өнертабысының сыртқы нарықты жаулауына және кең таралуы үшін мемлекеттен субсидия қарастырған. Сол арқылы басқа елдердің болашағы бар нарығын өз өнімдерімен жаулап алуға тырысады. Сөйтіп, олардың сол бағыттағы өндірісін жөргегінде тұншықтырып жіберуге тырысады. Тек күштілер ғана өмір сүруге қақылы нарықтың қатал заңы – осы.
Осындай келеңсіздіктің салдарынан тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың талай дарыны қолдау таппай, қыр асып кетті. Мысалы, АҚШ-тың Массачусетс технологиялар институтының ғылыми қызметкері Қуат Есенов, Калифорниядағы Oracle Corporation компаниясының иесі Нұртас Мәкімов, Жапонияның Нагасаки Ұлттық медицина орталығының дәрігер-генотомы Қаһарман Еменбетов, тағы басқа ондаған ғалым шетелден бақытын тапқан. Физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ-тағы университет профессоры Бақытжан Әлімбековті де америкалықтар алақанына салып отыр.
Сондай-ақ кейінгі 5 жыл ішінде құзырлы комиссияның сараптауынан өтіп, мақұлданған жас ғалымдардың 200-ге тарта жобаның қаншасы өндіріске енгізілгені туралы да дерек жоқ. Бірақ бізге керек болмаған осы жобалардың шетелдіктердің қызығушылығын тудыруы мүмкін. Ондай мысал да жетерлік. Егер бүгін бұл кемшіліктер жойылмаса, ертең қазақ жерінде туған құнды идеялар шекара асып жатса, оған кімді кінәларсың?!
Р.S. Айта кету керек, Үкімет кейінгі жылдары ғылым мен білімге көп көңіл бөле бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында 2025 жылы ғылымды қаржыландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 %-на жеткізу қажет екенін айтты. Егер Қазақстан 2019 жылы ғылымға 43 миллиард теңге жұмсалса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 431 миллиард теңгеге дейін өсетін болды. Яғни, ғылымды қаржыландыру осы алты жылда он есеге ұлғая түспек. Міне, қазақ ғылымының тұсаулы адымы сол кезде еркін ашыла түсер деп үміттенеміз.
Aikyn.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через