ЕЛІМІЗДЕ ЖАНАРМАЙ ӘЛІ ДЕ ҚЫМБАТТАЙ МА?
Есіңізде ме бір ай бұрын Қазақстанда жанармай бағасы қымбаттады. Көпшілік тұтынатын АИ-92 бензині шамамен 15-20 теңге көлемінде өсті. Алайда еліміздің Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы мұнай өнімдерінің бағасын мемлекет реттемейді, баға сұраныс пен ұсыныс негізінде айқындалатынын алға тартуда. Мамандардың айтуынша бағаның көтерілуін бірқатар факторға, оның ішінде валюта бағамына, инфляцияға байланысты деп түсіндіреді.
Рас пандемиядан туған дағдарыс бірқатар тауардың, соның ішінде жанармай бағасын көтерудің себебін туғызғандығын мысалға келтіріп отыр. Былтыр экономиканың көп секторы құлдырауға ұшырады: шағын және орта бизнестің біразы тоқтап қалды, ал олардың көпшілігі ғимарат пен үй-жайды жалға алу үшін ақы төлейді, жалақы төлейді. Рас кәсіпорындарға салық жеңілдетілді, алайда салық төлеуден босатылған жоқ қой. Есесіне, 2020-2021 жылдың шығынын өтеу үшін кәсіпкерлер тауары мен қызметінің бағасын біртіндеп көтере бастады. Әрине ол табиғи жағдай. Бензин құнының өсуі де осы жүйеге байланысты болып отыр.
Қазақстан арзан жанармай бойынша топ-10 елдің қатарында. Нақтырақ айтсақ 8-орында тұр. Бұл дегеніңіз біз Венесуэламен, Иранмен және тағы басқа елдермен бірге алғашқы ондықтың ішіндеміз деген сөз. Сондықтан пысықайлар Қазақстанға келіп арзан бензинді тонналап сатып алады, кейін оны өз елдеріне апарып қымбатқа сатады. Осыны болдырмау үшін біздің елде де жанармай бағасын қымбаттату ұйғарылған болуы мүмкін.
Бізге қарағанда, көршілес мемлекеттерде бензин орташа есеппен 60-100 теңгеге қымбат. Мысалы, Ресей елінде жыл басынан бері АИ-92 маркалы бензиннің бөлшек саудадағы құны 3 пайызға яғни, 270 теңгеге дейін өскені байқалады. Қазақстанда да мұнай бағасы өсіп келеді, экономистер бензин мен энергия ресурсының бағасы дейтұрғанмен бірқатар өнімдерге қарағанда айтарлықтай өспегенін айтады. Мысалы жұмыртқа, күнбағыс майы, ет және тағы басқа өнімдерге қарағанда қарамай бағасы тым шарықтап өспеген. Сондай-ақ, былтыр қаңтарда мұнайды қайта өңдеу акцизі литріне 5-7 теңгеге көтерілді. Ал биыл «Қазақстан темір жолы» темір жол тасымалы бағасын 13 пайызға өсірген. Осындай қысымдардың өзіне төтеп беріп, кеш қымбаттап жатқан бензин үшін де тәуба айту керек дегенге саяды сарапшылар пікірі. Дұрыс әрине, дейтұрғанмен мұнай бағасы азық-түліктің баға деңгейін анықтайды, себебі мұнай – экономиканың қан айналымы жүйесі, бұл стратегиялық өнім, ал оны ауыстыра алатын ештеңе жоқ.
Неге елімізде жанармай бағасын қолдан арзандатуға дәрменсізбіз? Оған ведемство былай жауап береді: «Егер баға төмен болса, отандық өнім көрші нарықтарға кетіп, өз нарығымызда тапшылық туындайды. Ал егер баға жоғары болса, профицит туындап, қоймаларға бензин толып, бұл мұнай өндеу зауыттарындағы қайта өндеу көлемінің азаюына алып келеді»
Жанар-жағармай төмен бағалар дәлізі жер қойнауын пайдаланушылардың қайта өңделген шикізатқа төмен баға ұсынуы арқылы субсидияланып келді. Қазір еліміздің мұнай өндеу зауытына жеткізілетін мұнай бағасы тоннасына 20-45 мың теңге аралығында құбылып тұр. Қайта есептегенде барреліне 6,5-15,2 долларды құрайды. Бұл ретте мұнай бағасы барреліне 60 доллардан асып кетті» делінеді министрлік хабарламасында. Сондай-ақ, баға белгілеу кезіндегі негізгі факторлар - Қазақстандағы мұнай құны (ішкі бағалар), салықтар мен акциздер, зертханалық сынақтар мен қоспалар бойынша шығындар, банк қарыздарына қызмет көрсету, цистерналарды беру-жинау, тауарды тасымалдау және басқа да ілеспе шығындар. Бұл ретте мұнайдың құнын айқындау кезінде мұнай өнімінің әрбір түрінің үлес салмағы есепке алынады, ол оның нарықтық құнына және мұнайдың бір тоннасынан өндіру үлесіне негізделеді. Тұтынушылар үшін түпкілікті баға мұнай өнімінің көтерме сауда құны, жанар-жағармай станциясына жеткізілгенге дейінгі барлық көлік шығындары, мұнай базаларында сақтау, бөлшек саудада өткізушінің шығындары, сондай-ақ акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады". Және ведомствоның хабарлауынша, егер баға қолдан төмендетілсе, онда мұның игілігін қазақстандықтар ғана емес, шекаралас облыстардағы көрші елдер азаматтары да көріп кетеді. Екіншіден, мұнай өнімдері «көлеңкелі» жолмен экспорттала бастайды. Үшіншіден, мұнай-газ саласының тұрақты дамуына үлкен қауіп төнеді. Сондықтан министрлік жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін шұғыл шаралар қабылдап, бензин бағасын реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеуі және енгізуі керек деп есептейді.Алайда айта айта Алтайды, Жамал апа қартайдының кебін киіп отырған сыңайлымыз.
Сарапшылар дүниежүзілік экономикалық жағдайды зерттей келе, мынадай тұжырырға келіп отыр. Әлемдік экономикалық дағдарыстың жалғасуы және жаһандық нарықтағы бәсекенің күшеюі халықаралық экономикалық қатынастың қалыптасқан жүйесін бұзады. Ірі халықаралық экономикалық ұйымдар енді өз функциясын толығымен орындай алмайды және жаһандық ірі корпорациялар жаңа нарықтық қатынасты өз бетінше құра бастайды. Бұл – бір.
Екіншіден, ғылыми-техникалық прогрестің ықпалымен әлем өзгеріп жатыр. Қазір Tesla, Amazon, Apple, Google сияқты технологиялық алыптар экономикаға ықпал етеді, ал 15-20 жыл бұрын болса, мұнай-газ консорциумы көшбасшы болатын. Болашақ қазір жер қойнауынан ресурс өндіретін корпорацияға емес, жасанды интеллект негізінде өндіріс құруға мүмкіндік беретін техника, технология және сол тараптағы өнім шығаратын компанияларға тиесілі.
Үшінші фактор – коронавирус. COVID-19 – нарық үшін күрестегі негізгі құралдың бірі. Ол бүкіл әлемдік экономикаға әсер етті, әсер етіп те жатыр және бірқатар елдің одан қатты зардап шеккенін көріп те отырмыз.
Сонымен алдағы болжам қандай? Телеграмдағы FINANCE.kz каналының бас редакторы Андрей Чеботарёв әзірге біздің бензин бағасының Ресейдегі бағамен теңесе қоюы екіталай деп тұжырымдайды. Дегенмен жазға дейін литрі 200 теңгеге жетуі әбден мүмкін.
– Біздің ЕАЭО аясында энергетикалық ресурстардың ортақ нарығына бірігіп жатқанымызды ұмытпау керек. Жоспар бойынша нарық өз жұмысын 2025 жылдың 1 қаңтарында бастайды. Биржа да сол келісім аясында іске қосылып отыр. Ортақ нарықты құру жобасы биржалық сауданы дамыту және нарықтың барлық қатысушысы үшін сауда-саттыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету идеясына негізделген. Бұл олар үшін бәсекелестік ортаны қалыптастырады, бағалардың ашықтығын қамтамасыз етеді, – дейді.
Оның айтуынша, ұзақ уақыт бойы Қазақстандағы бензин бағасы қолдан тежеліп келді. Соның өзінде ішкі нарықтағы сұранысты толығымен жауып қана қоймай, жанармай экспортын ұлғайтуға да мүмкіндік берді. Тіпті былтыр акциздің өсуі де бағаны өсірген жоқ. Ал енді жанар-жағармай биржасында ашық сауда басталып еді, тежеліп тұрған факторлардың «тынысы ашылып», баға еркін өсе бастады. Мұны табиғи заңдылық әрі пайда деп қарау керек, дейді сарапшы мамандар. Яғни баға өсуінің арқасында сала модернизация шығындарын жауып, экспорттық потенциалды арттыруға күш салып, отандық мұнай экспортын әртараптандыруға мүмкіндік алады.
Баға тұрғысынан бәсекелестік арқасында біз Ресейге кім, қанша тонна бензин алып бара жатыр деп шекарада күзетіп тұрмай, оны өркениетті және ашық түрде саудалап, соның арқасында өндірісте жұмыс орнын құрып, жоғары жалақымен қамтамасыз етуге мүмкіндік алуымыз керек, – дейді А.Чеботарёв.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні тауар өзіндік құнынан арзанға сатылмайды. Бұл жайында айтатын болсақ, адамдар Парсы шығанағын, араб елдерін мысалға келтіруге құмар. Мәселен Біріккен араб Әмірлігінде АИ бағасы –225 теңге, Ресейде 250-270 теңге шамасында. Қазақстан мұнайы өз сапасына байланысты жоғарыда айтқанымыздай барреліне 60 доллардан сатылады. Бір баррелде 159-160 литр мұнай бар. Сонда 1 литр шикізат – 170 теңге. Қазір отандық бекеттерде АИ 92 бағасы шамамен осы бағаға жетті. Одан бөлек мұнайды зауытқа жеткізіп, қайта өңдеп, одан тағы 2-3 мың шақырым жол жүріп жанармай бекетіне бекетіне апару, еңбекақы, салық, акциз төлеу керек. Олар үнемі шығынға жұмыс істей алмайтынын айтады. Сарапшылардың айтқанынан ұққанымыз, өндірушілер онсыз да жылдан астам уақыт өнімді нарықтағы құнынан төмен бағаға жеткізді. Бұл қымбатшылықтың басы ғана дегенді ғана меңзеп отыр.
Бізді бір-ақ нәрсе қынжылтады, қара алтынға қарық болып отырып елде бензин неге қымбаттай береді. Осындайда Шер-ағаның шерлі сөзі есімізге түседі. Алтын сандықтың үстінде «жалаңбұт» отырмыз деп күрсініп еді...
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через