фото: arnapress.kz
Сенатор Евгений Больгерт өзінің депутаттық сауалында қалалық қоғамдық көлік жұмысындағы проблеманы атады.
Депутаттың сөзіне қарағанда, белгіленген тариф пен жол ақысының нақты құны арасындағы айырмашылықты жабу үшін тасымалдаушының шығындарына тұрақты түрде субсидия бермесе, қызметтің бұл түрі тым тиімсіз. Алайда, субсидия мөлшері үнемі өсіп келсе де, бұл саладағы мәселе шешілмей жатыр.
Сондай-ақ, сенатор дизель отынына, қосалқы бөлшектерге, автобустар мен электр автобустарына бағаның өсе түскені туралы деректерді алға тартты.
«Көптеген қала мен елді мекендерде жолаушылардың жайлы тасымалы туралы айту мүмкін емес. Саланың көптеген мамандары басқа жаққа жұмысқа кетуге мәжбүр. Жүргізушілердің тапшылығынан кейбір автобус парктерінде автобустар қаңтарылып тұр, бұл жолаушылардың аялдамада тұрып қалуына және азаматтардың наразылығына әкеліп соғады. Қалалық маршруттарда 10 525 автобус тартылған. Ал Ішкі істер министрлігі мәліметіне қарағанда, елімізде «D» санатындағы жүргізуші куәлігіне ие 387 000 адам бар. Яғни, автобус жүргізе алатын осыншама адам бұл мамандыққа баруға құлшыныс танытпауда», - деді Е. Больгерт Сенаттың жалпы отырысында.
Депутат бюджет ақшасы мен табысты маршруттарды тұрақты алып тұратын мемлекеттің үлесі бар автопарктерге артықшылық беріліп жатқанын да жеткізді. Ал жеке автопарктердің жағдайы күрт нашарлап барады. Банктер табысы төмен және субсидияның шектеулі болуына байланысты жеке парктерге жаңа автобус сатып алуға несие беруден бас тартып отыр.
Сөз соңында: «Қала ішіндегі және қалааралық бағыттағы тасымалдаушылардың шығынын жабуға субсидия бөлу жөніндегі ақпараттық жүйе әзірлеу керек», - деді сенатор.
Дереккөз ҚазАқпарат.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через