Елімізде тізе буынының шеміршегіне бірегей ота жасалды

Елімізде тізе буынының шеміршегіне бірегей ота жасалды
фото: https://baq.kz

Елімізде тізе буынының шеміршегіне бірегей ота жасалды

Елордадағы академия Н. Батпенов атындағы Травматология және ортопедия ұлттық ғылыми орталығында отандық ғалым әзірлеген бірегей гидрогельді қолдана  отырып, ота  жасалды.

 Дәрігерлер оң жақ тізе буынының артрозына шалдыққан 28 жастағы науқасқа ота жасады. Осы ота арқылы елімізде тізе буынының шеміршегін хирургиялық қалпына келтірудің жаңа әдістемесін клиникалық зерттеу басталды.  

Айта кетерлігі, бұл әдістеме Білім және ғылым министрлігінің 2021-2022 жылдарға арналған ғылымды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламасы  аясында әзірленіпті.

Ғылымды қаржыландырудың екі еседей артуының арқасында қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген ғылыми идея мен әзірлемені қолдау мүмкіндік артты. Бүгін басталған буындарды қалпына келтіруге арналған гидрогельдің клиникалық зерттеулері біздің ведомство қаржыландыратын 59 ғылыми-техникалық бағдарламаның бірі екенін айта кеткен жөн. Оның барлығы нақты өмірлік мәселелерді шешуге бағытталған, - деп атап өтті БҒМ Ғылым комитетінің төрайымы Жанна Құрманғалиева.

Сондай-ақ ведомство өкілі бұл операция Мемлекет басшысының медициналық-биологиялық зерттеулердің басымдығы және елдің дамуына ғылымның үлесін арттыру туралы тапсырмаларын іске асырудың алғашқы практикалық нәтижелерінің бірі екендігін алға тартты.

Жаңа әдістемені Ұлттық биотехнология орталығының дің жасушалары зертханасының меңгерушісі Вячеслав Огай әзірлеген.

Модификацияланған фибрин гидрогелінен, пациенттің өз дің жасушаларынан тұратын гидрогель бірегей болып есептеледі. Осының арқасында зақымдалған шеміршекті қалпына келтіру күшейіп, жеделдетіледі. Жаңа техника пациенттердің өмір сүру сапасына жақсы әсер етіп, мүгедектікті азайтады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде тізе буынын эндопротездеуге мұқтаж адамдар саны азаяды, - деді Вячеслав Огай.

 

 

Ал отаны жасаған хирург Ерік Раймағамбетов бұл әдістемені жаңашыл және оңтайлы тәсіл деп отыр.

Бүгін өздеріңіз куә болған ота – операциялық араласулардың екінші кезеңі. Пациентімізге бір ай бұрын кіші инвазиялық әдіспен артроскопия жасалды. Сол кезде оның шеміршегінде ақау барын байқадық. Ол ақаудың орнын толтыру қиын дегенмен, адамның қимыл-қозғалысы үшін өте маңызды. Сондықтан Ұлттық биотехнология орталығына науқастан алынған микроматериалды жібердік. 4 аптаның ішінде олар бізге терапия жасау үшін дайын дің жасушаларын өсіріп берді. Бұл шамамен 10 млн жасушаға тең. Мұны біз имплант ретінде қолданып отырмыз, - деп ағынан жарылды Артроскопия және спорттық жарақаттар республикалық орталығының жетекшісі Ерік Раймағамбетов.

Дәрігердің айтуынша, пациенттің қалпына келуі үшін жарты жылдай уақыт керек. Ота жасау арқылы салынған жасушалар іске қосылуы үшін 1,5-2 ай жеткілікті. Сонымен қатар науқас әбден сауыққанша арнайы оңалту бағдарламасынан өтеді.

Деректерге сүйенсек, ел аумағында буын ауруына шалдыққандар саны жыл санап көбейіп келеді. Мәселен, соңғы 5 жылда буындардың жалпы ауруы 100 мың халыққа шаққанда 4223,7-ден 5283,2 адамға дейін өскен. Буын патологиясы жасару үстінде.  19 жасқа дейінгі жастағыларда – 0,1%, 29 жасқа дейін - 0,2%, 39 жасқа дейінгілер арасында – 3,5%-ға жеткен. Ал 50 жастан асқандарда оның үлесі күрт артады.

Дәрігерлер буын ауруларын дер кезінде емдемей, дерт бірнеше жылға жалғасса, мүгедектікке әкелуі мүмкіндігін айтып дабыл қағуда. 

Клиникалық сынаққа барлығы 25 пен 60 жас аралығындағы 80 ерікті қатысады. Олардың арасында буындарында жасына байланысты өзгерістері бар егде жастағылар, сондай-ақ кәсіби жарақат алған жас спортшылар да бар. 

Зерттеу биылғы жылдың соңына дейін жалғасады. 

Мәтіндегі ақпарат туралы