Есіл өзеніндегі тоқтап қалған LRT құрылысы белсенділердің назарына тағы да ілікті. Мамандар өзенде үйілген топырақты тез арада алу керегін айтады. Себебі уақыт өте ол экологияға үлкен залал тигізуі мүмкін.
Бастапқыда бұл жерден жер үсті метроның аркалы көпірі орналасуы керек болған. Алайда жайлы транспорттың орнына тек қоқыс пен үйілген топырақ қалған. Жұмыс жүрмегендіктен бұл орын балықшылардың сүйікті орнына айналыпты. Экологтар осыдан бір жыл бұрын дабыл қаққан. Кейін оларды арнайы мамандар да қолдады.
Stan.kz
"Біз әкімдікпен хат алмастық. Сонымен қатар LRT дирекциясымен де сөйлестік. Олар қаржыландырудың ашылмағанын айтып, жұмыстар аяқталған соң топырақ алынып тасталады деді. Алайда іс жүзінде ештеңе жасалған жоқ. Кез келген жұмыстан кейін өзенді қайта қалпына келтірулері керек, яғни топырақты алып тастауға міндетті", – деді Есіл бассейндік инспекциясы мемлекеттік бақылау бойынша бөлім басшысы Әлия Елубаева.
CTS компаниясында аркалы көпірдің құрылысы өткен жылы жалғасуы керек болған дейді. Алайда қаржы бөлінбеген.
"Сұраныс келіп түскенде жеңіл рельсті транспорт дирекциясының қызметкерлері оқиға орнына барды. Ол жерде расымен бөгет бар, бөгет астымен құбыр жүргізілген. Олардың саны 15, диаметрі 1,5 метр. Өзеннің ағуына еш кедергі жоқ. Бөгеттің екі жағында да су деңгейі өлшенген, ешқандай өзгеріс жоқ. Айырмашылық тек 1 сантиметр", – деді "CTS" ЖШС қоғаммен байланыс департаментінің директоры Науат Азанбаева.
Алайда экологтар өзен маңындағы кез келген құрылыстың зиянды екеніне сенімді. Су кодексінде жағалаудан радиусы 35 метр аумақта жұмыс жүргізуге тыйым салынғаны көрсетілген. Мұндай шектеу тек инфрақұрылымдық жобаларға ғана қойылмайды.
"Сол жағалауда жаңа құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ол сулы-батпақты алқап, өзінің гидрологиялық режимі бар. Режимді сақтау кезінде басты рөлді Есіл өзені атқарады. Есіл – минералдары мен тұздары көп өзендердің бірі. Ал мұнда өндірістік қалдықтар қосылып жатыр", – деді техника ғылымдарының докторы, профессор Мәлік Бұрлыбаев.
Соңғы зерттеулер өзен суының құрамында химиялық заттардың көптеп кездесетінін көрсеткен. Санитарлық-эпидемиология қызметкерлері Есілде темір, хлоридтер, сульфат пен нитраттар мөлшері әлдеқайда артқанын айтады. Соңғы бірнеше жылдан бері Есіл сапасы ең төмен өзендер класына қосылған. Егер мәселені тез арада шешпесе, өзеннің жағдайы одан әрі нашарлап кетуі мүмкін дейді мамандар.
Айта кетейік, бұған дейін атыраулықтар мұнай өңдеу зауыты аумағындағы адам төзгісіз иіске шағымданған едік.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через