8-наурыз қыз-келіншектердің құшағы гүлге, жүзі нұрға толатын күн. Бұл гүні нәзік жандарға қандай сый сыйласа да жарасады. Алайда гүлдің орны бөлек.
Ол әрине түсінікті де. Мейрам келді деп ер-азаматтар сүйіктісінің де, сүйкімдісінің де көңілін аулау үшін гүл шоғын беруге тырысады әрине.
Лала, қалампыр, раушан сияқты гүлдерді қай елдерден алып келетінін білгіңіз келе ме? Ендеше мына деректерді қараңыз: Жыл басынан бері Эквадордан 769 тонна гүл жетіпті. Нидерландыдан 268 тонна, Колумбиядан 137, Кениядан 108 тонна. Міне, тонналаған гүлдердің саны осылай кете береді.
Сізге өзге затты былай қойғанда гүлдің өзін импорттайтындай не күн туды деген ой келмеді ма? Өзіміз егіп өсіре алмаймыз ба деуіңіз де бек мүмкін? Расымен де, алыстан арбалағанша, жақыннан неге дорбаламаймыз? Біріншіден, мұның ар жағында экономикалық мәселелердің құлағы көрініп тұрған сыңайлы. Екіншіден, Қазақстандағы жылыжайлардың ішкі нарықты қамтуға әзірге қауқары жетпейді.Себебі кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық аз. Инвестиция жоқ. Субсидия ала алмайды.
Жалпы алғанда елімізде сатылатын гүлдердің тек 25 пайызы ғана өзімізде өсірілетін көрінеді. Қалғаны тау асып, теңіз арқылы, тас жолмен тіптен, ұшақпен де жеткізіледі.
Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпаратына сүйенсек былтырғы жылы алыс-жақын шетелден 6690 тонна гүл жеткізіліпті. Оған 46 бүтін 7 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Биылғы көрсеткіш те қалысар емес. Айталық биылғы жылдың қаңтар-ақпан айының өзінде 1341 тонна гүл импортталған. Олардың бағасы 9 жарым миллион АҚШ долларына тең. Елге кіргізілетін гүлдердің көш басында раушан гүлі тұр. Екі айда кірген импорт 1341 тонна гүлдің 800 тоннаға жуығы раушан гүліне тиесілі. Одан кейін бақыт гүлі, қалампыр, лола гүліне деген сұраныс жоғары.
Еліміздің Екібастұз қаласындағы жылыжайда бұрын голандтық тәсілмен раушан гүлі өсірілген. Кешеннің қауқары бес гектар жерге жылына 7 миллион гүл өсіруге дейін жетіпті. Тіпті көрші Ресейге де экспорттаған екен. Алайда 20-шы жылғы пандемия кәсіпке қолбайлау жасағаны рас. Содан жылыжай орны бүгінде алқызыл раушанның орнын қып-қызыл қызанаққа ауыстырған. Екібастұздық кәсіпкерлердің гүл егу кәсібін қайта қолға алу ойлары бар екенін айтып отыр. Себеб, бүгінгі таңда Ресейдегі санкциялардың кесірінен Европадан гүл жеткізу қиын болып отырған көрінеді.
Қалай дегенмен де гүлге деген сұраныс қашанда жоғары. Тау-тас асып келсе де сатып алынады. Алайда отандық жылыжайлар бұл қажеттілікті қанағаттандыра алмаса да, басқа кәсіпкерлер гүл шоқтарын жеміс-жидектен жасап, түрлі жұмсақ ойыншақтардың жиынтығынан да гүл шоқтарын жасапта табыс тауып жатыр. Сондықтан гүлге деген таңдау көп. Ең бастысы қыз-келіншектер кез-келген сыйды шынайы көңілмен қабыл алса болғаны.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через