Google бүктелетін смартфон шығарды

Google бүктелетін смартфон шығарды

       Google екіге бүктелетін Pixel Fold смартфонын шығарды. Смартфонның дисплейі жиналады әрі үлкен. Бұл Google-дың көптен күткен жаңа өнімі.

       Google I/O 2023 презентациясында жаңа өнімдерімен таныстырды. Олардың ішінде компанияның алғашқы екіге бүктелетін Pixel Fold смартфоны да болды. Енді әлемдегі барлық ірі смартфон өндірушілердің барлығында бүктелетін модель бар. Тек Apple-де ғана әзірше жиналмалы телефон жоқ.

 

Фото Google сайтынан алынды

       Бүктелетін Pixel Fold смартфоны Google Pixel 7 Pro сияқты, тек икемді және дисплейі екі есе үлкен. Бұл Google-дың көп күттірген жаңа өнімі. Сарапшылар Pixel Fold таңғаларлық техникалық жаңашылдық көрсетпеді дейді.

Құрылғының басты сипаттары: ол Android жүйесінде жұмыс істейді, Google-ға тән өзіндік дизайнмен шығарылады. Google смартфондарының басты тартымдылығы да осында. 

       Pixel Fold смартфонында эксклюзивті мүмкіндіктер де жетерлік. Мысалы, жиналмалы смартфон осындай құрылғылар үшін оңтайландырылып өзгертілген Android 13 операциялық жүйесін алды. Және Pixel Fold бір уақытта бірнеше тереземен жұмыс істей алады, сегіз ядролы Google Tensor G2 чипі орнатылған. 

Фото Google сайтынан алынды

       Pixel Fold смартфонында 2 экран бар: ішкі және сыртқы Сыртқы OLED экранының диагоналі 5,8 дюйм, ішкі OLED экран 7,6 дюйм. Жедел жад 12 ГБ, тұрақты жады 256/512 ГБ. Негізгі камерасы 48 МП, кең бұрышты камерасы 10,8 МП, ал сыртқы 9,5 МП, ішкі камера 8 МП. Смартфонда USB-C порты, 5G қолдауы, стерео динамиктер мен саусақ ізінің сканері бар.

       Мамандарға ұнамайтын тұсы – Pixel Fold ішкі экранының айналасында үлкен жиектері бар. Бұл ішкі дисплейге қатысты. Үлкен қара жолақтар төменгі және жоғарғы жағында орналасқан, бұл құрылғыны эстетикалық тұрғыда сүйкімсіз көрсетеді. Мүмкін келесі модельдерде бұл кемшілік түзетілетін шығар.

Фото Google сайтынан алынды

Pixel Fold (256 ГБ)  бағасы 1799 доллар, ал Pixel Fold (512 ГБ) – 1919 доллар бағамен сатылады. Бұл нарықтағы көп смартфондардан қымбат болғанымен сапа жағынан тартымды саналады.

       Алғаш сатыла бастағанда жиналмалы Samsung Galaxy Z Fold 4 те 1799 доллар болған. Pixel Fold мамыр айының соңында сатылымға шығады деп уәде берді Google өкілдері. Қазақстанда ресми түрде қашан сатылатыны белгісіз.

       Aikyn.kz