Бүгінде Қазақстандағы туризм саласы жаңа сапалық деңгейге көтеріліп келеді. Көптеген көрнекі нысандар реставрациядан өткізіліп, музейлер мен көрме орталықтары ашылды. Ақпараттық технологиялар ресурсы кеңінен пайдаланылуда. Соның бір мысалы – жеті тілде ақпар беретін Kazakhstan.Travel ұлттық туристік порталының ашылуы. Туристік нарықтың қызметін одан әрі ынталандыру бойынша заңнамалық актілер қабылданып, көрсетілетін қызметтер желісі ұлғайтылды. Инфрақұрылымды дамыту мен инвестициялық тартымдылықты арттыру үшін де барлық жағдай жасалып жатыр. Сондай-ақ туризм саласын дамыту мақсатында 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Мамандардың айтуынша, Қазақстан туристік дестинация ретінде әлі де болса даму кезеңінің ең бастауында тұр. Мәселен, 2019 жылы елімізге 8,5 млн турист келген болса, оның 90%-ы ТМД елдерінің азаматтары екен. Олар елімізде әрі кетсе үш тәулік қана болған. Ал шетелдерге қыдырып барғандар саны 10,7 млн адам. 2020 жыл туризм саласын тұралатып кетті. Туроператорлар мен турагенттіктердің кірісі 60%-ға дейін азайды. Бұл ахуал ішкі туризмге қолайлы жағдай туғызу қажеттігін айқындап берді.
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында әрі пандемия кезіндегі мүмкіндікті кеңінен пайдаланып қалу мақсатында елімізде республикалық және өңірлік деңгейде 100-ден астам туристік іс-шара ұйымдастыру жоспарланған. Соның ішінде мәдениет, әдет-ғұрып пен дәстүрлерді насихаттауға бағытталған этно-туризм ерекше танымалдыққа ие. Жоспарлы шаралардың арасынан Алматы қаласында қолөнершілердің «Ұлы дала мұрасы» жәрмеңкесін, кулинарлық Kok bazar Fest, Ақтөбе облысында «Көшпенділер мұрасы», ШҚО-да BUQTYRMA FEST фестивальдарын атай кетуге болады. Киелі туризмді дамытуды ынталандыру және тарихи-мәдени объектілерге туристік қызығушылықты арттыру мақсатында Қарағанды облысы Ұлытау ауданында «Жошы хан» тарихи-мәдени кешенін ашу, Шығыс Қазақстан облысында «Абай жолымен» ақпараттық туры және тағы басқа іс-шаралар қарастырылған.
Сондай-ақ 30 жылдыққа елдің бірегей тарихи-мәдени және табиғи көрікті жерлерін қамтитын 30 жаңа трансұлттық және өңірлік туристік өнімдер каталогы ұсынылып отыр. Оның қатарында Ұлы Жібек Жолы бойындағы ТОП-10 туристік дестинациясы бар. Қазақстанның туристік мүмкіндіктері мен әлеуетін шетелдік аудиторияға таныстыру мақсатында Алматы қаласында әлемнің 30 елінен келген 150 журналистің қатысуымен халықаралық шаңғышы Журналистер клубының (SCIJ) жыл сайынғы кездесуін ұйымдастыру көзделген. Туризм саласында 30 зәкірлі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ туристік потенциалды жүзеге асырудың жаңа белесі ретінде қос бірдей ірі халықаралық жоба қолға алынбақ. Олар – Ақтау қаласынан Каспий теңізі арқылы Астрахан (Ресей), Махачкала (Дағыстан), Баку (Әзербайжан), Энзели (Иран), Туркменбашы (Түрікменстан) порттарына қатынайтын халықаралық круиздар ұйымдастыру және Байқоңыр ғарыш аймағында жаңа технологияларды пайдалана отырып, планетарий, мұражай, ұшуды басқарудың мини-орталығын, кәдесыйлар орталығын салу.
Пікірлер
Комментарий қалдыру үшін порталға тіркеліңіз немесе кіріңіз
Авторизация через