Германияда қазы айналдырып жүрген қазақ
Арман Болысбеков Германиядағы автомобиль құрастырудың отаны саналатын Штутгарт аймағында тұрады. Онда әлемге әйгілі Mercedes-Benz компаниясының зауытында автоматтандыру бойынша электрші қызметін атқарады. Ол жұмыстан тыс уақытта Қырғыз Республикасы мен Молдавиядан келген досы үшеуі қазы айналдырып, оны сатумен айналысады. Алдағы уақытта қазыны бренд қылып, Германия аймағына таратқысы келеді.
Арман Болысбеков Ақмола облысы Атбасар ауданы Самарка ауылының тумасы. 7-сыныпқа дейін Самаркадағы орта мектепте оқып, кейін 2002 жылы отбасымен Германияның Штутгарт аймағына қарасты Вюртемберг қаласына көшіп келген. Мектепті осы жерде бітірген. Әкесі жуырда зейнетке шығады. Анасы үй шаруашылығымен айналысады. Арман үйдің үлкені. Қарындасы жергілікті фирмада хатшы, ал інісі тұрғын үйлерді жарықтандырумен айналысатын электрші болып жұмыс істейді. Үйленген. Әйелі жергілікті ауруханада медбике. Өзі Mercedes-Benz компаниясының зауытында автоматтандыру бойынша электрші қызметін атқарады. Mercedes-Benzтің бөлшектерін құрастыратын станоктармен жұмыс істейді.
Mercedes-Benz 2030 жылға қарай толықтай бензиннен бас тартып, электромобиль көліктерді әзірлеп шығармақ. Қазір технологияның қарыштап дамуына байланысты өндіріс орындағылардың көпшілігі роботтардың көмегіне жүгінеді. Бір батырманы басса болғаны, робот атқаруы тиіс жұмысты мінсіз орындап шығады. Көп жағдайда жұмысты арнайы құрастырылған машиналар жасайды, ал адамның қолымен жасалатын дүниелер күн санап азайып барады.
Елде жүргенде үнемі қазы жасауға қолғабыс етіпті. Германияға қоныс аударған соң, қазы әзірлейтін жерді іздеп таба алмадық,-дейді ол. Сосын жылқы етін сатып алып, алғашында тек өзіміз үшін жасап жүрдік. Бірде Германияда құрылған «Qazan e.V.» атты неміс-қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальд қазы жасап, сатуға кеңес береді.
- Біріншіден, ақша табасың, екіншіден, ұлттық тағамды насихаттайсың, үшіншіден, атажұрттың дәмін сағынып жүрген жандарға «жақсылық» жасайсың» деп идея беріп, қанаттандырып жіберді. Сөйтіп, бастапқыда бұл іспен бес жыл бойы жалғыз өзім айналысып жүрдім. Сосын сол қауымдастық арқылы Қырғыз Республикасынан келген Виктор есімді жігітпен таныстым. Ол Германияда қасапшының оқуын оқыған, тиісінше оған шұжық өнімдерін әзірлеуге рұқсат етілген. Айта кетерлігі, Германияда шұжық өнімдерін әзірлеп, сату үшін арнайы рұқсатнама алуың қажет. Әйтпегенде бұл өнімдерді заңсыз түрде сататын болсаң, тергеуге алып, тіпті түрмеге қамап қоя алады. Сосын арамызға Молдавиядан келген Виталий қосылды. Виктор қазының не екенін бұрыннан біледі екен, бірақ бұған дейін жасап көрмеген. Ал Виталий қазы секілді тағам түрінің бар екенін осында келіп білді. Бірақ ол қазыны бірден ұнатты. Сөйтіп, қазір соңғы екі жылда осы екеуімен бірге қазы айналдырып, тапсырыстар аламыз.
– Ал жылқының етін осында бір неміс азаматы төрт түлік малдың етін сатумен айналысады. 150 шақырым жерде орналасқан оның фермасына барып, жүз келіден көп ет сатып аламыз. Сосын оны Виктордың арнайы үй-жайына әкеліп, етті бөлшектейміз, ішек тазалаймыз. Сосын қазы айналдырамыз,- дейді Арман.
– Германияда жылқы етінің бағасы 1 келісі 7 еуро тұрады, теңгеге шаққанда – 4500 теңгеге жуық. Қазыны жекелеген клиенттің тапсырысымен ғана әзірлейді. Қазақстанда туып-өскен, қазір Германияда тұратын немістер қазыға көп тапсырыс береді екен.
Немістерден бөлек, осында тұратын 3-4 қазақ отбасы да жиі тапсырыс береді.
Бүгінде бұл өнімді өтімді ету үшін, сыртқы қаптама, сондай-ақ вакуумдық орауыштың қалай болатынын ойластырып жатыр екен. Одан бөлек, құрамы мен қайда жасалғанын білдіртетін жапсырма қағаз әзірлеуде. Сонымен қатар сыртында қазақ өнімі екенін білдіртетін өрнек салу ойларында бар.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через