«Байлық - байлық емес, денсаулық – байлық». Осы мақалдың мәнін түсінген жерлестеріміз өз денсаулығына аса көңіл бөле бастады. Қазір ауыра қалсаң емделу қиын. Өзің тіркелген емханаға барып қаралу үшін алдымен жазылу, содан кейін дәрігердің алдына баратын күнді сабыр сақтап күту керек. Соған дейін ауырған жерің, жаныңды қинамай басыла тұрса жақсы. Керісінше, өрши түспесе басылуы екіталай. Сондықтан ақылы емханаларға жүгінуге тура келеді. Жақсы маманға жолықсаң бір бақыт. Тәжірибесіз дәрігер ауруға ауру жамап беруі де мүмкін. Ал дәрігердің жазып берген дәрілерін түгел алу үшін қалтаны қағуға тура келеді.
Өкінішке қарай, еліміз тәуелсіздік алғалы денсаулық саласындағы бірқатар түйіткіл әлі шешілмей келеді. Білікті кадр мен қажетті құрал-жабдық жетіспейді. Өңірлерде ана мен сәби өлімі азаймай отыр. Медициналық нысандардың шамамен 60 пайызы ескірген.
Ал биліктегілердің мәлімдемесіне құлақ түрсек, алдағы уақытта бәрі керемет болатын секілді. Ресми мәліметке көз жүгіртсек, 2025 жылға қарай елімізде 50 жаңа аурухана салынады. Бұл ескі ғимараттар санын шамамен 14 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Ескірген нысандардың орнына халықаралық деңгейдегі көпбейінді 16 аурухана (облыстық көпбейінді аурухана, қалалық көпбейінді аурухана, университеттік клиника) салынады.
Денсаулық сақтау министрлігі 2020-2025 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында республика бойынша аурухана инфрақұрылымын жаңғыртуды жоспарлаған.
Ведомство мәліметінше, еліміздегі Ауруханалар заманауи техникалық шешімдерді ескере отырып жоспарланады. Ұзақмерзімді келісімшарттар аясында медициналық техникамен, ақпараттық жүйемен толықтай жабдықталып, техникалық қызмет көрсетумен қамтамасыз етіледі. Әрбір стационарда пациенттерді дер уақытында әрі сапалы диагностикалауға және емдеуге мүмкіндік беретін заманауи инфекциялық корпустар салу, клиника қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, медициналық ұйымдардың инфекциялық емес желісіне жүктемені төмендету жоспарланған.
Ауруханаларды мемлекеттік-жекешелік серіктестік келісімшарты және өзге де ұзақмерзімді келісімшарттар аясында құру көзделген. Бұл бюджетке бір мезетте түзетін ауыртпалықтан арылуға мүмкіндік беріп, шетел капиталын тартуға, аурухана құрылысына жаңа технологияларды енгізуге және денсаулық сақтау нысандарының пайдалану сапасын арттыруға жол ашады.
Бұл 5-6 жылдың ішінде Joint Commission International (JCI) халықаралық стандартына сайкелетін 8 мыңнан астам төсек-орынға шақталған алдыңғы қатарлы жоғары технологиялық аурухана желісін құруға мүміндік береді.
Елдің ғылыми және медициналық әлеуетін шоғырландыру үшін 2023 жылдың соңына қарай қазіргі және ықтимал эпидемиологиялық қауіп-қатерлерге ден қою Астана және Алматы қалаларында әрқайсысы 500 төсектік инфекциялық аурулар бойынша екі көпсалалы ғылыми орталық салынады. 2025 жылға дейін төсек қорын жаңартудың 50% қамтамасыз ету үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктер есебінен еліміздің аймақтарында 20 ірі заманауи медициналық орталықтар құрылады. Бұл халықаралық сапа талаптарына сәйкес халыққа жоғары технологиялық медициналық көмектің барлық спектрін көрсететін көпсалалы ауруханалар.
Елімізде неліктен көпсалалы ауруханалар басымдық беріліп жатыр?
Себебі, әлемнің дамыған елдерінде ауруханалардың барлығы көпсалалы. Сол себепті біз де осындай стандарт қабылданды. Ауруханалар біріктіріліп, ірілендіріледі. Мұндай шешім қазіргі бар төсек-орын санын азайтпай-ақ ауруханалардың санын қысқартуға жол ашады және сапаны арттыруға мүмкіндік тудырмақ.
Бүгінгі таңда азаматтар ауруханаға тек аса қажет жағдайда, мәселен, қандай да бір төтенше жағдайда хирургиялық ота, қарқынды емдеу, реанимация қажет болғанда ғана жатқызылады
Сонымен бірге, аурухана ішінде дерт жұғу қаупі де ескерілген екен. Өйткені, мұнда антибиотик түрлері пайдаланылады. Оған төзімді микрофлора түзіледі. Сол себепті де әлем елдерінің барлығы да науқастарды тез арада шығаруға талпынады. Олар әрі қарай сауықтыру орталықтарында немесе тұрғылықты жерінде емделуі керек екен.
Қазір үкімет шетелдің озық тәжірибесіне ден қоя бастаған. Мысалы Ұлыбританияда дәрігерлер көрсететін қызметтің 90 пайызын учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) көрсетеді, яғни, адамдардың денсаулығына қатысты мәселелердің басым бөлігін солар шешеді деген сөз. Ал бізде, керісінше – қазіргі жағдайда ақыл-кеңестердің небәрі 25 пайызын жалпы практика дәрігері береді екен.
Жалпы адам ағзасы – біртұтас жүйе. Сондықтан, учаскелік дәрігер (жалпы практика дәрігері) барлығын интеграциялап, адамға дұрыс емделу тактикасын ұсынып, қажетті диета мен белсенділік шегін белгілеп беруі тиіс. Бұлардың барлығы кешенді түрде жүргізілуі қажет.
Тек бас ауруының өзінің 400 себебі тіркелген. Олардың бәрі басқа аурулармен байланысты. Мәселенің мәні – біз жалпы практика дәрігері жүйесін дамытуға тиіспіз. Ең жоғарғы сапалы қызметті солар көрсетеді. Мұны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр, дейді Денсаулықсақтау министрлігінің мамандары.
Сондықтан енді отбасылық дәрігерлерді, жалпы практика дәрігерлерін дайындау сапасы арттырылмақ. Соның арқасында емхана, яғни, алғашқы көмек көрсету деңгейінде денсаулыққа қатысты тауқыметтердің 90 пайызын шешуге болатын көрінеді.
Әлем елдерінің көпшілігінде денсаулық сақтау саласын дамытудың осы бағыттағы ауқымды стратегиясы қабылданған. Бұдан былай бізде де қаражаттың басым бөлігін алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсетуге салу көзделіп отыр.
Ресми деректермен танысқанда көңілімізге қуаныш сыйлаған тағы бір жаңалықты айта кетсек, елімізде барлық базалық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірілмек. Осы тапсырмаларды іске асыру шеңберінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігі бірлесіп, фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың 2025 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлепті.
Денсаулық сақтау жүйесі – қоғамның әлеуметтік өмірінің ең маңызды саласы. Сондықтан бұл саланы дамыту ұдайы үкімет назарында болуы тиіс. Қазақстан халқының 41 пайызға жуығы ауылдық жерде тұратынын ескеруіміз керек. Елді мекендерде медицина мамандары тапшы. Ендеше осы заманға сай мобильді телемедицина дамыту керек. Сонда әрбір аудандық ауруханада 5-6 мобильді топ жасақталса, қанша науқасты ажалдан алып қалуға болар еді. Мобильді телемедицина ауылға жетсе, бұл тұрғындарға да, мемлекетке тиімді болмақ.
Фото: kstnews.kz, mail.kz, grassrootinstitute.org
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через