Елімізде ғылыми коммерцияландыру жобаларын гранттық қаржыландыру конкурсы басталды.
Соңғы 3 жылда елімізде белгілі бір коммерциялық әлеуеті бар перспективалық жобалардың пулы қалыптасты.
Отандық ғылыми әзірлемелерге негізделген үздік инновациялық тауарлар мен қызметтер мемлекеттік қолдауға ие болып, қаржыландырылады және экспортқа шығарылады. Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі Standard.kz тілшісіне хабарлады.
Ғалымдар өз жобаларын жүзеге асыру үшін 300 млн теңгеге дейін қаржы ала алады.
Жобалар экономиканың денсаулық сақтау, сапалы білім беру, цифрландыру, геологиялық барлау, энергетикалық кешенді жаңғырту, өңдеу өнеркәсібі, мұнай-химия өнеркәсібі, экология, агроөнеркәсіптік кешен, металлургия, металл өңдеу, туризм және т.б. сияқты салаларды қамтуы мүмкін.
Бұл байқауда ашықтық пен транспаренттілікке бағытталған жаңашылдықтар пайда болды. Коммерцияландыру жөніндегі арнайы құрылған ұлттық кеңестің өкілдері қаржы бөлу үшін жобаларды іріктейді. Оның құрамына жетекші ғалымдар, венчурлық бизнестің, салалардың өкілдері, инновация саласындағы сарапшылар кіреді. Кеңес Үкімет қаулысымен бекітіледі.
Байқау талаптарына сәйкес жоба 3 жыл ішінде аяқталып, сатылымға шығуы керек, ал қоса қаржыландыру грант сомасының кемінде 20%-ын құрауы тиіс. Командалар құрамында 5 адамға дейін қатыса алады.
Өтініштерді қабылдау 2022 жылғы 6 маусымда басталып, 5 шілдеде аяқталады. Өтініштерді «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ автоматтандырылған ақпараттық жүйесі, яғни www.is.ncste.kz.дет сілтемесі арқылы жіберуге болады.
Қажетті құжаттар тізімі ҚР БҒМ Ғылым комитетінің, Мемлекеттік ұлттық ғылыми-техникалық сараптама орталығы», «Ғылым қоры» веб-сайттарында орналастырылған.
Фото: bilimdinews.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через