фото: mtdata.ru
Жаһанда технологиялық үдерістер дамыған сайын адамзат оның зиянын да қоса көріп жатқандай.
Қазір дамыған елдер балалардың смартфон қолданып, әлеуметтік желілерге кіруін шектеуге қамданып отыр. Қазақстан да бұл шектеулерді енгізуге мүдделі секілді.
Аустралиядан басталған үрдіс
Бүгінде Еуропаның Франция, Испания, Италия, Грекия және Германия сияқты бірқатар елдері балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына шектеулер мен тыйымдар енгізуге оқталуда.
Бұл үрдісті бірінші болып Аустралия бастағаны есте. Өткен желтоқсанның басында 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға тыйым салды.
Қазір Аустралияда 16 жасқа толмаған балалар Facebook, X, Threads, Snapchat, Instagram, TikTok, Twitch, Reddit және YouTube сияқты платформаларда аккаунт аша алмайды. Заң талаптары бұзылса билік компанияларға 28 миллион еуро көлемінде ірі айыппұл салуы мүмкін.
Енді еуропалық елдер де осындай шектеулерді енгізу керек пе деген мәселені талқылауда. Кей елдер бұл істі бастап та кетті. Мысалы, былтыр қарашада Дания үкіметі 15 жасқа толмағандардың бірқатар әлеуметтік желілерге қол жеткізуіне тыйым салу туралы бастаманы барлық саяси партиялар қолдағанын мәлімдеді.
Данияның цифрлық мәселелер жөніндегі министрі Каролина Стаге Associated Press агенттігіне тиісті заңды қабылдауға бірнеше ай кететінін айтқан. Данияда ұлттық электрондық сәйкестендіру жүйесі бар және Стагенің айтуынша, жасты тексеруге арналған қосымша әзірлеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ ел интернеттегі балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған 14 бастамаға 21,4 миллион еуро бөлген.
Ал Францияның цифрлық мәселелер жөніндегі министрі Анн Ле Энанф 2026 жылдың алғашқы айларында 15 жасқа толмағандарға арналған әлеуметтік желілерді шектеу туралы заң жобасын ұсынуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.
Бұл қадам қыркүйек айында жарияланған парламенттік комиссияның баяндамасынан кейін жасалып отыр. Онда 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді толықтай тыйым салу және 18 жасқа толмағандар үшін цифрлық коменданттық сағат енгізу ұсынылған. Бұған 2024 жылы 7 француз отбасының TikTok платформасына қарсы сотқа талап арыз беруі себеп болды. Олар бұл платформаны балаларға суицидке итермелейтін контент көрсетеді деп айыптаған.
Францияда қазірдің өзінде 15 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желіде аккаунт ашу үшін ата-ананың нақты келісімі қажет. Сондай-ақ ата-аналар баласының аккаунтын жабуды да талап ете алады.
Испания заң шығарушылары да 16 жасқа толмаған балаларға ата-ананың нақты келісімінсіз әлеуметтік желілерге, форумдарға, байланыс платформаларына немесе жасанды интеллект қолданылатын кез келген виртуалды кеңістікке қол жеткізуге тыйым салуды ұсынуда.
YouGov жүргізген соңғы сауалнамаға сәйкес, испандық ата-аналардың 79 пайызы Аустралия үлгісіндегі әлеуметтік желілерге жас шектеуін қолдап отыр. Алайда сауалнамаға қатысқандардың әрбір үшіншісі мұндай шектеуді Испанияда орындау қиын болады деп санаған екен.
Былтыр мамырда Италия парламенті де 15 жасқа толмаған балаларға арналған әлеуметтік желілерге шектеу енгізуі мүмкін заң жобасын ұсынды. Ал қарашадан бастап Италияда ересектерге арналған сайттарда жасты тексеру туралы заңнама да күшіне енді. Қазір италиялық отбасылар TikTok пен Meta компаниясына тиесілі Facebook пен Instagram платформаларына қарсы сотқа жүгініп жатыр.
Өткен жылы қыркүйекте Грекия премьер-министрі Кириакос Мицотакис БҰҰ Бас ассамблеясында ел Аустралия моделіне ұқсас әлеуметтік желілерге тыйым салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеген еді. Грекия мектеп сыныптарында смартфондарды пайдалануға қазірдің өзінде тыйым салған.
Ал Германияда әзірге 16 жасқа толмағандар үшін әлеуметтік желілерге қатысты нақты шектеулер жоқ. Дегенмен былтыр қарашада үкімет Германияда мұндай тыйым енгізу мүмкіндігін зерттеу және әлеуметтік желілердің неміс жасөспірімдеріне әсерін кеңінен бағалау үшін арнайы комитетке тапсырма бергенін хабарлады. Қорытынды баяндама биыл күзге қарай ұсынылады.
Егер Германия парламенті тыйым енгізу туралы шешім қабылдаса, ол Аустралиядағыдай балалардың әлеуметтік желілерде аккаунт ашуына жол бермейді, алайда жүйеге кірмей сайттарды қарау мүмкіндігі сақталады. Әлеуметтік желілер үшін заңды ең төменгі жасты 16 жас деп белгілеуді талап ететін петиция 34 мыңнан астам қол жинап, қазір үкіметтің қарауында тұр.
Қазақстан да шектеу енгізуге мүдделі
Енді өзіміздегі жағдайға оралайық. Қазақстан да 16 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желілерге қолжетімділігін реттейтін заң жобасын әзірлеп үлгерді.
Жуырда талқыға түскен "Онлайн-платформалар және бұқаралық ақпарат құралдары мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасында 16 жасқа дейінгі балалардың TikTok, YouTube, Instagram сияқты платформаларға тіркелуіне тыйым салу қарастырылған. Егер құжат қабылданса TikTok, Instagram, YouTube секілді платформаларда балалардың тіркелуі заң жүзінде шектеледі.
Бұл шара "зиянды контент көлемін азайтып, балаларды онлайн ортадағы қауіптен қорғауға бағытталған". Заң жобасы 4 желтоқсанда "Ашық НҚА" порталында жарияланған еді.
Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, бүгінде әлеуметтік желінің "тәрбиеші" рөлі ата-ананың өзін алмастырып барады.
"Балалардың TikTok, YouTube пен Instagram-нан көріп жүрген контенттерін ата-аналары көбінесе бақылай алмайды, қажет сүзгіден де өтпейді. Яғни, 4,5 және 6 жастағы балалардың қолына сіріңкеден де қауіпті құрылғы бар деп айтуға болады", – деген Аймағамбетов.
Қазір Қытайда да балаларға арналған қосымшаларға қатаң шектеулер бар көрінеді. Мәселен, экран уақыты бақыланады, түнгі уақытта қолжетімділік автоматты түрде тоқтайды, тек білім беретін контент ұсынылады.
Дегенмен сарапшылар бұл бастаманың Қазақстанда толық іске асуына кедергілер де барын айтуда. Елде әлеуметтік желілерді бұғаттауға қажетті барлық негізгі техникалық құралдар бар. Бірақ жас санатын жіктеп, тек 16 жасқа дейінгі балаларға ғана шектеу қою – өте күрделі механизм. Байланыс операторлары немесе интернет-провайдерлер трафик арқылы қолданушының жасын көре алмайды. Ол үшін SIM-карта иесінің жасын есепке алып, балаларды бөлек санат ретінде фильтрлеу керек. Бұл қателік қаупі жоғары процесс екен.
Дерек көзі: https://inbusiness.kz
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через