Газет пен гаджет

Газет пен гаджет

    Қазір классикалық (дәстүрлі) БАҚ пен әлеуметтік медианың арасында бәсекелестік соғыс жүріп жатқаны рас. Өйткені әлеуметтік медиа жаңалықтар таратуда классикалық БАҚ-тардан озып бара жатқанын мойындауға тиіспіз. Халықаралық медиа-сарапшылар 2020 жылдан кейін классикалық БАҚ-тар ақпарат таратудың жылдамдығы жөнінен әлеуметтік желілерден біршама артта қалады деген болжам жасауда. Олардың пайымдауынша, қолына ұялы телефон ұстайтын адамдардың барлығы жаңалық таратушы бола алады. Ондай жағдайда классикалық БАҚ-тар жалған ақпаратты шындықтан ажыратуды үйретуі тиіс. Яғни технологиялық төңкеріс заманында дәстүрлі БАҚ пен цифрлы медианың текетіресі күшейетіні анық.

       Қазіргі таңда әлемдегі 7 млрд халықтың 50 пайыз­ға жуығы ақпаратты әлеу­меттік желілерден (соның ішінде 40 пайызын Facebook пен YouTube-тен) оқиды екен. Медиа-­сарапшылар айтқандай, қысқаша ойлау заманында кез келген адам Twitter-дегі 140 таңба мен Instagram-дағы 1 секундтық бейнематериалды көріп, шешім қабылдай алады. USC Digital Future Center-дің директоры Джеффр Коул: «Вебгазеттер тірі, олар беретін ақпаратты аудио-бейне жазбамен, суреттермен, үлкен мұрағаттың құнды ресурстарымен толықтыра алады. Соңғы 60 жылда газеттер жаңалықтар бизнесінде қайта жаңғыртылды. Бірақ олар ақпаратты қағаз емес, электронды тәсілмен жеткізеді» дейді ол. Демек, оның пікірінше, қысқа ойлау дәуірінде ғаламтор қағаз басылымдарды жұтып қояды.


    Ақиқатын айтсақ, «Қағазға басылатын газет-журналдар жойыла ма?» деген сауал бүкіл әлемде қызу пікірталас туғызуда. Біреулер «ғаламтор қағаз басылымдарды жұтып қояды. Яғни журналистиканың келешегі – дижитал әлемнің веб-сайттары мен қолданбаларында» деген пікірде. Екінші бір топ: «Газеттер бұдан да зор қиыншылықтарды бастан кешкен. Кезінде радио, кино, теледидар пайда болған кезде қағаз басылымдар өледі деген пікір болған. Бірақ газеттер жоғалмайды» дейді. 2018 жылы АҚШ-та «Los Angeles Times», «Newsweek», «Seattle Post Intelligencer» сияқты ірі басылымдар қағаз нұсқасын жауып, онлайн нұсқасына көшті. Алайда соңғы екі-үш жылдың ішінде Еуропаның басты үш мемлекеті – Ұлыбритания, Франция және Германияда газет таралымдарының құлдырауы тоқтап, ол, керісінше, жайлап өсуде. Тіпті өткен жылы Ұлыбританияның премьер-министрі Тереза Мэй: «Газеттердің жойылуы салдарынан қоғам жалған ақпаратқа осалдық танытуда» деп мәлімдеп, елдің аудандарындағы жүздеген британ газеттерінің жабылуын «демократияға төнген қауіп» деп атады. Ал соңғы 5 жылда полиграфиялық қызметтер 50 пайызға қымбаттаған Ресейде мерзімді басылымдар таралымы қатты құлдырауда. «Труд» сияқты азулы газеттердің өзі апталық форматқа ауысып жатыр. Алайда медиақұралдар қалай өзгеріске ұшыраса да, бір ғана нәрсе өз­гермейтіні анық. Ол – әр адамға қажетті шынайы, сенімді ақпарат.

САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

Нұртөре ЖҮСІП, ҚР Парламенті Сенатының депутаты

       Жоғарыда сөз болған: «Қағаз газеттер жойыла ма?», «Барлық БАҚ-тардың ғаламторға кету қаупі бар ма?», «Классикалық БАҚ-тар мен цифрлық медианың текетіресінде дәстүрлі БАҚ-тардың ұстанымы қандай болуы керек?» деген сауалдарды қазақстандық ірі-ірі газеттердің басшыларына, отандық IT-мамандарға, журналистерге тікесінен қойдық. Жауаптары төмендегідей.
         1. Қағаз газет-журналдардың болашағын не күтіп тұр? Барлық БАҚ-тардың ғаламторға кету қаупі бар ма?
         2. Классикалық БАҚ-тар мен цифрлық медианың текетіресінде ұтылмас үшін дәстүрлі БАҚ-тардың ұстанымы қандай болуы қажет?

         – 1. Келісемін. Қазақстандағы жағдайдың беталысына қарағанда, тап солай болатын түрі бар. Қағаз түріндегі газет-журналдардың күні қараң қалуға шамалы-ақ уақыт қалды. Әлемнің дәстүрлі мәдение­ті бар елдерінде қағаз басылымдар сақталады. Бәлкім, ұзақ өмір сүре беруі де мүмкін. Бізде «оқу мәдение­тін» бойына сіңірген ұрпақ біткен кезде, қағаз басылымдар да «Қызыл кітапқа» енген жан-жануарлар тәрізді саусақпен санарлық болып қалады.
         2. Ақпарат алу мен тарату жағынан классикалық (дәстүрлі) БАҚ әлеуметтік желілерге өз орнын босатып берді. Жүргізушілер арасында жазылмаған бір заң бар: таудан түсіп келе жатқан көлік жоғары өрлеп келе жатқанға жол береді. Бізде де солай. Әлемде де солай. Қазір ең жедел деген теледидарыңыздың өзі әлеуметтік желіні тұтынып отыр. ХХІ ғасыр бұл тұрғыда ғаламат өзгерістерге тап болды. Ақпарат құйыны әлемді шырқ үйіріп жатыр. Дәстүрлі БАҚ ештеңе ұстана алмайды. Оның қолынан келетіні – аман қалу үшін жанталасу ғана. Надандық үстемдік құрғанда аман қалуының өзі екіталай.

Еуропалық құқық және адам құқықтары сарапшылық институтының директоры Башимов Марат 

       – 1. Бұл – бүкіл әлемде бар мәселе. Ең бастысы, адамдар ақпарат қалай алатынын таңдай алады: газеттен оқи ма, әлде гаджетті пайдалана ма. Шындығын айтсақ, бүгінгі қоғам жеңіл ақпаратқа әуес. Қатардағы эстрада әншісінің біреуге күйеуге шыққанын немесе шетелде демалғаны туралы жазылған сайттардың материалын талқылап жатады. Рейтинг деген алдамшы нәрсе бар. Жастар көбінесе осындай ақпаратты оқиды. Әрине, гаджетті көп пайдаланатындар да солар. Үлкен адамдар, интеллигенция өкілдері газеттерді оқиды. Демек, ғаламтор, әлеуметтік желілер қағаз газеттерді «жұтып» қояды деген – негізсіз байлам. Газеттер ешқашан жоғалып кетпейді. Сонау Еуропа мен АҚШ-та қаншама газеттер жүздеген жылдар бойы шығып келеді. Себебі газетке басылатын сөздің мағынасы зор, ықпалы ерекше. Тіпті газеттегі мақаланың астын сызып оқитындар әлі де көп. Ең бастысы, газет оқитын адамдар ондағы ақпаратқа толық сеніммен қарайды. Ғаламтор ондай сенімге ие бола алмайды.
       2. Негізінен алғанда, екі сала да пайдалы. Ғаламтордың келешегі зор. Бірақ ғаламтордағы сайттарда, әлеуметтік желілерде сараптамалық материалдар жоқтың қасы. Екіншіден, ғаламтордағы көзқарас, ұстаным тез өзгереді. Дамыған елдерде ғаламтордағы жалған ақпарат үшін қатаң жауапкершілікке тартады. Біз де бірте-бірте соған келеміз. Ғаламтордағы сайттарда жұмыс істейтін журналистерді бөлек оқыту керек. Жоғары оқу орындарына жаңа курс­тар енгізіп, адамның және журналистің құқықтарын, этикасын тереңірек оқытқан жөн. Менің ойымша, шетелдердегідей журналистер әр салаға бөлек мамандануы тиіс. Классикалық БАҚ-тар танымдық, сараптамалық форматқа көбірек көңіл бөлгенде ғана бәсекеге қабілетті болады.

       Astana aqshamy