Ресей ұялы телефондардың ұлттық санағын өткізеді

Ресей ұялы телефондардың ұлттық санағын өткізеді
фото: https://pixabay.com/

Көрші елде былтыр ондаған миллион SIM-карта бұғатталған, бірақ бұл тек басы ғана.

Мемдума РФ Үкіметі әзірлеген алаяқтықпен күрес жөніндегі түзетулердің екінші топтамасын қабылдады. Бұл пакет жинақы түрде "Антифрод 2.0" (ағылшынша fraud – алаяқтық) деп аталды.

Ең басты жаңашылдығы – ұялы телефондардың IMEI-нөмірлерінің тізілім-реестрін құру. Енді ресейліктердің телефонының сәнді болуы міндет емес, бірақ "сенімді", яғни, мемлекетке адал болуы шарт.

Операторларға ақ тізімге енбеген құрылғылармен "араласуға" қатаң тыйым салынады. Егер әлдебір білгір маман IMEI-ді бағдарламалық жолмен өзі өзгертсе, қатаң жазаланады.

ФҚҚ сияқты сұсты ведомстволар кімнің желіде қалатынын, ал, кімнің оффлайнда "мұңайып" отыратынын жеке дара шешу құқығына ие болды. Сонымен қатар IP-адрестердің "сақтандыру тізілімі" жасалады, ресейлік электронды пошта мекенжайлары арқылы міндетті авторизация енгізіледі, виртуалды телефон станциялары мен SIM-бокстар қатаң реттеледі.

Заңнамалық креатив мұнымен бітпейді: балаларға арналған арнайы SIM-карталар енгізіледі. Ата-аналар нөмірді баласы пайдаланып жатқанын операторларға баяндауға міндеттеледі. Роскомнадзор өскелең ұрпақтың желіден нақты нені іздеп жүргенін қадағалау үшін мониторинг жүйесін құрады.

"Темір шымылдырық" түсіріледі: абоненттің алдын ала келісімі алынбаса, шетелден түсетін қоңырау бұғатталады. 24 сағаттық шектеу енгізіледі: егер "Антифрод" мемлекеттік ақпараттық жүйесі ресейліктің нөмірін не тілдесуін күмәнді деп тапса, артық сөзге келместен байланысты 1 тәулікке ажырата салады. Көршінің керемет "ноу-хауы".

Бұл іс жүзінде нені білдіреді?

IMEI – мобильді құрылғының халықаралық сәйкестендіргіші, әрі өндірушінің әр құрылғыға телитін 15 таңбалы коды. Оны *#06# санын теру арқылы білуге болады. Дәл осы код РФ-та адамдардың қалтафонын желіге жіберу-жібермеуді шешетін кілтке айналады.

Бұл ретте әрбір оператор өз IMEI базасын қалыптастырып, деректерді бірыңғай орталықтандырылған базаға береді. Құрылғының IMEI-і мобильді нөмірге "бекітіледі". Қисыны қарапайым: егер құрылғы тіркелмесе, ондағы SIM-карта да жұмыс істемейді, деп жазды "Коммерсант". IMEI тіркеу 2027 жылы енгізіледі деп жоспарланған: содан кейін желіде тек тіркелген құрылғылар ғана жұмыс істей алады.

Заң жобасының авторлары осы арқылы бір оқпен бірнеше қоянды атып алуға ниетті. Мемдуманың ақпараттық саясат, технологиялар комитетінің төрағасы Сергей Боярскийдің пікірінше, біріншіден, ұялы телефонның ұрлығы мағынасыз болып қалады, өйткені құрылғыны IMEI арқылы бұғатталады. Бірақ бұл дәйектеме шындық ауылынан алыс жатқандай: дәл осылай "Имейді" жаппай тіркеуді Қазақстан екі жыл бұрын енгізді, бірақ ұялы телефон ұрлау тыйылмады.

Екіншіден, Ресейде тоқтаусыз ушығып бара жатқан телефон алаяқтығына қарсы күрес күшейеді. Үшіншіден, бұл шаралар контрабандамен күреске көмектесуі мүмкін.

Сондай-ақ Боярский осы қатаң шаралардың қажеттігін "көршілес мемлекеттің аумағынан" ұшырылатын дрондарға қарсы тұрумен түсіндірді. РФ Цифрлық даму министрлігі SIM-карта мен құрылғы өзара қатаң байланыстырылса, ұялы нөмірдің ұшқышсыз аппаратта қолданылып жатқан-жатпағанын анықтауға болады дейді. Сірә, тіркелген IMEI-і бар болса, дрон шекарадан ұшып өтуге именеді деп үміттенетін секілді.

Нарыққа әсері қандай болмақ?

Кейбір сарапшы мұндай база құрылған соң, азаматтар билік алдындағы анонимділігімен біржола қоштаса беруіне болады дейді. Цифрлық сәйкестендіру онсыз да қарқынды кеңейіп жатқан жағдайда оған "ұялы құрылғы + нөмір" қағидатының қосылуы Ресейдің бақылау инфрақұрылымын күшейте түседі.

"Mobile-Review" басылымының негізін қалаушы Елдар Мұртазиннің мәліметінше, РФ-тің мобильді құрылғылар нарығы екінші жыл қатарынан қысқаруда. 2025 жылы бүкіл РФ-та 23,6 млн ұялы құрылғы ғана сатылған. Салыстырғанда, 2024 жылы бұл көрсеткіш 28,6 млн болған еді. Ақшалай көлемде РФ нарығы 750 млрд рубльден 560 млрд рубльге дейін құлады. 2026 жылға болжам да көңіл көншітпейді.

Сонымен қатар қазірдің өзінде Ресейде сатылатын смартфондардың шамамен 40%-ы "сұр" нарыққа тиесілі. Мұнда бағалар салондардағы ресми бағадан 30–35% төмен. Дәл осы айырмашылық тұтынушыларды жаппай көлеңкелі сегментке жетелейді. IMEI-ге бақылауды күшейту бір жағынан "сұр" импортқа соққы беруі мүмкін, алайда екінші жағынан оны одан сайын ұлғайтуы да ықтимал.

Мұртазин IMEI базасын SIM-картаны құрылғыға қатаң бекітпей-ақ жүргізген жөн деп санайды: бұл есепке алынбаған гаджеттерді бұғаттауға мүмкіндік берер еді. Сонымен бірге пайдаланушылар үшін қолайлы: олар мысалы, сынып қалған смартфонының SIM-картасын жаңасына жедел ауыстыра алар еді.

Бірақ Мемдума бұған рұқсат етпеді. Мұртазин сондай-ақ реестрдің украиналық дрондармен күресте тиімді құрал боларына күмәнданады: IMEI-лердің "қара нарығы" бар, одан Украина да сатып алып, дрон құрылғыларының IMEI-ін алмастыру қаупі бәрібір сақталады. Бұл мәселенің "кепілдендірілген техникалық шешімі" жоқ екен.

Жаңашылдықтың алаяқтықпен күрес саласында да тиімділік әкелуі неғайбыл: қаскөйлердің едәуір бөлігі сим-картаны емес, виртуалды нөмірлерді пайдаланады, әрі РФ-тан тыс жерде орналасқан.

Шетелдік қоңырауларға тыйым мен балалар SIM-картасы

Топтамада халықаралық қоңырауларға қатысты қосымша шаралар қарастырылған: "Ресейдің нөмірлеу жоспарына" кірмейтін нөмірлерден түсетін қоңыраулар абоненттің алдын ала келісімі болмаған жағдайда доғарылатын болады. Оның үстіне абонент шетелден келетін қоңырауларды қабылдауға өзіне тыйым қоя алады.

"Балалардың арнайы SIM-карталары енгізіледі. Ата-аналар немесе заңды өкілдері мобильді нөмірді кәмелетке толмаған баласына берсе, дереу операторды хабардар етуге міндетті. Ізінше бұл мәліметтер Роскомнадзордың мониторинг ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Оператор абоненттік нөмірді шын мәнінде баланың пайдалану фактісін тексеруге тиіс", – деп түсіндірді шолушы Игорь Королев.

Бұдан бөлек, "Антифрод" мемлекеттік ақпараттық жүйесі арқылы операторлар өз бетінше құқыққа қайшы әрекет белгілері бар нөмірлерді анықтауы қажет. Жоғарыдан тиісті нұсқау түссе, байланыс қызметтері 24 сағатқа тоқтатылады. Мұндай нөмірлерді анықтау тәртібін Үкімет ФҚҚ (ФСБ) және РФ Орталық банкімен келісіп бекітеді.

Сондай-ақ оператор құқық қорғау органдарының немесе Роскомнадзордың сұрауы бойынша, мысалы, абоненттің деректері сәйкес келмесе, жеке деректері расталмаса, IMEI-нөмірі шартта көрсетілген мәліметтерінен ерекшеленсе, сондай-ақ "байланыс желілері мен құралдарын пайдалану арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу және жолын кесу" қажет болса, кез келген абонентке байланыс қызметін көрсетуді дереу тоқтатуға міндетті.

Қателер, бұғаттаулар және байланыс "жоқшылығы"

Жаңашылдықтар мобильді байланыспен ғана шектелмейді. Пайдаланушыларды ресейлік сайттар мен онлайн-сервистерде электрондық пошта арқылы авторизациялау тек .ru, .рф, .su домендік аймақтарындағы мекенжайлар арқылы ғана жүзеге асырылады.

"Коммерсант" газеті Ресейде бұғаттаулардың алапат ауқым алғанын растайды: ресейліктердің SIM-карталарын ұялы байланыстан жаппай ажырату жүріп жатыр. 2025 жылдың қорытындысында РФ-та 18 миллион 450 мыңнан астам SIM-карта бұғатталды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 76%-ға көп.

Ресей тұрғындарының бір бөлігі сим-карталарын оператордың базасына деректерінің бұрыс енгізілуі салдарынан жоғалтқан. Бұл көбіне SIM-картаны рәсімдеу кезінде байланыс салоны қызметкерінің жіберген қателігінің салдары. CNews редакциясының қызметкері таяуда фамилиясындағы бір әріптің жаңсақ жазылуы кесірінен нөмірінен айырылып қалды. Қателікті нөмірді рәсімдеген салон қызметкері жіберіпті.

"Сим-карталардың тағы бір бөлігі заңдардың антифродтық бірінші топтамасына байланысты оффлайнға кетті: ол өзгерістерге сәйкес ресейліктер бір паспортқа 20 SIM-картадан артық рәсімдей алмайды. Бұдан бөлек, операторлардың байланыс ережелерін бұзуы, абоненттер туралы сенімсіз деректерді пайдалануы, шетел азаматтары бойынша Бірыңғай биометриялық жүйеде мәліметтердің жоқтығы да себеп болды. Яғни, мигранттардың да сим-карталары сөндірілді", – деп хабарлады "Коммерсантқа" Роскомнадзор өкілдері.

Ал SIM-картаға халық пайдаланатын барлық дерлік сервистер – маркетплейстер, банктік қызметтер, хабарландыру платформалары, әлеуметтік желілер және күнделікті өмірдің өзге де цифрлық құралдары байланғанын ескерсек, ол нөмірден айыру жай техникалық шара емес, азаматтық және экономикалық белсенділікті құрықтайтын елеулі проблемаға айналады.

Дерек көзі: https://inbusiness.kz