Елордадағы "ForteBank" ғимаратында суретші Лейла Махаттың жеке көрмесі ашылды

Елордадағы "ForteBank" ғимаратында суретші Лейла Махаттың жеке көрмесі ашылды

Нұр-Сұлтан қаласындағы "ForteBank" АҚ-ның ғимаратында орналасқан "Forte Bank Kulanshi Art Space" кеңістікте "About Love. Leyla" атты көрме ашылды. 

"Бүгінгі көрмеге әр жылдары салынған туындылар қойылған. Жалпы біз қазір құбылмалы заманда өмір сүріп жатырмыз. Адамзаттың өткен тарихына үңілсек, әр заманның өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары бар. Қазіргі ақпараттар ағыны мен түрлі негативтер адамды тез өмір арнасынан ысырып тастайды. Өмір сүруге, қуануға деген құлшыныс арта түсу үшін адамдар жақсы нәрсе туралы ойлап, әдемілікті көруі керек. Адам үшін әдемілік ол – махаббат. Сондықтан да жеке көрмем арқылы адамдарға жағымды сезім сыйлағым келді. Бұл жерде әртүрлі картина бар, әр туындыға қарап, біреу балалық шағын еске түсіруі мүмкін", - деді "About Love. Leyla" көрмесінің авторы, суретші Лейла Махат. 

Аталған көрмеге кескіндеме, графика және поэзия тақырыбына арналған 113 туынды қойылған. 

"Көрмеге қойылған картиналар 1986 жылдан бастау алады. Ал ең жаңа туынды биыл салынды. Солардың ішінде "Молитва Лейлы" картинасын эксклюзив әрі жаңа туынды деп айтуға болады. Жалпы бүгінгі шараға мен 2 жыл бойы дайындалдым", - дейді Лейла Махат. 

Елорда тұрғындары мен қонақтары "About Love. Leyla" атты көрмені 23 маусымға дейін тегін тамашалай алады. 

"Біздің банк "Kulanshi" заманауи өнер орталығымен, оның ішінде Лейла Махатпен 2016 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Сол жылы "ForteBank" елордаға көшіп келді. Банк ғимаратын салған кезде мәдениет, өнер тақырыбына арналған іс-шаралар өткізу үшін "Forte Bank Kulanshi Art Space" кеңістігі ашылды. Сол сәттен бастап біз банк өнер сүюшілерді қолдап, оның ішінде қазақстандық өнердің ілгерілеуіне үлесін қосып келеді" , - деді "ForteBank" АҚ маркетинг бағытының аға банкирі Александр Кутдусов.

Аталған банк өкілінің айтуынша, "Forte Bank Kulanshi Art Space" кеңістігінде ашылатын әр көрменің өзіндік ерекшелігі бар. 

"Бүгінгі көрменің ерекшелігі зор. Себебі Лейла Махаттың авторлық туындылары көпшілікке ұсынылып отыр. Бұл шара біз үшін маңызды. Банк ғимаратындағы көрме 2 сайын жаңарып тұрады. Жұмыстан шығып бара жатырып қарасаң, адамдар көрмені тамашалауға көптеп келіп жатады, бұл бізді қуантады, - дейді ол. 

Айта кетейік, көрменің ашылу салтанатына өнер сүйер қауым, танымал тұлғалар, жас суретшілер мен студенттер қатысты.

Stan.kz